Бас тақырып

Ән-ғұмыр – Мәңгі нұр

Қазір кім көрінгеннің жұлдыздыққа ұмтылып, тіпті «жұлдызбын» деп те шала бүлініп жүргенін көзіміз көріп, ішіміз сезіп жүр. Нағыз жұлдыз деген атқа лайықты қазақ дәстүрлі ән өнерінің құбылысы Мейірхан ағамыз еді-ау, жарықтық. Әнімен қатар, адамдық болмысымен жан-жағына нұр шашқан біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ, ел жүрегінен орын теуіп қойған. Есімін ел ардақтаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан АДАМБЕКОВКЕ Қарағанды Жұлдыздар аллеясында есімі таңбаланған ескерткіш белгі қойылды. Қазақ мәдениетінің шырақшылары һәм аймақтағы зиялы қауым өкілдері бас қосқан шарада Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан БИКЕНОВ сөз алып, тағылымды шараның өскелең ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ жырдан шашу шашып, қала әкімінің орынбасары және ұлы Алданыш АДАМБЕКОВ һәм мемлекет және қоғам қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА жұлдызды белгіні салтанатты түрде ашты. Жиылған жұртты теңіздей толқытқан салтанатты сәтте тебірене сөйлеген ән дүлдүлдері Серік ОСПАНОВ пен Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Мейірхан ағаның дара қасиеттері мен әншілік құдіретіне тоқталды.

Мейірхан ағамыз – адамдығымен де, адалдығымен де, әншілігімен де иісі қазақтың жүрегінен орын тапқан тұғырлы азамат. Өзінің азаматтық миссиясы мен қазақ өнерінің қамытын киіп, ілгері ғасырдан келе жатқан көне дүниемізді осы шаққа көзінің қарашығындай сақтап жеткізген алтын көпір. Мінеки, енді өнерді бағалайтын ортада, туған елінде, туған жерінде Һәм киелі топырағында алтын жұлдызы жарқырап тұлғаның екінші өмірі басталып жатқандай. Мейірхан ағаның әні шәкірттерінің, тыңдаушыларының, дос-жаран, ағайын-туыстарының мәңгі жүрегінде. Өнер барда Мейірхан аға жасай бермек, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев. Ал, әншінің ұлы Алданыш Мейірханұлы нағашы жұртында өскендігін айтады. «Әкеміз маған деген жалпы балаларына деген махаббатын ашық жеткізбейтін. Бар сезімі мен мейірімі жанарынан сезілуші еді. Бірақ, біздің арадағы қарым-қатынас «менің ұлым, менің әкем» деп еміреніп жүрген кейбір жандардан артық еді. Мен үшін өмірлік бағдар болар өсиеті «Балам, мен үшін бақыт – балаң жақсы деген сөзді есту», деген өсиетін орындау үшін мен барымды саламын» – деді ол.

«Әуенді Сарыарқа» XXII халықаралық фестивалі аясында Мейірхан ағаны еске алу кешіне арналған дәстүрлі ән орындаушыларының концертін тамашаладық. Өмірін өнермен өрген өр тұлғаның еңбегіне елі куә. Үзеңгілестерінің де Мейірхан аға жайлы айтарын таңды-таңға ұрып тыңдауға болады. Мәселен, «Шайтанкөлді» орындағандағы домбыра шертісін тыңдасаңыз жан ләззатынан арыла алмай қаласыз. Кеште Мейірхан ағаның қоржынындағы әндері Серік Оспанов, Жақсыгелді Кемалов, Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаев, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісов, Абзал Қуанышұлы, Құрмаш Ыбышев, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Ержан Базарбеков, Сырым Хордин, Гүлмира Тапай сынды халыққа танымал дәстүрлі әншілер орындауында тыңдалды.

– Қарағанды төрінде сіздер сағынған, мен сағынған, бүтін қазақ сағынған, аяулы әншімізді құрметтеп жатырмыз. Мен Мейірхан ағамның қасына бала кезден ерген шәкіртімін. Шәкірті ғана емес, кейін ол кісі менің аға досыма, ақылшыма айналды. Жанына қырдың сегізін, сырдың біреуін серік еткен дәл осы Мейірхан ағам дер едім. Сонымен қатар, оның бойындағы парасаттылығы, талғампаздығы, әнге деген махаббаты, досқа адал, сөзге беріктігі ол жеке бір төбе ғой. Кейінгі буынға ақылмен, байыппен ақыл-кеңесін айтушы еді. Атымызды атамай «Аужан» деп атайтын. Жалғыз маған емес, жақсы көретін әр бауырына өзі қойған ерекше есімдері болатын. Біз ол кісі шырқаған әнді тыңдап, рухымен тілдесе аламыз. Ағаны сағынсақ, салған әніне жүгінейік. Өнері мен адамгершілігі ендігі жерде бізге мұра һәм өсиет, – деп еске алды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев.

Жалпы, адамдықпен қатар, әнге деген ыстық ықыласы оның ішінде өзі орындайтын әнді зерттеп, түбіне терең үңіліп, айтқан әніне ғасырлық ғұмыр сыйлауының өзі бір том тарих қой. Өнерде тіл болмайтынын жүрекпен ғана бағаланатын нәзік ұғым екенін қарапайым халыққа жеткізе білген жанның бірі осы Мейірхан Адамбеков еді. Бұл кеш басқа кештен өзгелеу болды. Сезімге толы жан тебіреніс пен аяулы ұлға деген сағыныш аңқыды залда. – Бүгін әкеміздің аруағы бір аунап түскен шығар. Ол қаншама жақсы қасиетті бір бойына жинаған ерекше жан болды. Халқы үшін танымал тұлға болса, біз үшін жылы жүзі мен нұрын шашқан үлгілі де өнегелі әке. Әкеміздің әр сөзінде, әр әңгімесінде тәрбиелік мән жататын. Әңгімелері – ән секілді, қалжыңдары – жарасымды болатын. Өзі туып-өскен ауылы жайлы, әке-шешесі жайлы, айтып жүрген кейбір әндерінің шығу тарихын айтып отыратын. Осындай тағылымға толы қарапайым қазақы тәрбиемен ғана бізді жеткізді. Және сол бір ақылмен айтқан әңгіме өсиеттері бізге бүгін рухани азық болып қалды. Сонымен қатар, өте балажан болды. «Бар байлығым – балаларым» дейтін. Ол кісінің анамызға деген сыйластығы да – ерекше. Мұның бәрін қойын дәптеріне түртіп те кетіпті. Ал, немерелерін балаларынан да артық көрді. Әкеміз ауырып жүрген кездерінде бір түс көріп едім. Біз тұрған үйдің зәулім бір қабырғасы құлап қалған екен. Қазір сол омырыла құлаған қабырғамыздан суық кіріп, тоңып жүргендейміз, – деді қызы Шынар Адамбекова. Жиын соңында сахна төріне Рымбала Омарбекова мен Алданыш Мейірханұлы шығып, шара ұйымдастырушыларына һәм қонақтарға алғыс білдірді. Әкенің әуезді әні орындалған қасиетті сахнада Мейірхан ағаның ұлы Алданыш Адамбеков «Сағындым ғой» әнін орындап, көрерменді бір тамсандырды. Дауысы мен сахнадағы кескін-келбеті Мейірхан ағаны еске түсіріп, көрермен қауымның жанарына жас үйірді. Кештің шарықтау шегі де осы бір тұс болса керек. «Отбасында әнші өнерінің мұрагері бар ма?» деген сұраққа жауап бергендей әсер қалдырды. Біз де «әнімен Шайтанкөлге аққу қондырған» Мейірхан ағамыз өмірден өткелі оның жарқын жүзін, тамылжыған әнін сағындық. Күллі қазақ сағынып жүр.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button