Руханият

Нұрлан болыс

Қандай ел болмасын, өткенін құрметтеп, бүгінін бағалай алмаса, ертеңгі болашағына сенімді қадам баса алмайды. Біздің халқымыз сан ғасырлардан бергі терең тарихында талай қиынқыстау кезеңдерді, аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Елдің тағдыры таразыға түскен аласапыран уақыттарға тап келді. Әсіресе, кешегі Кеңес дәуірінде қазақ халқының төл тарихы тұмшаланып, шындық бүркемеленді. Хан деген сөзден қашатын, Би-болыс деген сөзден безетін, Сұлтан деген сөзден сезіктенетін жағдайға жеттік.

Елім деп еңіреген небір қайраткер бабаларымызға тарих сахнасының, ең болмаса босағасынан да орын тиген жоқ. Дара тұлғалар шетінен сұмпайы, сұрқия, алаяқ, арамза етіп көрсетілді. Соның салдарынан түп-тамыры тарихтың тылсым тереңдеріне кететін байтақ даланы жайлаған ежелгі елдің көсемдерінен көз жазып қалдық десе де болады. Осылайша, Кеңестік идеологияның кесапатты құшағы бізді ұлттық рухтан, отаншылдық сезімнен айырды. Ең бастысы – ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық пен ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасы қопарылды. Бодандық кезең әкелген негізгі трагедиямыз да осы болды.

Кеңестік жүйе келместің кемесіне мініп кеткеннен кейін ғана кешегі тыйым салынған тұлғалар халқына қайта оралып, қауыша бастады.

Солардың қатарында қара қылды қақ жарған әйгілі би, атақты болыс Нұрлан бабамыздың есімін зор құрметпен, шынайы мақтанышпен атаймыз. Өйткені, ол қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ұлағатты үнімен, шешен тілімен, данагөй ақылымен қомақты үлес қосқан біртуар бабаларымыздың бірі. «Атадан бала тумай ма, ата жолын қумай ма» дегендей, Нұрлан Қияшұлы ата жолын қуып, еліне елеулі азамат болып, өзінің барлық саналы өмірін халқының қамы үшін жұмсаған ірі тарихи тұлғалардың бірегейі.

Өкінішке орай, кәсіби тарихшылардың тарапынан Нұрлан болыстың тарихтағы орны, қызметі, артында қалдырған рухани мұрасының бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы жайлы жазылған ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Нұрлан болыс нақтылы қай уақытта өмір сүрді? Оның ортасы қандай еді? Болыс атанып, халық құрметіне бөленуінің себебі неде? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітіп, сауалдарға жауап берелік.

***

Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты және тағы басқа ірі тұлғаларды ұлттық көлемдегі Алаш қайраткерлері десек, олардың ел ішінде сенім артып, арқа сүйеген адамдарын Алаштың жергілікті жерлердегі қайраткерлері деуге болады. Сондай қайраткерлердің біріне Әлихан Бөкейхановтың өзі сыйлап, құрмет тұтқан, ардақтаған Нұрлан болыс Қияшұлы жатады. Смахан Бөкейхан «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінде («Жұлдыз» журналы, 1996, №3, 102-125-беттер) ол жайлы былай деп жазады: «Әлекеңнің жолдастары… Қуандықта Нұрлан Қияш баласы, Жәңгір Бекәліұлы Қоңырқұлжа немересі, көнсадықты Хұдайменде шөбересі, Ақмола қазақтары».

Бір ғасырдай уақыт артта қалса да, есімін ел ұмытпаған, өткір сөздері мен атқарған игі істері келер дәуірге қадам жасаған, жасай беретін Нұрлан болыс – баянды, бақытты тұлға.

Шежіре бойынша ол АрғынҚуандық тайпасына жататын АлтайҚареке руынан. Алтайдан – Мойын, одан – Сарша. Саршадан – Қареке, одан – Ақбура. Ақбурадан алтау: Арзықұл (Әзберлі), Жанықұл, Меңдіқұл, Құдайқұл, Бердіқұл (Бабас), Аманқұл (Аманша). Ақбураның екінші баласы Жанықұлдан бесеу: Аманжол, Аманбай, Боранбай, Жантай, Бертай. Аманжолдан да бес ұл: Мәмбет, Үрпек, Алакөз, Кәдірбай (Қыдырбай), Күшікбай.

Мәмбеттің бәйбішесінен – Нұрлан болыстың атасы – Саңырық (Көпжасар). Б.Қарабековтың «Бесігін қызыр тербеген» деген мақаласында («Жұлдыз» журналы, 2004, №9, 142148 беттер) Саңырық Мәмбетұлы туралы мәліметтер бар.

«Тұлпарға алтын таға тағылады,

Көңілден шіркін өлең ағылады.

Соқырды, Тентегіңмен ен жайлаған,

Саңырық Сарыарқаның саңылағы», – деп тұстасы Тұрабек ақын жырға қосқан Саңырық бай да мыңды айдағанымен қоса қалың елге қадірі бар адам болған ғой. Болмаса елінің бай-бағыланы бас қосқан жиында аты аталар ма еді? Ақынның айтып отырған Соқыр мен Тентегі Қарағанды іргесіндегі қос өзен. Осы жалғыз шумақта Саңырықтың болмыс-бітімі, абырой-беделі бар. Елінің сөзін ұстап, алқалы жиында әлеуметті аузына қаратар арқалы ақын екінің бірін «Сарыарқаның саңлағына» қалай теңесін? Айтуға тұрарлық болған соң айтылған сөз, көңіл түкпірінен шыққан көрікті теңеу шығар бұл.

Әйгілі шежіреші, көрнекті ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты кітабында (Алматы: Жалын, 1993, 76 бет) көрсетілгендей: «Саңырықтың бәйбішесі Асан Тастемірқызы (шын аты Ұлбала) он ұл туған. Тоқалының аты Айымжан. Бұл үш ұл туған, бәрі де өсіп-өнген». Саңырықтың бәйбішесінен туған он ұлдың бірі – қалың қазақтан оза шығып, ел ішіндегі түрлі мәселелерді ұрпақтарымен бірлесе шешіп отырған Қияш би. Ол билік басында болуымен де, қазақ-орыс қатынасының шиеленіскен жылдары қауіп-қатерге қарамастан ел игілігі үшін әртүрлі қызмет жасағандығымен де көптің назарынан түспеген, артында сөзі қалған, өз заманының алдыңғы лектегі қайраткері болған тұлға.

Ел аузындағы әңгімелерге құлақ түрсек, Қияш бидің сөздерінде ынтымақ, бірлік, татулық мәселелері мейлінше алдыңғы орынға ие болған. Қияш Саңырықұлы өзінен ақыл сұрай келгендерге: «Дүние бұлдырап тұрған сағым. Оның түбіне жеткен пенде жоқ, қайта пенденің түбіне дүние жетіп жүр. Сондықтан, дүниеге қызықпаңдар, дүниені қумаңдар», дейді екен.

Қазақ даласында билер институтының қалыптасу жолдарына байланысты зерттеушілердің пікіріне жүгінсек, билердің көпшілігі Құдайдың берген дарыны арқасында би болған. Қияш та біріншіден, Құдайдың берген қабілеті мен екіншіден, текті жерден шыққандықтан айтулы би болған.

Қияштан үш ұл туған: Нұрлан, Сәдуақас, Жырық (Түсіп). Осы үшеуінің ішінде жалпы қазақ сахарасына аты шыққан тұлға – ол Нұрлан болыс. Текті әулеттен шыққан ол олқы болсын ба?! Заманында аузымен құс тістепті. Ұшқыр ойы, уәжді де қисынды сөзімен таңырқатыпты. Өле-өлгенше болыстықтан түспепті. Ояз өз алдына, губернатор алдында да айтар сөзінен жаңылыспапты.

***

Нұрлан Қияшев – жастайынан ел іргесін аман сақтап, «алып кетті, шауып кеттіні» азайту үшін үлкен еңбек сіңіріп, ел азаматына тән қызмет істеген. Рулар мен ру арасындағы, ағайын арасындағы әртүрлі дау-дамайды, үлкенді-кішілі кикілжің жанжалдардың дұрыс шешімін тауып, әділдік айтуға тырысқан. Әділдігімен, алғырлығымен жұртшылық назарына ілінген Нұрлан Қияшұлы 1893 жылы 40 жасқа толмай болыс атағына ие болады. Осыдан бастап «Нұрлан болыс» атанған дәуірі басталады.

Нұрланның Шерубай-Нұра болысын 1893 жылдан 1919 жылға дейін (қайтыс болған жылы) басқарғаны жазушы-өлкетанушы Ю.Поповтың «Қареке-Алтай (ШерубайНұра) болысының билері» деген мақаласында («Орталық Қазақстан», 6 шілде 2017 жыл, 6-шы бет) баяндалған.

Нұрлан болыс дүниеге келген ХІХ ғасырдың ортасы Ресейдің қазақ елін жаулап алуды толығымен аяқтап, отарлаудың қамытын халықтың мойнына мықтап кигізіп, оны заң жүзінде бекітіп жатқан кезі болатын. Бала Нұрланның жас кезінде үлкендерден естігені Сарыарқа жеріндегі жергілікті қазақтардың орыс отаршылдығына қарсы қозғалысы туралы әңгімелер болды.

ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары патша үкіметі Қазақстанды отарлаудың жаңа сатысына көшеді. Осы жылдардан бастап рухани отарлау саясаты белең ала бастайды. Оның нақты бір көрінісі қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясатының жүргізілуі еді. Соның нәтижесінде қазақ халқы ғасырлар бойы пайдаланып келген небір құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып, шөлді, құмды жерлерге көшуге мәжбүр болады.

Мұндай қайғылы кезеңді Нұрлан болыс туыстарымен бірге өз басынан да өткереді. Міне, осындай елдің ауыр жағдайын көріп өскен Нұрлан Қияшұлы жер бөлісуде, ел ішіндегі әртүрлі дау-дамайларға әділін айтып, турасын сөйлеп халықтың басындағы ауыр азапты азайтуға тырысады. Өзінің шешендігімен, ұтып сөйлейтін қасиетімен айналасындағы елге танымал болады. Ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта дауларын шамасы келгенше әділдікпен шешіп отырған Нұрланды халқы қатты сыйлайды.

Қатарынан бірнеше рет ШерубайНұра болыстығының төрағалығына сайлауға түсіп, жеңіп шығуы Нұрланның әрі би, әрі шешен ретіндегі қасиетін ашады. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, Нұрлан болыс араласқан шешуі қиын дау-дамай, түйінді мәселелер әділ, тура шешіліп отырған екен. Ел ішінде «Нұрлан айтыпты» деген небір шешендік сөздер осы кезеңдерде кең тарала бастайды. Оның асыл сөздерімен бірге есімі де бірте-бірте уездің шекарасынан асып, бүкіл орталық Қазақстан аумағына тарала бастайды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, сол кезеңде Арғын-Қуандық тайпасы туралы әңгіме болса, «Нұрланның жұрты, елі» деген тіркестер қатар айтылады екен.

Жалпы қазақта болыс мөрін иеленген, би атанған тұлғалар көп болған. Олардың көпшілігінің елге жасаған қызметінен гөрі өзінің қарны мен қалтасының қамы үшін жұмыс істегені жасырын емес. Ал солардың ішінде болыстық билікті елі үшін, халқы үшін пайдаланып, адал қызмет жасаған тұлғалар жетерліктей. Олардың айтқан өнегелі сөздері, жасаған игі істері халық жадында сақталып қалған. Кешегі Кеңестік дәуірде олардың есімдері ресми айтылмай, тарихқа енбесе де, елдің есінен кетпеген.

ХХ ғасырдағы кеңестік кезеңнің қыспағы Нұрлан болыс сияқты тұлғаларды қанша жерден бүркемелесе де, ел ішіндегі ақсақалдар мен көнекөз қариялар «Нұрлан болыс былай деген екен», «Нұрлан болыстың айтқан сөзі мынау еді», «Нұрлан болыс пәленшенің сұрағына былай деп жауап беріпті» деген әңгімелерді жиі айтып, сөз ұғынар жас ұрпаққа болыстың шешендік өнерін насихаттап отырады.

Шерубай-Нұра болысын 20 жылдай басқарған уақытында Нұрланның алыс-жақынға, жетім-жесірге жасаған қамқорлығы ұшан-теңіз мол болыпты. «Жақынды жаралама, алысты қаралама» деген терең мағыналы билік сөзінің өзі неге тұрады?! Бірлікке, бауырластыққа жетелейтін ұлағатты тұжырым.

Бірақ, небір шаршы топтарда дүйім жұртты аузына қаратқан, талай дау-жанжалдың түйінін өзінің тапқырлығымен, шешендігімен шешкен оның төрелік, нақыл сөздері бүгінгі дәуірге тұтастай жетпеген. Кейбіреулері ғана ел аузында сақталып қалған.

Бірде Нұрлан болыс ел аралап дау-дамаймен жүріп бір үйде қонып жатқанда, үй иесі «дауыңды шештіріп берем», – деп біреуден өгіз алады. Мұны сезіп қалған Нұрлан, түнде ұйықтап жатқанда үй иесін қолымен ұрып қалады. Қапелімде шошып оянған үй иесіне Нұрлан: «Өмір бойы аузыма арам салған жоқ едім, аузыма арам тышқан жорғалап келе жатыр екен, соны ұрам деп, байқамай сені ұрып қалғаным» – дейді.

Үй иесі ұялғанынан ертеңінде өгізін иесіне қайтып береді.

Бір үлкен жиында Нұрланға мынадай сұрақ қойылыпты: «Бай мал асырап күн көреді, молда дін уағыздап табыс табады, ұста көрік басып көнелтеді. Ал осы би-болыстар ше? «Олар тілмен мал табады» дейді. Бұл харам емес пе?»

Нұрлан Қияшұлы жауапты былай беріпті: «Айтуыңыз рас. Мен жастайымнан өз қара басымның қамы емес, ел қамын көбірек ойладым. Сол үшін атқа міндім, болыстыққа араластым. Абыройсыз болғаным жоқ. Қазақта ұлы сөз бар: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Дүйім жұрттың алдына шығып, әділ сөз айтып, халықты иландыру, қара қылды қақ жарғандай қазылық ету – ол ең қымбатты затың – арыңды шүберекке түю деген сөз. Олай болса, бұдан артық ауыр еңбек болар ма, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы! Бұл – бір. Екіншіден, шариғатқа жүгінсек, тіс арасына кірген тамақтың қалдығын бірдеңемен шұқып алсаң харам, ал тіліңмен үйіріп алсаң, адал демей ме?» – деген екен.

Нұрлан болыс жайлы атадан балаға мирас болып қалған көптеген әңгімелердің арқауына айналған деректерді бүгінгі ұрпақтары алтыннан қымбат қазынадай сақтап отыр.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақиық ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында Нұрлан Қияшұлының бірнеше рет аты аталып, әңгімеге арқау болады. Оның 1916 жылғы көтеріліс туралы баяндаған тұсында: «Біздің елмен жапсар ағайын Қареке деген екі болыс ел. Солар Қияштың Нұрланын халыққа белгілепті. Нұрлан көп жыл болыс болған кісі. Ел адамдары соны лайықтапты», – деп жазады.

Осының өзінен Нұрлан болыстың тегін қазақ болмағанын, сол заманда топ жарған тұлға екенін көресің.

***

Егемендікке қол жеткізгелі халық жоғын іздеп, сынығын бүтіндеуге кірісті. Ұлттық сананың жаңғыруы басталды. Өткенге үңіліп, тарихты зерделеудің мақсаты замандар салған ауыртпалықтарынан арылу һәм өскелең көшін ата-баба жолына қайта бағыттау болып табылады. Зерделі ұрпақ өткенін іздейді, аруақтарын құрметтеп қастерлейді.

Мәселен, алмағайып замандардың қабырғалы қайраткерлерін (Саңырық би, Қияш би, Нұрлан болыс) қадірлеу мен қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың ең басты парыздарының бірі. Нұрлан болыстың кіндік қаны тамған, туып-өскен өңірі, ұрпақтарының негізгі атамекені – қазіргі Қарағанды облысы, Абай ауданы, Көксу ауылынан 25-30 шақырым қашықтықтағы ағатын Майбұрнақ өзенінің (ел аузында «Қияштың қарасуы» деп аталған) жағалауы жағындағы жерлер. 1919 жылы қайтыс болған Нұрлан болыстың мәңгілікке жамбасы тиген орны да, бейіті де сол ата-қонысында.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда Нұрлан Қияшұлының зираты жойылудың аз-ақ алдында тұрғаны белгілі. Сондықтан да, Нұрлан болысқа, оның әкесі Қияш биге және бабасы Саңырыққа арналған, осы бабалардың биік рухына сай көрікті де қайталанбас кесене тұрғызу, еңсесі биік ескерткіш белгі орнату жайындағы сөздер елдің арасында жиілеп кетті. Келешекте Майбұрнақ өзенінің жағасында орнығатын ескерткіш-кесене құрылысының жобалық-сметалық құнын тезірек анықтау керек. Кесене құрылысын бір-екі жылда бастап, аяқтау көзделгені жөн сияқты.

Бір таң қаларлығы, Қияш бидің, Нұрлан болыстың кесенелері осы күнге дейін мемлекет тарапынан қорғауға алынған тарихи ескерткіш деңгейінде тіркелмепті. Менің ойымша, бұл қорым жеке кесене ғана емес, өлке тарихы үшін айрықша маңызға ие кешен (комплекс) ретінде жоғалмауға тиіс объект.

Бұған қоса айтайын дегеніміз, біз кезінде үш жүздің балалары Арқа жұртына ат арытып келіп, тамсанып қайтқан Соқыр мен Тентек өзендерінің бойында өткізілген Нұрлан болыстың Асы жөнінде ұмытып бара жатқан сынайлымыз. Дегенмен, Сарыарқа еліне осы Ас үлгі-өнеге болғаны сөзсіз.

Қареке руының Тоқбура, Ақбура, Байбура тармақтарының балалары ұйымдастырған Астың оң өтуіне Саңырық бидің ұрпақтары көп үлес қосқан. Және де Нұрлан болыстың тікелей ұрпағы Бименде әкесіне берілген ұлан-асыр Асты ұйымдастырушының бірі болған.

Тек үш жүздің баласы ғана емес, алты Алашқа түгел сауын айтылған осы Астағы аста-төк молшылықты жұрт әлі күнге тамсанып еске алады. Одан ел аузында әлдебір аса мол нәрсе: «Мынау Нұрланның асындай ғой» дейтін мәтел қалды.

***

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Нұрлан болыстың жалғыз ұлы Бименде өжет те қайратты болып өскен. Ол кісіге сөзін өткізе алатын өткір де жылдам адам болған. 18-20 жасында-ақ қалың Қарекеге Бименде атанған. Әкесі Нұрланға үш жүзге сауын айтып Ас берген. Қазақтағы ең соңғы ұлан-асыр Ас Қияштың Нұрланының Асы деген әңгіме ел аузында содан қалған. Бименде Нұрланұлы жастайынан жұртының құрметінде, барлықта өскен.

Құжаттарға қарап отырсақ, 1929 жылдан Қазақстанда саяси қуғынсүргін басталған. Ең бірінші кезекте қуғын-сүргінге ұшырағандар – тәркілеуге іліккен байлар болған. Кеңес үкіметі бұларды бекер жойған жоқ. НКВД олардың тектілігінен қорыққан. Күндердің күнінде ол адамдар тұтас ұлттың санасын қалыптастырып отырған азаматтар, сондықтан да олар Кеңес үкіметіне қауіп төндіреді деп есептелген. Өз заманында сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болған Нұрланның Бимендесі осы Голощекиннің қырғын дәуірінде қуғын-сүргінге іліккендердің алдыңғы қатарында болған. Белсенділер оның мал-мүлкін, жерін тартып алып, түрмеге жапқан.

Бименденің қызы Елизавета Қияшева әкесінің соңғы жылдарын «Бесігін қызыр тербеген» атты жинақтың 95-98 беттерінде былайша сипаттаған: «Кеңес үкіметі бай, болыстың жалғыз ұлын қалай тыныш қойсын, әкем қудалаудың неше атасын көрді. Мен анамнан бір жарым жасымда қалыппын. Шешем Қаракесекте атақты Адамбай, Тұрсын деген оқыған, текті жердің қызы болған. Әкемді бай тұқымы деп 1932 жылы ұстайды. Әбден үкімі шыққанша түрмеде мен қасында болдым. 1934 жылы Қарағандының тас моншасының қасындағы клубта әкем Бименденің соты болды. Омар деген түрмеде бірге отырған ұры «Қияшев Совет үкіметі жақында құлайды деп айтты» – деп сотқа түсінік берді. Әкеме ату жазасы бұйырды. Солдаттар әкемді ауыр қылмыскерлерді қамайтын көк түрмеге қарай айдады. Осы жерде әкем маған: «Енді болмайды қарғам Лиза, ақылдысың ғой, мені ата қоймас» – деп маңдайымнан иіскеп сыртта қалдырды. Күнде түрме қасына барам. Әкеммен кездесе алмадым. Одан әкемді Қызылжар түрмесіне ауыстырды. Мен Сәдуақастың Жанайдарының үйінде жүрдім, ол кісілер маған жақсы қарады. Жәкемнің өзі де қашқылықты-қуғылықты болып дегендей түрменің дәмін татып келді.

Содан 2-3 жыл өткенде әкем 10 жылға Ресейге жер ауды. Сот өкімі бойынша Қазақстанда қалуға рұқсат болмады. Содан әкем Тюмень, Омбы облыстарында, Есіл көлде жер аударылып, айдауда жүрді. Қырқыншы жылы әкемді іздеп барып қайттым. Бұл ол кісіні соңғы көруім екен. Әкем айдауда жүріп, үш қызы бар менің өгей шешеме үйленген…

Содан Ұлы Отан соғысы басталды. Тұрымтай тұсына тартқан заман болды. Әкем әскери комиссариатқа хат жазып майданға сұраныпты. Ондағысы аман-сау қайтсам, елге жіберер деген далбаса үміті болса керек. Алғашқыда еңбек армиясында Омбы маңында болып кейін алғы шепке барады. Смоленский полкының құрамында болғанын кейін білдік. 1943 жылы өгей шешем әкемнің «қаралы қағазын» алып, мені шақырып көрісті…».

Кешегі Кеңестік кезеңде ұлт мақтаныштарының атын атап айтудың өзі айып саналғанын білеміз. Осындай кереғарлықтың кесірінен ділмар би-болыстардың есіл еңбектері 70 жыл бойғы тұтас тарихтың қалтарысында қалып қойды. Ұлан-байтақ жерді көзінің қарашығындай қорғап, елінің азаттығын аңсаған алты Алашқа әйгілі арыстарымызды егемендікке қол жеткізген кезде ғана ақтай алдық. Ал, Тәуелсіздіктің туы тұғырлана түскен сайын олардың да тау тұлғасы биіктеп, рухани болмысбітімімізбен бірге біте қайнары хақ.

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, академик,

ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button