Нұрада соны жоба қанат қағады

    Нұра ауданында егемен ел шежіресінде бұрын-соңды болмаған тың жоба қолға алынуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бекітілген қанатқақты жобаның жергілікті жұрт тұрмысын көтеруде, өңірдегі мал шаруашылығын дамытудағы үлесі қомақты болмақ. Айтары сол, келер жылдың көктемінен бастап ауданның 12 ауылында кооперативтер құрылып, сүт қабылдау пункттері жұмысын бастайды.

Пилоттық жобаны алдағы жылдың 1 наурызында іске қосу көзделуде. Жоба шеңберінде аудандағы Ахмет ауылы, Көбетей, Майоровка, Шахтер, Заречное, Байтуған, Қарой, Киевка, Мыңбаев, Тассуат, Кертінді, Ақмешіт ауылдары қамтылады.

Бүгінде аудан әкімі Ниқанбай Омарханов бастаған жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын аяқтады. Бұл жиындарға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Қаз­АгроҚаржы» АҚ сынды құзырлы даму-несиелендіру ұйымдарының өкілдері қатысып, халықпен ашық әңгіме құрды. Жобаның маңызы туралы кеңінен ақпарат берді.

Кооперативтер кем дегенде 20 мүшемен құрылады. Мүшелікке ниет білдірген тұрғын қолдағы малын көрсетуі тиіс. Бүгінде Нұра ауданындағы сауын сиырларының 80 пайызы дербес қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аталған 12 ауылдағы 3265 аулада 5444 сауын сиыры бар екен. Бұл – арнайы сүт қабылдау пунктін ашуға жетерлік көрсеткіш. Яғни, осы пилоттық жоба арқылы бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуға, дербес қосалқы шаруашылықтарды өркендетіп, тұрғындарға қосымша кіріс көзін табуға жол ашылады.

Сүт қабылдау пункттері жабдықтарын алуға «ҚазАгро» тарапынан қолдау көрсетіледі. Сүт сақтау танкері, сүт тасу көлігі, айналым қаржысына арнайы лизинг қарастырылған. Алғашқы жәрдем ретінде 50 пайыз көлемінде инвестсубсидия беріліп, сатып алынатын мүлік кепілге алынады.

Мәселен, сүт қабылдау пунктінің құны – 5 млн. теңге. Жұмсалған қаржының бір бөлігі «ҚазАгроМаркетинг» АҚ арқылы кооперативке қайтарылады. Кооператив сүт жинап, зауытқа тапсырады. Он күннен кейін тұрғындардың өткізген сүтінің төлемі жеке есепшоттарына түседі. Бұл тәсіл жергілікті жердегі сүт өткізу проблемасын жойып, төлем жүргізу ісін жеңілдетеді.

Сүттің 1 литрі 80 теңгеден бағаланады. Баға жылдың төрт мезгілінде де өзгеріссіз қалады. Және кооперативке сүттің литріне 10 немесе 15 теңге субсидия төленеді. Бұл қаржының есебінен кооператив несиені өтейді, коммуналдық қызметтер төлемі мен жұмыскерлер еңбекақысын төлейді.

Тағы бір ескеретін мәселе, ко­оператив құруды коллективтендірумен шатастырмау қажет. Кооператив мүшелігіне енген адам өз малын ортаққа қоспайды. Тек, сүтін ғана тапсыруға міндеттеледі.

Сондай-ақ, несие алу жолдарын оңтайландыру мақсатында Үкімет тарапынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына толықтырулар енгізілуде. Мұнда несие көлемін 16 млн. теңгеге дейін көтеріп, мерзімін 7 жылға ұзарту қарастырылуда.

Жобаның мерзімі бірнеше жылды қамтиды. Нұра ауданының әлеуеті ескеріліп, осында қанат қаққан пилоттық жоба ойдағыдай жүзеге асып кетсе, 2019 жылы түрлі сүт өнімдерін шығаратын сүт өңдеу кәсіпорны тұрғызылады. Сондай-ақ, нұралықтардың тәжірибесі негізінде аталмыш жоба еліміздің өзге де өңірлерінде бастау алмақ.

Бұдан бөлек, ауданда ет өндіру потенциалын көтеруге назар аударылуда. Ежелден мал баққан ағайынның құт-мекені болған Теңіз өңірінде бордақылау алаңдары мен мал сою пункттері салынады. Құрылыс жұмыстары үшін қаржы институттарының несиесі тартылады. Субсидиялар төленеді. Келешекте аталған бағыттағы жұмыс табыспен жүрсе, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу көзделуде.

Сөйтіп, нұралықтар тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет кооперативтер құруға бел бууда. Сол арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кооперативтер ұйымдастыру арқылы дербес қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін көтеру туралы тапсырмасын орындауға кірісуде. Бастама бар. Қолдау да баршылық. Енді, тек, тер төгіп, бір кісідей жұмыла табанды еңбек ету қажет.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.