Ән – ғұмыр

    Жуырда Қарағанды гуманитарлық колледжінде музыкалық білім беру бөлімінде Бақытжан Байқадамовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ән – ғұмыр» шеберлік сабағы өтті. Ән кешінің мақсаты — ән мен хор өнерінің шебері қазақ композиторлық мектебінің беделді өкілі Бақытжан Байқадамовтың қазақ музыка мәдениетіндегі маңыздылығын көрсету.

Әліптің басын ашып айтсақ, өнерге арналған кеш сол үдеден шықты да. Бақытжан Байқадамов кім, оның өнердегі орны мен салып кеткен ізі қандай дегенге келер болсақ, кейінгі ұрпақ оны етене білмеуі де әбден мүмкін. Қоғамда соңғы кезде біліксіздіктің бәсі артық түсіп жатқаны жасырын емес. Өйткені, бүгінгі кәсіби ән мен эстрадалық жеңіл-желпі әуенге құрылған шынайы өнер деуге келмейтін шалажансар, шикі саздардың бәсекелестік бәйгесінде озық үлгіні тану, осы салада танымды кеңейту кейінгі ұрпақ үшін қажет-ақ. Шын мәніндегі шынайы өнерді дәріптей алсақ қана, сахнадағы қазіргі орын алып жатқан бейбастақтыққа жол берілмес еді.

Сонымен, Бақытжан Байқадамовтың шығармашылығы – Қазақстанның музыкалық мәдениетіндегі елеулі, жарқын көріністерінің бірі. Қазақстандағы хор өнерінің қалыптасуы Бақытжан Байқадамовтың есімімен тікелей байланысты. Б.Байқадамов қазақстандық композиторлар мектебінің негізін қалаушы Е.Брусиловскийдің мақтаныш тұтқан шәкірттерінің бірі еді. Ол туралы «Бұл адам өте адал, ашық еді. Математиканы жақсы білген және сүйген, бірақ кенеттен музыкамен айналыса бастады. Ол танымал әндердің авторы және алғашқы қазақ хормейстері болған. Бақытжан Байқадамов қазіргі ұлттық өнердің сирек өкілі» дейді.

Бақытжан Байқадамовтың бірінші мамандығы физик-математик болған. Шығармашылық мансабын математика пәнінің мұғалімінен бастаған ол, әуелі мектептің әуесқойлық ансамблін құрайды, оған арнайы алғашқы шығармалар жазады. Олардың ішінде «Айгөлек» – бірден танымал болған алғашқы әндерінің бірі, оқушылардың әнұранына айналды. Бүгін бұл әнді барлығы біледі. Жалпы, «ән – өмірдің өзі» деп композитордың өзі айтқандай ән – оның ең маңызды жанры болды.

Сонымен қатар, қазақ халық аспаптарын жетілдіру және қалпына келтіру саласында экспериментатор-ғалым ретінде танылды. Еліміздегі жалғыз эксперименталды және тәжірибелік музыкалық шеберхананың ұйымдастырушысы. Математик пен музыканттың кәсіби білімі домбыраның жаңа кескіндемелерін жасауға мүмкіндік берді. Бұл тек дәстүрлі әндер мен күйлерді ғана емес, қазіргі заманғы музыканы орындау үшін ыңғайлы домбыраның қажет болуымен байланысты. Ендігі домбыраның қазіргі пішіні, пернелердің орналасуы – композитордың еңбегі. Шеберханасында жұмыс істеген дарынды шебер М. Романенко жасаған аспаптар әлі күнге дейін республикадағы ең үздік аспаптар болып саналады. Сондай-ақ, Бақытжан Байқадамов өзінің алғашқы мамандығына сүйене отырып, математика және физика бойынша терең білімінің арқасында музыкалық акустика бойынша көптеген ғылыми жұмыстар жазды. Б.Байқадамов негізгі хор репертуарын құрастырғанда тек қазақ халық әндерді шебер өңдеуші ретінде ғана танылмай, қазақ өнері үшін жаңа жанрлар – хор сюитасы, хор поэмасы, хор күйі – жанрлар шығарушысы болып атағы шықты.

Құрманғазының күйлерін хорға бейімдеп, музыкалық аспаптармен сүйемелдеуді қажет етпейтін шығармалардың талғампаз орындалуын ойлап тапты. Ол «Ақбай», «Шалқыма», «Ақсақ Киік», «Айжан қыз», «Келіншек», «Айқабақ» күйлерінің мәнін қайта жаңғыртып, оларды хор репертуарына енгізді.

Ендігі бір маңызды жетістігі – жалпы білім беретін мектептерге музыкалық мұғалімдерді даярлауға арналған педагогикалық институттарда музыкалық факультеттер құруы. 1961 жылы ЖенПИ-де ашылған мұндай факультеттің бірінші меңгерушісі Б.Байқадамов болған. Мұнда Қазақстандағы вокалдық және аспаптық ансамбльдердің жаппай таралуына бастама берген «Айгүл» қыздар ансамблін құрады.

Ән жанрында композитор бай мұра қалдырды. 200-ден астам жарқын туындылары бар. «Айгөлек», «Домыра», «Ақ бидай», «Су тасушы қыз», «Өзіңсің», «Сүйген сәулем», «Теміртау жастары» марштары – қазақ ән өнерінің қазынасы.

Композитор өз әндерін тек белгілі бір әншіге ғана арнап жазған. Осы тұрғыдан алғанда олардың барлығы Жамал Омарова, Роза Бағаланова, Бибігүл Төлегенова, Әнуарбек Үмбетбаев әндердің бірлескен авторлары десе де болады…

Композитор Б.Байқадамовтың тұңғыш қызы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байқадамова Балдырған Бақытжанқызы Қарағанды музыкалық колледжінің ұстаздарына хат жолдапты…

«Құрметті қарағандылықтар! Белгілі бір себептермен сіздердің бүгінгі өтіп жатқан мерекелік іс-шараларыңызға қатыса алмағаныма өкініш білдіремін. Композитор, ғалым, педагог-реформатор, ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, менің әкемді құрмет тұтқандарыңызға мен қуаныштымын және басымды иіп, өзімнің шексіз алғысымды білдіремін. Мен үшін Қарағанды гуманитарлық колледжі жай ғана оқу орны емес. Бұл менің әкем, Бақытжан Байқадамов туындысының жалғасы. Ән сабағынан оқытушыларды дайындау, музыкалық факультетті құру идеясын әкем қолға алған болатын. Ол өз еңбек жолын Алматы қаласының орта мектептерінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ол сол кезден бастап, ән сабағынан сабақ беру қиын екенін түсінді. Қиындықты шешу жолдарында дене тәрбиесі, әдебиет пәні мұғалімдері ат салысты, тек кәсіби музыканттар емес. Бұл сол уақыттары біздің республикамыздың астанасы болған – Алматы қаласы еді.

Б.Байқадамов өзінің идеясы үшін күресті және сол идеясын Республикадағы алғашқы ЖОО-ның бірі Қыздар педагогикалық институтында жүзеге асырды. Онда ән сабағынан мұғалімдерді даярлайтын музыкалық факультет ашты. Бүгінде, осындай факультеттер республикамыздың ЖОО-да бар. Арнайы орта білім беретін мекемелерінде бар болғаны қуантады. Қарағанды гуманитарлық колледжі соған дәлел. Мен Қарағанды қаласында бірнеше рет болдым, сол жерде болған күндерім жайлы жақсы естеліктерім бар.

Қазақстанның мықты оқу орындарының бірі деп айтып жүру үшін колледждеріңіздің жоғары дәрежесін түсірмеңіздер. Негізін әкем қалаған, таңдаған мамандықтарыңызға сәттілік тілеймін. Сендер, бәрің осы ұлы тұлғаның ізбасарларысыңдар. Тек қана алға!».

Біз осы хатты өз шығармашылығымызға медеу тұтамыз.

Роза ҚАДІРБЕРЛИНА,

Қарағанды гуманитарлық колледжі,

дауыс қою пәнінің оқытушысы,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.