Басты тақырыпСпорт

Нар жігіттер – боз кілемде


16-17 сәуір күндері Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу сыны өтті. Сегізінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі жарыста «Сарыарқа барысы» анықталды.

Ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында қолға алынған «Қазақстан барысы» жобасы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Еліміздің әр өңірінен жиналған түйе балуандардың басын қосқан дүбірлі доданың тұсауы 2011 жылы кесілген болатын.
Айналдырған сегіз жылдың ішінде бұл бәсеке барша жанкүйерлердің көңілінен шыққан үлкен спорттық шараға айналды. Әуелі аудандық, қалалық деңгейде өткен бәсекелерде оза шапқан өрендер облыста бағын сынайды. Облысқа дейінгі бәсеке де оңай емес. Мұнда төрт аяғын тең басып, жер тарпып тұрған тұлпарлар, сайдың тасындай ірік­телген сайып­қырандар ғана келеді. Бұл жолы да солай болды. Қазақтың күрес өне­рін бүге-шігесіне дейін меңгерген на­ғыз мықтылар бозкілемге шықты. Қарағанды, Теміртау, Қаражал, Жез­қазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларынан және Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандарынан 200 балуан қатысты. 55 келіден бастап, 100 келіден жоғары салмақта белдес­кен балуандар іріктеуде көрермен көңілін көкке жеткізді.
55 келі салмақта қарағандылық Нариман Тұтқұш бірінші орынға ие болды. 60 келі салмақта Нұра ауданынан келген Дінасыл Ысқақ, 66 келіде қарағандылық Еламан Қуанбай және 74 келі салмақта Төлепберген Қайырғали алтыннан алқа тақты. 82 келі салмақта Марлен Жанғабай, 90 келі салмақта Ерқанат Молдағұлов (Бұқар жырау), 100 келі салмақта Шахтинсктің атынан сынға түскен Әуілхан Қайыржанұлы бірінші орын тұғырына көтерілді. 100 келіден жоғары салмақта Ерназар Бенашев қарсылас шыдатпай чемпион атанды.
Бұдан кейін көрермендер 12 түйе балуанның белдесуін тамашалады. Байыптап қарасақ, биылғы бәсекеге жолдама алғандардың тең жартысына жуығы «Сарыарқа барысы» додасына алғаш рет қатысып отырғандар екен. Десек те, талай ұлы дүрмекті көрген, талай дүбірлі додада ысылған кәнігі көкжалдар – Шынкеев, Барменов, Ахметбеков, Мұхаметжанов тұрғанда қатарға күні кеше қосылғандардың бақ жұлдызы жануы екі талай екендігіне де сене алмадық. Бір қызығы жеребе тартқанда мықтылар бір-біріне тап келді.
Алғашқы болып кілемге шыққан Жаңаарқаның жарқын жеңістер сыйлап жүрген білекті балуаны Асыл Барменов Азия чемпионы, Абай ауданының мықтысы Ерсін Мұхаметжановпен күресті. Бұл жолы Ерсін бабында екен. Асылдың жауырынын жер иіскетіп, таза жеңіске жетті. Қарағандылық Ержан Шынкеев те Шет ауданының намысын қорғаған Ақжігіт Ораловтан басым түсті. Бұл – күрес. Қазақ күресі секілді өресі биік өнерде бәрі де болуы мүмкін. Кей кездері денесі алпамсадай, бойы көк тіреген, аяқ-қолы балғадай апайтөстердің тығыршықтай ғана жігіттерден жеңіліп жатқанын көзіміз көрді. Кімнің мықты, кімнің осал екенін боз кілемдегі бәсеке барысында анық байқадық. Бұл бәсекелерді тамашалаған жас ұрпақтың төл өнерімізге деген құштарлығы оянады, боз кілемде белдескен балуандардың шеберлігі шыңдалды. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған облыстағы үш жігіттің шабысы ширақ, мысы басым екенін барша жұрт мойындайды. Бұл жолы да Ержан Шынкеев ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, көздеген мақсатына қол жеткізіп, Қарағандының бас балуаны атанды. Ол финалда абайлық Ерсін Мұхаметжановтан айласын асырды. Үшінші орынға Нұра ауданының балуаны Бекзат Ахметбеков көтерілді.
«Қазақстан барысына» жолдама алған Ержан Шынкеев пен Ерсін Мұхаметжановтың былтырғы жылдың бел ортасынан бері көрсеткен нәтижелеріне көз жүгіртсек, айтулы спортшылардың бабы жаман емес екенін байқаймыз. Қазақтың нар тұлғалы қос жігіті де бас жүлдені олжалау үшін барын салатыны айдан анық. Кімнің асығы алшысынан түсіп, «Қазақстан барысы» атанатынын алдағы белдесулер көрсетеді.
Сәттілік серік болсын!

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button