Ұлы Жеңіске – 76 жыл

Ғұмыры мағыналы майдангер

Бала кезімізде біздің ауылда Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер қатары қалың болатын. Бірі балдаққа сүйенсе, екіншісінің қолы кеміс немесе денесінде қандай да бір майдан жарақатының ізі бар сол кісілер соғыс ойынын жиі ойнап, ауылды азан-қазан қылып жүретін қарасирақ балалар үшін бағзының батырлары секілді көрінетін. Олар Ұлы Жеңіс мерекесінде омырауындағы орден-медальдарын жарқырата сапқа тұрып, парадқа шыққанда, тіпті, айбарланып кететін. Солардың ішінде маған етене жақыны саман кірпіштен салынған, шатырсыз қос үйдің біріндегі іргелес көршіміз Иген ӘДІЛБЕКОВ әкей еді.

Әкей деп даралай меншіктеуімнің өзіне тән сыры бар – жарқосағы Мәйкен шешей екеуінің маңдайына басқан жалғыз ұлдары Жаңбырбаймен бір жылдың төліміз, балдәурен балғын шақтың бар қызығын бірге өткердік. Мектеп қабырғасында он жыл бір сыныпта оқыдық. Аттестат алған соң туған ауылымызда «Таң нұры» комсомол-жастар шопандар бригадасы құрамында иық түйістіре еңбекке жегілдік…

Әрине, әркімнің тағдыр-талайы – әрқилы. Сол кезеңдердің аумалы-төкпелі қоғамдық қатынастары иірімдеріне еріксіз икемделген Иген әкейдің өмір жолы – бұралаңы мол ғұмыр дастаны. 1922 жылы бұынғы Батпаққара уезінің 15-ауылы аталған Қорғасында (Шеңбер) қарапайым шаруаның отбасында дүние есігін ашқан ол бір атаның жалғызы еді. Балалық шағы бақытты кезең болды деп айту – тым қиындау. Қызыл Ту колхозындағы бастауыш мектепте бар-жоғы төртақ кластық білім алады. Бала кезінен басынан сан қиындықты өткереді. Ұжымдастыру науқанына, алапат ашаршылыққа, сұрапыл соғыс қасіретіне елмен бірге куәгер болады.

Айтып-айтпай не керек, бұл кісінің өмірі тынымсыз еңбекпен өріліп, бейнетке толы болғаны анық. Еңбек адамды ерте есейтетіні белгілі. Бар болғаны 18 жасында колхозда бригадир болып қызмет атқарады.

Қалың қауымның басына қайғы бұлтын үйірген екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Иген әкей Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскер қатарында жүрсе керек. Жау жағаға жармасқан шақта Жоғарғы әскери қолбасшылық шұғыл түрде кіші командирлер құрамын дайындауға ерекше мән береді. Сол мақсатпен Иген Әділбеков Калининград облысындағы офицерлер даярлайтын үш айлық курсқа жіберіледі. Соны тәмамдап, кіші лейтенант шенінде атқыштар взводының командирі болып тағайындалады.

Бұл майдан даласында аса ауыр ахуал қалыптасқан, жау әскері Кеңес Одағының батыс аймақтарына дендеп еніп алған кезі болатын. Құрамында Иген Әділбековтің взводы бар атқыштар полкі Ленинград түбіндегі шайқасқа кіреді. Революция бесігін жаулап алу үшін бар күшін төгіп, жанталасқан басқыншылар сұрапыл шабуылды жалқы сәтке тоқтатпайды. Күні-түні – кескілескен шайқас. Осы арпалыстарда Иген әкей басқаратын взвод атқыштары қатары сирегеніне қарамастан жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетеді.

1943 жылы Кеңес әскерлері барлық майданда шешуші шайқастарға шыққаны белгілі. Солардың бірінде кіші лейтенант Иген Әділбеков ауыр жарақат алады. Госпитальде ұзақ емделіп, әскерге жарамсыз болуы себепті елге қайтарылады. Оның қанды қырғыннан аман-есен оралып, табаным туған жер топырағына қайыра тиеді деп ойламағаны анық еді. «Қырық күн қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Жарымжан болсам да, елге оралып, ағайын-туыспен қауышқаныма шүкіршілік» деп отыратын ғұмыры мағыналы майдангер мосқал тартқан шағында.

Жарықтық ауылға келген соң білегін сыбанып, еңбек майднына араласады. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосады. Майдан даласынан оралған офицерді мұндағылар құшақ жая қарсы алып, сол кездегі жауапты жұмыстарды жүктейді. Алғашқыда Терісаққан селолық советінің хатшысы, колхоз есепшісі қызметтерін атқарады. 1945 жылы Ұлытау аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып тағайындалады. Кейін Ұлытау аудандық тұтынушылар қоғамында қойма меңгерушісі, аудандық қаржы бөлімінің агенті, Сталин, Қызыл коммуна колхоздарында сауда торабының бастығы, Шеңбер совхозында сауда бірлестігінің бастығы, қойма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнет демалысына жол бөлімінің шебері болып жүріп шықты. Қай лауазымда жүрсе де, қоғам мүлкін талан-таражға түсірмей, елдің сұранысын қанағаттандырып, тағылымды еңбек үлгісін көрсете білді.

Өмірден өткенінше өнегесі өрісті болған Иген әкейдің абыройлы істерін бүгінгі күні оның ұрпақтары – ұлы Жаңбырбай мен немере-шөберелері үзбей жалғастырып келеді. Мұның астарынан «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің ақиқаттығы айқын көрініс береді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button