Наурыз тойы — тәрбие бастауы

    Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мерекесін қалалық №23 орта мектебі де ежелгі дәстүрінен айнымай, жоғары деңгейде атап өтті. Ұлыстың Ұлы күніне орай сыныптар арасында мерекелік сайыс ұйымдастырылып, ұлттық өнер дәріптелді.

Еліміздің болашағы – өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде алдына жан салмайтын ұстаздар қауымы қазақтың ұлттық киімдерін киіп, өнерлерін ортаға салды. Әсем әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, күмбірлете күй тартты.

Бүл күні мектепке ұлттық киіммен келген оқушылар да бір дастарқан басына жиналып, наурыз көжеден дәм татып, өнер көрсетті.

Мектептің спорт залында қазақтың белгілі тұлғалары, Алаш арыстарының аттарын иеленіп, жеке-жеке ауыл ретінде өнер көрсетіп, бір-бірімен сайысқа түскен бастауыш сынып оқушылары да халықтар достығының, ұлт бірлігінің, қамқорлық пен қайырымдылықтың жарқын көрінісін әйгіледі. Бірлік бар жерде тірлік болатынын №23 мектеп ұжымы осылай насихаттады.

Әдемі дәстүрлер де өз жалғасын тапты. Сынып болып арқан тартысына қатысқан, ауылдарына атын иеленген ақын-жазушылардың шығармашылықтарынан өлең оқыған, көрініс көрсеткен оқушылар Наурыз мерекесін тойлаумен қатар, еліміздің тарихынан да біраз мағлұмат алды.

Сахнаға шыққан Қыдыр ата оқушыларға «жақсы оқыңдар!» деп батасын беріп, мереке бастауыш сынып оқушылары билеген «Қара жорға» биімен аяқталды.

Әзима ҚҰРМАНҚҰЛОВА,

№23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.