Нұра өңіріндегі нақты іс

Нұра ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1,4 млрд. теңгеге 15 жоба іске асқалы тұр. Бағдарлама аясында ауданда екі жаңа нысан бой көтерсе, білім беру саласының бірнеше нысаны жөнделіп, Нұра кенті мен үш бірдей ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарлама аясында Нұра кентінде жаңадан жабық бассейн құрылысы басталады. Бұл – Нұра жастары мен спортсүйер қауым үшін сүйінші сұрарлық жаңалық. Ал, Қарой ауылында бұрын-соңды болмаған су құбыры тартылып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылады. Қайнар мен Шахтер ауылдарының ішкі жолдары жаңадан төселіп, көше шамдары орнатылса, Шахтер ауылында мектеп және шағын орталықтың ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Жанбөбек, Ақмешіт ауылдары және Нұра кентінің М.Жұмабаев пен Ы.Алтынсарин атындағы мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына дайындалуда. 90 млн. теңгеге аудан бойынша су құбырларының 3,5 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 36,1 млн. теңгеге Көбетей ауылы жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне қызмет атқармақ. Нұра кенті бойынша 8 көшенің жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 38 млн. теңгеге жаңадан 270 көше шамдары орнатылатын болады. Бүгінде өткізілген конкурстың нәтижесіне сәйкес, бассейн жұмыстарынан бөлек, нысандардың конкурстық жұмыстары аяқталып, мердігерлері анықталды. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша орташа жалақысы 85 мың теңгені құрайтын 167 жұмыс орны ашылып, бүгінде 82 тұрғын жұмыспен қамтылды.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

Суретті түсірген Олжас БЕКСҰЛТАНОВ.

НҰРА ауданы.