Руханият

Ғұмырын ғылымға арнаған

Тарихшы, археолог, этнограф Темірғали Аршабеков – 60 жасқа толды. Ғалымның мерейтойына орай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультеті ғимаратында тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, кеңейтілген кеңес өткізді.

Темірғали Аршабеков – Қарағанды облысының тарихы мен оның бай шежіресіне байланысты құнды еңбектердің және 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ғалымның тағылымға толы өнегелі өмірі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен тығыз байланысты. Аталған жоғары оқу орны тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков Темірғали Аршабековке университет ректоры атынан Құрмет грамотасын табыстады.

– Темірғали Тілеубекұлының есімі аймаққа ғана емес, республикаға кеңінен танымал. Ол сонау 1990 жылдардан бастап, Орталық Қазақстанның тарихын, этнографиясын, өлке тарихын, тұлғаларын зерттеп жүрген белгілі ғалым. Темкеңнің табанды еңбегінің арқасында Орталық Қазақстанға байланысты бұрыннан беймәлім болып келе жатқан дүниелер туралы білдік, – деп атап өтті Жамбыл Жұмабеков.

Басқосуда «Қарағанды топонимикасы», «Қарағанды этнографиясы» секілді ғылыми монографиялары, ғылыми-зерттеулері жайлы және мерейтой иесінің азаматтық болмысы хақында естеліктер айтылды.

Кеңейтілген кеңесте Қарағанды қаласы һәм Жаңаарқа ауданы әкімдігінің Құрмет грамотасы берілді.

– Әріптес – бізге, соңымыздан ерген жас буынға ақыл-кеңесін аямайды. Жастарға тарихи тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар беріп, әсіресе, жер-су атауларына байланысты көмек қолын созып жүретін атпал азаматтың бірі – Темірғали Тілеубекұлы, – деді Н. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Дина Аманжолова.

Асқаралы 60 жасқа толып отырған ғалым «Сарыарқаның этномәдени зерттеулері» бағдарламасын дайындаған авторлардың бірі. Далалық этнографиялық экспедицияға жетекшілік еткені де елдің жадында. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы «Орталық Қазақстанның зергерлік және қолданбалы бұйымдары» жайлы тың зерттеу жүргізген.

– Әрбір адамның жасына сай есеп беру кезеңі болады. Әрі биыл ҚарУ-дың тарих факультетінің 85 жылдығы. Мен осы факультеттің түлегімін. 20 жылдан астам уақыт осы қарашаңырақта дәріс оқыдым. Қандай жетістікке жетсек, тарих факультетінің қолдауы арқасында деп білемін. Қаншама тарихи зерттеу, тарихи-этнографиялық экспедициялардың қорытындысы бүгін шығып отыр, – дейді Темірғали Тілеубекұлы.

Мерейтой барысында ұстаз-ғалым тарих факультетінің 85 жылдығына орай кітап көрмесін ұйымдастырған екен.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button