Наурыз – мейірім мейрамы
Биыл Ұлыстың Ұлы күнін жаңа үлгідегі «Наурыз шапағаты» тұжырымдамасымен 14-22 наурыз аралығында 9 күн тойлау туралы ұсыныс жасалған-тын. Тоғыз күнге бекітілген тақырыптарға сәйкес, 17 наурыз – Дархандық күні, яғни, қайырымдылық істермен елге пайда тигізу мүмкіндігі. Еріктілер жылымен үндес болмыстағы осы күнге орай, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ғимаратында әнші Рауан АХМЕТОВТІҢ ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты концерт өтті.
Шара мақсаты – миында қатерлі ісік бары анықталған қарқаралылық балақай Олжас Оразбекұлының еміне қаражат жиып, қол ұшын беру, елдігімізді танытып, жылу сыйлау.
Аталған концерт Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ кентінде бастау алған-ды. Елге интернет арқылы бейнеүндеу жарияланғанда, қарқаралылықтардан бастап, бүкіл Арқа жұрты тілеулес пейілмен іске кіріскен еді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл Олжастың «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырылған анасының жанына медеу болды. Еріктілер жылында өмір үшін арпалысқан балаға аз да болса, үміт сыйлады.
Облыстық білім басқармасы 220 мың теңге көлеміндегі қаржыны ел алдында Рауан Ахметовке табыстап, алдағы уақытта да қолдайтындарынжеткізді.Кешті Айтуған Рсалдин мен Айбат Апақов жүргізсе, Айдана Рымтаева, Фархат Мейраш сынды әншілермен қатар, айтыскер ақындар Дидар Қамиев, Мақсат Ақанов, «Шыңдауыл» үрмелі аспаптар тобы, күйші Бекнұр Әбдіжәли, «Қарқаралы» триосы және басқа да өнер майталмандары концерттің шырайын кіргізді.
Экраннан жұрттың Олжасты туған күнімен құттықтап жолдаған бейнежазбасы көрсетілді.
Олжасқа ота жасауға 42 290 430 теңге қажет екен. Қажет соманың жартысынан астамы жиналған. Ал, концерттен түскен 1 млн. 60 мың теңге қаражат Олжастың әже іне сахнада табысталды. Ал, әжесі болса, қаршадай немересі үшін қабырғасы қайысқан Арқа еліне, өнерпаздарға алғысын айтып, көзіне жас алды…
Қаражат жинау әлі де жалғасуда. «Қол ұшын берем» деушілер болса, «@helf_olzas» инстапарақшасына кіріп, қажетті ақпаратты алуына болады.
Қазақтың Рауандай еңселі азаматтары барда тағдыр тәлкегіне душар болған бауырларымыздың өз қайғысымен қараусыз қалмасы анық.
Олжасқа тез сауығып, ағайын-туысы мен достарының арасына оралғай деп, тілек тіледік…
Гүлдана ЖАРКЕЕВА,
Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері.