Нұрбол КҮНЕДІЛОВ: «Сана соққысына төтеп бере алмады…»

    Тәуелсіздіктің 25 жылдығы «Орталық» бетінен түскен емес. Мәртебелі мерекеге орай өткен іс-шаралар, арнаулы мақалалар легі мен тұлғалар пікірі үздіксіз жарияланып келеді. Тақырыпты ашу мақсатында біз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің куәгері дегенді естіп, №86 мектеп директоры Нұрбол КҮНЕДІЛОВПЕН сұхбаттасқан едік. Тәуелсіздікті ту етіп, алғаш алаңға шығушы осы желтоқсандықтар еді ғой?..

Нұрбол аға, 1986 жылғы желтоқсандағы саяси жағдай оқиға ма, әлде, көтеріліс пе? Оның куәгері немесе қатысушысы ретінде сіз қандай пікірдесіз?

Өз басым көтеріліс деп бағалар едім. Өйткені, көтеріліс жасау үшін қолға қару алып, майдан ашу шарт емес шығар. Мылтықсыз майдан деген бар ғой. Сол кезде біз құралпы, бізден жасы үлкен жастардың сауатты һәм саналы түрде ашық алаңға шыққаны анық қой. Он бес одақтас елдер ішінде жалғыз Қазақстан жастарының саналы түрде көтеріліп кеткенін тарихтан ешкім сызып тастай алмайды. Көтеріліс болмаса ашық шеруге шыққан жастарға әскерилер неге күш қолданып, қару ала жүгірді? Себебі, қазақ жастарының саналы әрекеті қару алып көтерілгеннен де қауіпті болды деп ойлаймын. Олардың саналы соққысына сол кездегі жүйе саналы жауап қайтара алмады. Төтеп бере алмағандықтан, күш қолдануға мәжбүр болды.

Қарағандыда толқу қалай басталды?

Біз Алматыдағы жағдайды кеш естідік. Желтоқсанның 19-ы күні бір-ақ құлағдар болдық. Мен ол кезде Қарағанды мемлекеттік университеті физика факультетінің І курс студентімін. Комсомол студенттер кеңесінің белсендісімін. Мәдени іс-шаралардың басы-қасында ұйымдастырушы ретінде жүретінмін. Алматыдағы көтеріліс 19-ы күні телеграммамен жетті ме, әлде, біреуден біреу естіді ме, ол жағын білмеймін. Әйтеуір, жатақханада жүріп білдік. Сол күні жатақханадағы студенттер ақылдаса келе, келесі күні бейбіт шеруге обкомның алдына (қазіргі қалалық әкімдік), «Бейбітшілік гүлзарына» шығатын болдық. Арамыздағы серкеміз Азамат деген жігіт (ұмытпасам, сойы Есентай болуы керек). Бірақ, біз, физика факультеті студенттерінің бәрі шықпаймыз деп шештік. Біраз бөлігіміз қалғанымызды жоқтатпас үшін таңертең сабаққа барып, түстен кейін алаңдағыларға қосылатын болып келістік.

Сонда, бейбіт шеруге шығуға жастардың көбі бейілді болды ма?

Иә, солай. Басым көпшілігі мен сияқты ауылдан келген жастар. Ол кезде наразылық тек Қазақстанға жаңа басшы сайлаған пленумның шешіміне ғана болған жоқ. Өз жерімізде өгейдің күйін кешетініміз, факультетте қазақ топтарының азаюы, тіпті, қоғамдық ортада ана тілімізде сөйлесуге тыйым салына басталды. Осындай қаптаған теперіштерден туған ыза мен кек сыртқа тепті. Мәселен, 19-ы күні сабаққа қалатын болып келісіп, 20-сы күні таңертең сабақта отырған бізді сырттағы жайды аңғарған университет партия ұйымының жетекшісі Антипов физика факультеті ғимаратының кеңейтілген залына жиып, қамады. Әскерилер қаптап кетті. Сонда пікірімізді білді. Бірнеше студент шығып сөз сөйледі. Солардан қалыспай мен де сөйлеп, көрген теперішімізге қатысты аз-маз айтып, пәлеге қалдым. Соңында сөз сөйлегендерді жеке-жеке кабинеттерге әкетіп тергей бастады. Студенттер арасында үрей туды. Кейбіреулері сырттағыларға қосылу мақсатында, терезеден секіріп, қашты. Жеке кабинетке қамап, мені де жауаптың астына алды. Бұл сенбі күні жаңылмасам. Дүйсенбі күні оқу орнына барғанымда мені мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері тергеуге алды. Ертеңіне университет ұжымы ректордың қатысуымен өткен жиналысқа салып, комсомолдан шығарып тастады. Екі күннен соң, оқудан аласталдым.

Ауылға қайтқан шығарсыз?

Жоқ, оқудан шыққан соң, жұмысқа орналаса алмай біраз жүрдім. Тіпті, шахталардың өзі бос орын болса да алмайды. Қайдан біліп қоятынын? Еңбек кітапшасын сұрағанда, оқудан шыққан бұйрықты көрсетем. Қабылдамай жібереді. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, ұн тарту комбинатына зорға орналастым. Екі жыл сонда істеп, оқуға қайта қабылдандым. Қазір тәубе! Еліміз – егемен, жұртымыз – азат. Тәуелсіз елімізді көркейту жолында қолымыздан келгенше қызмет етіп жатырмыз. Осы №86 мектеп директоры болып, былтырғы оқу жылының соңында келдім. Мұнда жүз мұғалім ұстаздық қызмет атқарса, мың жарым оқушы білім алады. ҰБТ көрсеткіші жоғары деңгейде деуге болады. Былтырғы оқу жылында үш оқушы алтын белгіге бітірсе, екі оқушы айрықша аттестат алды. Оқушылардың барлығы дерлік сабақтан кейін қалағандарынша қосымша білім алуға мүмкіндік жасалған. Өйткені, «Өнер» мектебімен бір шаңырақ астында отырмыз. Білім саласындағы биылғы өзгеріске сай, бірінші сыныптар бес күндік оқу жүйесіне толық көшті.

«Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деп жатады. Осы тұрғыдан келгенде, не айтасыз?

Мынадай сөз бар: «Білім мазмұнын өзгерту үшін мұғалім өзі өзгеруі керек». Білім мазмұнының өзгеруіне, бірінші сынып оқушыларының бес күндік оқу жүйесіне байланысты реформа қабылданған соң, біздің мұғалімдер жаз айларында облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Өрлеу» кәсіби шеберлікті арттыру және оқу әдістемелік орталығының арнайы курсынан өтті. Мәселен, Назарбаев және Кембридж университеттері бірігіп жасаған бағдарлама бойынша мен былтыр Астанада 9 айлық курсты тәмамдадым. Онда бір ай оқып келіп, оқығанымды бір ай мектепте тәжірибемен бекітіп, тағы бір ай оқып, алты ай мектепте тәжірибе жұмыстарын жасадым. Мектептер мен мектептер арасындағы байланыс, желілік қоғамдастықтар құру сияқты әдіс-тәсілдерге қатысты курс. Осыған орай, мына №101 мектеп – магниттік мектеп аталады. М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп те сол санаттан. Бұл мектептердің мұғалімдері – тренерлер. Білім мазмұнын өзгерту курстарын алғашқы болып оқып келеді. Мектеп түлектерінің ҰБТ көрсеткіштері жоғары. Сосын біздің мұғалімдер солармен тығыз байланыс жасайды. Жалғыз біз ғана емес, осы Оңтүстік-Шығыстағы мектеп мұғалімдерінің бәрі бірігіп, айына немесе аптасына бір рет коучингтер, семинарлар ұйымдастырады. Сөйтіп, білмегендерін тәжірибе алмасу барысында игеріп, әдіс-тәсілдерін дамыта түседі.

Рахмет, аға! Еңбектеріңіз жана берсін!

Әңгімелескен

Жәнібек Әлиман.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.