Нақты мақсат — серпінді даму

Мемлекеттің саяси-экономикалық дамуының қарқыны, күш-қуаты мен халықаралық беделі мемлекетте өмір сүретін халықтың әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалының, өмір сүру жайлылығының сапасымен өлшеніп, бағаланады. Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы, оның сапасы мемлекеттің қуаттылығы мен өміршеңдігінің басты көрсеткіші болып табылады.

Тәуелсіздік алғаннан бері 27 жылдың ішінде еліміздің экономикасы мен халықаралық саяси беделі Елбасының елді жаңғырту жөніндегі жасаған қажетті бағдарламалық бастамаларының нәтижесінде қарқынды дамып, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының әр жыл өткен сайын жаңарып-жаңғырып еселеп артуы жұртшылық санасына елдің жарқын болашағына деген қалтқысыз сенім ұялатады.

Мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсатын айқындап берген «Қазақстан — 2050» бағдарламасын жүзеге асырудың кезеңдік жоспары Ұлт Көшбасшысының әр жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын онан әрі жақсарта түсуге баса назар аударылып, аса маңызды іс-шаралар атқарылуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әр тұрғынының көкейінде жүрген әлеуметтік көкейкесті мәселелерді дөп басып, күрмеуін шешіп берген заманауи саяси-экономикалық, әлеуметтік маңызға ие мемлекеттік құжат болғаны туралы әлемнің әйгілі саясаткерлері келісті пікірлер айтып, саяси құндылығын жоғары бағалауда.

Жолдауда Президент жаһандық саясиэкономикалық сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі екенін айта келіп, осы мәселеге орай үкіметтің, әрбір мемлекеттік органның, мемлекеттік компаниялар басшыларының жұмыс тәсілдерінде қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басымдыққа айналуға тиіс екенін, яғни, халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін жұмыс істеуі керек екенін, өзінің лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтынын мәлімдеді.

Әр азаматтың әл-ауқаты оның тапқан табысына байланысты. Ел экономикасының қарқынды дамуы барлық өңірлерде табыстың тұрақты өсуіне, тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етуде.

Президент Жолдауының мән-мағынасы мен саяси, экономикалық-әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттау, түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Жаңаарқа аудандық филиалы мен Жаңаарқа аудандық мәслихаты аудан әкімдігімен бірлесе отырып, аудан көлеміндегі барлық мекемелер ұжымдарымен, аудан орталығындағы және ауылдық округтер тұрғындарымен кездесу іс-шараларын жүргізді. Тұрғындардың тұрмыстық-әлеуметтік өтініштерін есепке алып, талап-тілектерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті іс-қимыл шаралары белгіленіп, олар дер кезінде, уақыт оздырмай орындалуда.

Атап айтқанда, Ақтайлақ ауылы ауызсумен қамтамасыз етіліп, ұзындығы 30 шақырымды құрайтын «Қызылжар-Шұбаркөл», ұзындығы 25 шақырымдық «Атасу-Сәкен ауылы» және «Атасу-Көктал» бағытындағы тасжолдар жөнделіп, асфальт төселді. «Атасу-Қаражал» тасжолын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, қазіргі уақытта оның 21 шақырымы тасжолға айналдырылды. Аудан орталығы Атасу кентіндегі «Мәңгілік Ел» аллеясын салу жұмысы тиянақталып, С.Сейфуллин көшесі асфальтталды. Дружба көшесінің бойы сәнді шарбақтармен көркейтілді. Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің оқу ғимараты шарбақпен қоршалып, төңірегіне асфальт төселді. Жамбыл көшесінің бойындағы электр желісі мен трансформаторы жаңартылды.

Атасу кентіндегі «Жаңа Нұр» ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 16 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 32 отбасы баспаналы болды. Аудан орталығы мен қоршаған ортаның санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру мақсатында «Тазалық айлығы» өткізіліп, әр көше, әр үйдің айналасы, жолдары мен Сарысу өзенінің алқабы күл-қоқыстан тазартылды. Атқарылған игі шараларға белсене қатысқан «Жаңаарқа-2006» ЖШС (басшысы – А.Беков) пен кәсіпкер Сәкен Базарбековке алғысымыз шексіз.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша қайта даярлау курстарына биылғы жылы 100 адамға есепші, тігінші, шаштараз, дәнекерлеуші, аспаз, сүт өнімдерін өңдеу мамандықтарын меңгеруге жолдама берілді. 70 адам оқуларын аяқтап, сертификаттарын қолдарына алды. Оқуларын аяқтаған азаматтар тұрақты жұмысқа орналасты.

Аудан тұрғындарын кәсіппен және жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 176 талапкер жолдама алып, оның ішінде 81 адам 365 100 000 теңге несие алды. Аудан орталығында 1 тоқыма цехы, 1 дәмхана, 1 дүкен ашылды.

Елбасы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын онан әрі жақсарту үшін нақтыланған шараларды жүзеге асыру мақсатында аудан бойынша атқарылатын игілікті істер одан әрі нәтижелі де тиянақты жалғасын тауып, елдің әл-ауқатын көтеруге қызмет ете бермек.

Ғазым ЖАРЫЛҒАПҰЛЫ,

«Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.