Руханият

Ән қанатындағы ғұмыр: белгілі композитор Есжан Әміровтің шығармашылық кеші өтті

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, қала әкімдігі һәм қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есжан Әміровтің «Өзіммен сырласу» атты шығармашылық кеші өтті. Оған Нұрлан Өнербаев, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Сейіл Аяған, Меруеш Башай, Саят Әбдіғали сынды қазақ әнінің саңлақтары қатысып, кеш иесінің әндерін әуелетті.

Арқа даласын дүбірге бөлеген айтулы кеш «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің орындауында Ықыластың «Жезкиік» күйімен ашылды. Ансамбль кеш соңына дейін дүлдүл әншілерді сүйемелдеп отырды. Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов. «Жұлдыз», «Аққу» би ансамбльдері мың бұрала билеп, әнге жан бітірді.

Есжан Сарманқұлұлы – еңбек жолын ауылдағы клуб меңгерушілігінен бастап, ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, музыка әлемінен қол үзбей, түрлі тақырыптарда ән жазып келе жатқан арда азамат. Қасым Аманжоловтың «Махаббат періштесі» өлеңіне жазылған әнін Дәуренбек Әркенов шырқады.

Есжан Сарманқұлұлы мен ақын Серік Ақсұңқарұлы арасындағы шығармашылық байланыстың бекемдігіне осы кеште тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мұнда Серік ақынмен бірігіп жазған «Сарыарқам менің», «Қарағанды вальсі», «Есіл мен Нұра», «Ардагерлер», «Атажұрт – Абыралым», «Нұркеннің қырандары» сынды әндері әуеледі. Ғалым Жайлыбай, Зағыпар Шәкентаев, Қайрат Асқар сияқты белгілі ақындардың өлеңіне жазылған әндер де орындалды. «Сері көңіл» әні Нұрлан Өнербаевтың «Ардагерлер» әні Досымжан Таңатаровтың орындауында өте әсерлі болды.

Қазақтың ән өнерінің корифейі Ілия Жақанов: «Есжанның әні салқын тартқан жүрекке ып-ыстық қан толтырып, нұрлы сезімге бөлейтін жан ләззаты. Ол – сон-ооу «Елім-айдан» бастап, ғасырлар бойы туындаған өлмес-өшпес әндердің нәрлі әуезінен емін-еркін сусындаған композитор. Оның музыканттық бітімін, шабытының қайнар көзін танып, біле түскен сайын, әндерінің шөп басына тұнған таңғы шықтай, тап-таза ұлттық лиризміне балқып, жан-жүрегің елжірейді»,– деп Есжан Әміровтің шығармашылығына жылы лебізін білдірген екен.

Өз кезегінде Есжан Сарманқұлұлы да рухани ұстазы Ілия Жақановқа «Ән болып жаралдың» деген туындысын арнапты. Кеште бұл әнді Абай елінен түлеп ұшқан әнші, сазгер Гүлмира Сарина орындады.

Ал, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері С.Ақсұңқарұлы: «Есжан Әміров – қазақ музыкасындағы болмыс-бітімі бөлек таланттардың бірі һәм бірегейі. Ел егемендігін алғалы батыстың поп-музыкасының буына жығылып, ата дәстүрінен жаңылған қазақ әуенін Шәмші-Нұрғиса дәстүрімен қайта табыстырған Есжанның әндері Арқа жұртының арқасына әруақ қондырғандай болды», – деп өнердегі қанаттас бауырына зор баға берді.

Шырайлы шығармашылық кеш Саят Әбдіғали, Салтанат Мұқышева һәм Қарағанды гуманитарлық колледжі студенттері хорының орындауындағы сазгердің рухты асқақтатар «Мәңгілік Ел» әнімен түйінделді.

Мерейлі мереке соңында кеш иесіне Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбектің ықылас гүлі тарту етілді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button