Бас тақырыпРухани жаңғыру

Намыстың нары, тұлпардың бабы шапқан тұс

Қарағанды қаласының жаңа атшабар алаңында облыс әкімдігі мен облыстық ат спорты қауымдастығы және облыстық Ұлттық ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен аталған спорт түрлерінен аймақтық байқау өтті. Дода көкпардан Сарыарқа өңірінің 2004-2006 жылғы жасөспірім палуандары арасында және ересектер бақ сынасқан ҚР чемпионатына іріктеу турнирі мен Маусымжабар бәйгесінен тұрды.

Жылқы десе арқасы қозбайтын қазақ жоқ шығар. Баптай келген жүйріктеріңіз сүрінбесін. Өздеріңізді, тақымдаған тұлпарларыңызды сақтаңыздар. Әрқашан келесі бәйге мен көкпарға аман-есен жете беріңіздер, – деп салтанатты шараны ашып берді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

АҚЫЛ МЕН АЙЛА, БІЛЕК ПЕН ЖҮРЕК

Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ең жоғарғы дәрежедегі көкпар командалары бақ сынаған байқау өте жоғары деңгейде өтті. Алғаш болып көкпар алаңына жас палуандар шықты. Екі күнге созылған тартыста Шет ауданынан шыққан «Ақсу-Аюлы» командасы I орынды қанжығалап, 300 мыңдық жүлде қорын жеңіп алды. Жаңаарқа ауданының «Жеке батыр» командасы II орын алып, 150 мың ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал, «Қарқаралы» командасы III орынды қанағат тұтып, 70 мың теңгені еншіледі. Сондай-ақ, ересектер арасындағы облыстың 5 командасы қатысқан үлкен дода да өте тартысты өтті. Барлық командаларды ұтып финалға шыққан Қарағанды қаласының «Бәйтерек» командасы мен Бұқар жырау ауданының «Бабай» құрамасы еді. Ақтық сында үздік шабуылшы және қорғаушылардың арқасында «Бәйтерек» айқын басымдықпен алға шығып, байқаудың бас жүлдесі 1 миллион теңгені иеленді. «Бәйтерекке» есе жіберген «Бабай» командасы екінші орынға таласқа Ақмола облысының «Аршалы» құрамасымен түсті. Бұл сында «Бабай» ерекше тактикамен және құраманың белді палуандарының ептілігі арқасында жеңіске жетіп, II орынның жүлдесі 700 мың теңгені алды. Ал, III орын Аршалы командасына бұйырды. Олар 300 мың теңге көлеміндегі сыйақыны қанжығаға байлады. Сайыс сапындағы көзге түскен осы үш команда ойыны, әсіресе, жекпе-жектері көруге тұрарлықтай тартысты өтті.

– Бұған дейін Қарағанды облысы құрамасында өнер көрсеттік. Қазір осы Қарағанды қаласының «Бәйтерек» командасындамыз. Биыл ҚР чемпионатында II орын алып, жүлдемен оралдық. Астана өңірінен, Бұқар жыраудан, Шет өңірінен, Ақмоладан қатысқан командалар арасында бағымыз жанып, бас жүлдені алдық. Қарсылас команданың қарқыны мықты. Оның ішінде, «Аршалы» командасы ылғи таңдаулы палуандарын әкеліпті. Ойыншылары сақ әрі күшті. Көкпар – оңай ойын емес. Оны өздеріңіз де көрген боларсыздар. Әсіресе, жекпе-жекте палуандар мен аттар көп жарақат алады. Осыған қарамастан, тәуекел етіп, өнер көрсетіп жүрміз. 5-сыныптан бастап ойнап келем көкпарды. Бұл қазақылықты, ерлікті айқындайтын ұлттық спорт түрі болғандықтан, қатты ұнайды. Намысты, рухты оятатын спорт, – дейді «Бәйтерек» командасының ойыншысы, жаңаарқалық Рамазан Шалғынбаев.

Иә, палуан сөзінің жаны бар. Білек пен айла – ақылдың тоғысқан тұсы ғой көкпар.

ЖЕР АПШЫСЫН ҚУЫРҒАН ЖЕЛДЕН ЖҮЙРІК КҮЛІКТЕР

Сонымен, көкпардың марапаттауы қорытындыланып, әне-міне дегенше мәреден 12 құнанның тұяғы шаң көтерді. 12 шақырым 5 айналымға кеткен құнандардың қарқыны қызыл асық үлкен аттардан кем емес. 3-ші айналым аяқталып, 4-ке өткенде алаң сыртындағы жанкүйер жұрттың қиқуы құнандарды одан сайын арқаландыра түскендей. Соңғы айналымда мәре сызығын бірінші кесіп өткен Қарағанды облысы Қызылжар ауылының «Қаражал» атты құнаны болды. Жануардың иесі Бекзат Әйнекбаевтың қуанышында шек жоқ. Мәреден атына тұра жаяу қосылып тізгінінен ұстап, танаулаға тұлпарды алаң сыртына желдіртуге жетелей жөнелді. Әрине, бас жүлде автокөлікті сөзсіз ұтты. Қуанбасқа бола ма?! Екінші келген – Өспен ауылының «Ербота» атты құнаны. Иесі Ернияз Мұратқа 200 мың теңге ақша табысталды. Үшінші орынға ілігіп 180 мың қанжығалаған Айса ауылынан Мақсат Төкеновтың «Астана» атты құнаны. «Алаңда кезекті Аламан бәйге басталады» деген жаршының сөзі естілісімен, мәреге қаз-қатар тізілген 21 арғымақ ауыздықпен алысып, шабандоздарға ырық берер емес. Еріндерін жымқырып, көзілдірікті баса киген өңшең әккі шабандоздар бірін-бірі аңдып тұр. Төреші қолы түсіп, «Жібер» деген сыңай танытқаннан-ақ, ырғи жөнелді аттар. Мәренің маңайы бұрқылдай бұлтқа айналды. «Шу» дегеннен кер төбел алаяқ ат алда кетті. Бұл топта атақты Мамайқара шауып барады. Жұрт іштен тынып тұр. Көптің көзі атышулы тұлпарда. 25 шақырымға шапқан аттар 10 айналым жасауы керек. Бабы келмей, бір қамау тері кемдеу алынған ат тар шығып та қалып жатты. Әрине жарыс болған соң, өкініш те қуаныш та қатар жүруі шарт. Сонымен, 8-ші айналым да өтті. Сыптай болып пісіп, қатып қалған күліктерді бақылап тұрсаңыз өздері айналып жүргендей көрінеді алаңды. 9-шы айналымның жартысына келгенде 19-20 аттың түйіні тарқап үзіле берді. Топ-топқа жіктеліп, әр жерден қараңдайды. 10-шы айналымға асыққан аттардың алдында бағанағы кер алаяқ ат. Аяқ алысын-ай, жануардың. Құлашын кере тастап, танауын домна пештің мұржасындай делдитіп, буы бұрқырап келеді. Жеке дара, қос құлақты біресе алға, біресе артқа салып, тың тыңдап ұмтылады. «Бәрекелді! Өтті мәреден жеке болып. 27 нөмірлі арғымақ» деген сөз бірнеше рет қайталанды. Шараны осылайша тізгіндеп отырған Арқаның азулы ақыны Руслан Нұрбай жиылған жұртқа рух беруден шаршар емес…

Бұл келген Айса ауылының «Мәскеу» атты тұлпары еді. Иесі – Мақсат Төкенов. Автокөлік бұйырғанына емес, аттың қарқыны мен енді бір айналым шауып берер күшінің барлығы қуантқандай иесін. Омырауынан қаға беріп «жануар жарадың!» деп жатыр тұлпарына. Қайран қара нар қазағымның жігіттері-ай! Жүлденің желігі емес, тұлпардың шабысына арқаланасың-ау. Мұнан соң көп ұзамай қарағандылық Дулат Баешевтің тұлпары екінші өтті мәреден. Оған 400 мың теңге ақшалай сый берілді. Ал, III орын алған Қадір Шабанбаевқа 300 мың теңге табысталды. Бұл жолы бәйгенің басы қос автокөлік те өңір төңірегінде қалды. Атбегілердің тынымсыз еңбегі һәм сәйгүліктердің бағы мен бабына орай.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button