Жаңалықтар

Назарда – аймақ ахуалы

     Кеше аймақ өміріне қатысты маңызды мәселелер облыс әкімдігінің аппарат отырысына өзек болды. Әлеуметтік-экономикалық ахуал, аймақта сары аурудың өршуі, ауыл-кентке берілген дербес бюджет  күн тәртібіне шықты.

«Қарағандыда бәрі –

бір қалыпты»

Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық  дамуы бір қалыпты. Негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Ол өсім былтырғы жылы 104,1 пайызды құраған. Дегенмен, жекелеген қала, аудандарда қайсыбір көрсеткіштер орындалмаған. Жалпы, Қарағанды облысы биыл экономикасын 2,5 пайызға арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев әкімдік отырысында мәлімдеді.

Сонымен қатар, биыл мемлекеттік сатып алуға қатысты 1059 конкурс жоспарланған. Орынбасар мырзаның айтуынша, мұның жартысына  конкурс жарияланған. Сондықтан,  әкімшілеріне конкурсты талапқа сай өткізу жүктелді. Оған қоса, осы аптада тұрған маңызды міндеттер назарға ұсынылды. Оның қатарында, бірінші,   «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысқа бюджеттік өтініш жолдау бар. Екінші, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірлерін дамытудың 2015-2020 жылға кешенді жоспарын жандандыру сынды маңызды мәселелер.

Сары ауру –

қатаң бақылауда

Қарағандыда қазіргі таңда 43 адам «А» гепатитімен ауырғаны туралы дерек тіркелген. Облыстың Қоғамдық денсаулық қорғау департаменті басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 32 науқас емделуде. Теміртауда – 6, Шахтинскіде – 4, Балқашта –1 адам ем алып жатыр. Науқастардың басым бөлігі – оқушылар. Аурудың шығу төркінін мамандар балалардың каникул кезінде өзге облыс, аудандарда, сауда нысандары мен көпшілік ойын орындарына бару арқылы жұқтырғанымен байланыстырады.

Сондай-ақ, бұдан бөлек азық-түлік және су арқылы жұғу жолдары да қарастырылуда. Талдамаға балабақшадан және ауруханалардан көкөніс пен жеміс-жидек те алынған. Оның үшеуінде  гепатит «А» жұқпасы анықталған. Сол себепті мамандар көкөністерді пісіріп жеуді ұсынуда. Ал, пісіруге келмейтін көкөніс-жемістерді ыстық қайнаған сумен шаю аса қажет. Сонымен бірге, қайнаған суды тұтынған абзал.

Алдағы уақытта құзырлы орындар рұқсатымен «Шығыс» базарындағы азық-түлікке де сараптама жасалмақ. Вакцина жасау да маңызды. Басқарма басшысының айтуынша, Алматыдан вакцина келмек. Аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы ауру көрсеткіші төмендемейінше ұдайы бақылауда болатынын қатаң ескертті.

Ауылда бюджет бар,

маман жоқ

Бұған дейін бюджеттің үшемі бар еді. Яғни, бюджет жүйесі 3 деңгейден тұратын. Ал, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ-тын.  Биыл үкімет ұзақ ойланып, толғанып, төртіншісін дүниеге әкелді. Енді тұрғындар саны  2000-нан асатын қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің өз бюджеті бар. 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі  енгізілмек. Қарағанды облысында биыл мұндай бақыт бұйырған ауыл мен кенттің ұзын саны – 47 екен.  Облыстың атқамінерлері аузы аққа жаритын, қамбасына өзі қожа болатын ауылдар мен кенттердегі ахуалды баяндады. Сонымен, 47 елді мекенге биыл бюджеттен  5,8 млрд.теңге қаржы бөлінетін көрінеді.

Бұлардың бүгінгі техникалық жабдықталуы, маманмен қамтылуы да назардан тыс қалмады. Облыстың  қаржы басқармасының мәліметінше, 147 мемлекеттік қызметші мемлекеттік саясатты іске асыратын болады. Оның  47-сі әкім, 89-ы маман. Қарағанды мен Приозерск қаласынан басқа облыстың 16 өңірінде дербес бюджеті  ауылдар мен кенттер бар. Қаржыландырылуына келсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, салықтың 7 түрі арқылы, бюджеттің 19 бағыты бойынша қаржыланады. Барлық елді мекендегі техникалық құрал-жабдықтар мен интернет талапқа сай. Алайда, мамандар толық емес. Мәселен, 5 өңірде мамандарының төрт көзі түгел болса, 11-інде бос орындар бар. Ұзын саны 60 жұмыс орны бос тұр. Айталық, Осакаров ауданына қарасты  бір ғана Молодежный кентіне 10 маман керек десек, оның бұл күні 4-і ғана бар. Мұндай олқылықтар басқа өңірлерде де кездеседі. Сондықтан, аймақ басшысы жеделдетіп шешімін табуды жүктеді.

«Сөзден іске қашан

көшеміз?»

Аппарат отырысында биылғы жоба-жоспарларымен таныстырған облыстың бірқатар басқармалар жұмысын аймақ басшысы сынға алды. Сөзден іске көшуді талап етті. Талдаудан, сараптаудан әрі аспай, нақты бір нәтиже көрсете алмай жүрген басқармалардың алдағы жоспарын қайта толықтыруды талап етті әкім. Сонымен қоса,  тілші қауымнан тұра қашпай, шынайы, ашық, ақпарат беруді тапсырды. Сыннан мін түзелсе, кәне?!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button