Нан бағасы — бақылауда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдауға тапсырма бергені белгілі. Осы орайда, көкейде «нанның қадірін білеміз бе?» деген сауал туындайды. Шынымен де, нанның қадірін білгіңіз келсе, Шерхан Мұртазаның «Интернаттың наны» әңгімесін оқысаңыз болғаны. Құдайға шүкір, нанды тоя жеуді армандаған ашқұрсақ бала жоқ қазір. Ақшасы бардың да, жоқтың да дастарханынан табылатын осы тағамның биыл облысымызда ғана емес, ел көлемінде қымбаттауы алаңдаушылық тудырды. Бағаның қымбаттауы – бидай шығымының аздығынан, ал оның салдары нан бағасының өсуіне алып келді.

Бағасы 15-20 пайызға қымбаттаған өзге нан өнімдерін айтпағанда, нанның бір бөлкесі қазір Қарағандыда 95-100 теңгеден сатылып жатыр. Ал, «әлеуметтік нанды» сауда желілерінен 77 теңгеден алуға болады. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік нан үшін ұнның келісін 108 теңгеден сатуға келісім жасапты.

«Басқа өнімдер қымбаттағанымен, әлеуметтік нанның бағасы көтерілмейді. Облыс бойынша дәнді дақылдардан астық жинау көрсеткіші – 10,4 центнер. Бұл жаман көрсеткіш емес» – деді, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Санаубаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Ал, Қазақстанның астық өңдеушілер және нан пісірушілер одағының президенті Евгений Ган ішкі нарықтағы бидай сапасының төмендігін айтады. Сондай-ақ, соңғы жылдары орта есеппен 14 млн. тонна бидай жиналса, биылғы көрсеткіш – 10 млн. тонна шамасында.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі орташа өнімділік гектарына – 10,3 центнерді құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш. Ал, ресми емес дерек көздері «биыл бидай екі есеге аз шықты» дейді.

Өткен жылдары ұнның тоннасы 70 мың теңге болса, қазір қала бойынша ең арзан ұнның бағасы – 110 мың теңге. Бұл – нанның бағасының қатты көтеріліп кетпеуін жіті қадағалап отырған әкімдік тізгінін ұстағандардың тиімді әрекетінің нәтижесі екенін де айту керек.

Тәулігіне 500 тоннаға дейін бидай өңдейтін «Мутлу» ұн тарту комбинатының директоры ДосМұқасан Тәукебаев қазір наубайшыларға сатылып жатқан ұнның бағасы «бидай бағасымен салыстырғанда, әлдеқайда арзан» дейді. Бағаның шарықтап кетпеуін болдырмау мақсатында тоннасы 140-150 мың теңгеге бағаланатын ұн қазір наубайшыларға 110 мың теңгеден саудалануда.

Шығарған ұнының 95 пайызын экспортқа жіберетін «Мутлу» комбинатының директоры Дос-Мұқасан Әріпұлы нанның шынайы бағасы жоғары болса, әділ болар еді дейді. Бұл, шынтуайтына келгенде, пайдасын ғана ойлаған кәсіпкердің емес, нанның қадірін түсінуге шақырған адамның сөзі. «Таяқтың екі ұшы бар тәрізді, бұл жағдайға да екі жақты қарау керек» деген ол «бидай бағасының қымбаттауы – ауыл шаруашылығын өркендетуге ықпал етеді» дейді.

– Бидайын қымбат бағамен өткізген диқандар келесі жылы одан да көбірек ақша табу және астық сапасын арттыру үшін әртүрлі технологиялар пайдаланады, жақсы тұқым сатып алады. Тіпті, техникасын да жаңартуы мүмкін. Ал, ауылдағы кәсіпкердің жағдайы жақсы болса, ол ауылдастарына көмектеседі. Мәдениет үйін салады, жолды жөндейді. Ауылдағы жағдай жақсарса, қалада жұмыссыз жүрген жастар да баруға ынталанады, – дейді Дос-Мұқасан Әріпұлы.

Әрине, нан бағасының 1-2 теңгеге болсын қымбаттауы көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар үшін қиын. Дегенмен, мемлекет тарапынан ешкім де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Нан бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін «Азық-түлік корпорациясы» өз қорынан астықтың сапасына қарай 70-76 мың теңгеден сатып алуда. Бұл қор астық бітуге таянғанда, наубайханаларды белгіленген баға бойынша ұнмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ресми дерек бойынша, ең арзан нан – Солтүстік Қазақстанда. Бұл жердегі әлеуметтік нанның орташа бағасы – 63 теңге. Ал, әр бөлкесі 90 теңгеден бағаланған ең қымбат нан Маңғыстауға тиесілі. Нұр-Сұлтанда – 80, Алматыда – 73 теңге болған «ас атасы» Ақтөбе облысында 77- 78 теңгеге бағалануда. Қызылордада да осы баға екенін айтады ресми мәліметтер. Ал, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарындағы дүкен сөрелеріндегі бір бөлке нанның құны 78-80 теңге аралығында.

«Әлеуметтік нан» деп аталатын бірінші сұрыптағы бидай ұнынан жасалған 550 граммдық нанның республикадағы орташа бағасы бүгінде бір бөлке үшін 76,5 теңге.

Салтанат ІЛИЯШ