Бас тақырыпҰлы Жеңіске – 76 жыл

Төрт жылғы қырғын басталған күн

Ұлы Отан соғысы күтпеген жерден басталды. Сол кезде жер шарының алтыдан бірін алып жатқан алып империя КСРО-ны құлдыратуды көрші ірі державалардың аңсағаны анық. Соғыстың оқыстан басталуы да – сол. «Немістердің мұздай қаруланған қалың әскері Еуропа тараптан 8 мың шақырым ендікте басып кірген» деп айтып отыратын әкем марқұм. Соғыс жайлы әңгіме қозғалса, бейбіт жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистер келеді көз алдыма.

Дерекке сүйенсек, ә дегеннен Германия әскері КСРО-ның батыс шекарасының бірнеше жерін басып алып үлгерген. Жауға, Мәскеуге 25 шақырым қалғанда ғана тойтарыс беріліпті. Тіпті, қате соғыс тактикасымен әскерді шығынға ұшыратып, дұшпанның жерімізге дендеп кіруіне мұрша берген бірнеше генерал Сталиннің тікелей бұйрығымен өлім жазасына кесілген. Соғыстың аты соғыс. Онда қателесуге хақың жоқ. Не өлесің, не қаласың. Не жеңесің, не жеңілесің. Берілсең, құлдықта шірисің.

Ал, сатылып кеткендерге ешқандай кешірім жоқ. Себебі, Отан – біреу, өмірге бір рет келесің. Өкінбей өту – нағыз бақыт.

Ал, сатылып кеткендер «мұздай қаруланған неміс әскерін жеңу мүмкін емес» деп ойлады. Сол себепті де, өздері жеңімпаздар жағында болғысы келді. Күн сайын қалалар мен елдімекендердің дұшпан қолына өтуі, маңызды нысандардың неміс қарамағында қалуы да сол сатқындық пен күтпеген ірі соғысқа дайындықтың жоқтығы еді.

Мәскеудің мұнараларын көріп, араны ашылған немістер одан сайын кәріне мініп шабуылдай түсті емес пе? Ал, енді олардың бетін қайтарып, керек болса, Берлинге дейін қуып тығуға жәрдемдескен қандай тылсым құдірет дейсіз бе?

Ол әрине, Орта Азия жерінен жасақталып барған, қорқуды білмейтін, ержүрек қалың әскер еді. Оның ішінде, қаптаған қалың қазақтың нарбас жігіттері де бар. Бұған дәлел ретінде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Шегінуге жол жоқ, артымызда Мәскеу» деген сөзін айтсақ, жеткілікті. – Облыстан соғысқа 59 935 адам аттанған. Оның 33 352-сі аман оралса, 25 583 жауынгер қаза болған. Ал, 9399 жерлесіміз хабарошарсыз кеткен. 6600 жерлесіміз майданда көрсеткен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. 34 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, 13 батырымыз «Даңқ» орденінің толық иегері. Қазір аймақта тұратын 44 соғыс ардагерінің 11 мүмкіндігі шектеулі жандар санатында, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Жазыкен Томпиев.

Шынында, небір боздақ жан алып, жан берісті бұл соғыста. Көз ұшында көрінген Мәскеу жау үшін сол арман күйі қалды. Майдан даласына қанында батырлық рух ойнаған көшпендінің ұрпағы ағылып келіп жатты. Жеңілуден басталған қанды шайқаста таразы басы кеңес әскері жағына еңкейе бастады. Ес жиып, бел буған ортақ отанның бірлігі бекем жұрты осылай, алып империяны жаулап алушылардан тазалауды бастады. Әдіс-тәсіліне ақыл бойламайтын партизан отрядтары мен құралайды көзге атқан мергендер, тәжірибелі командирлер, көзсіз батырлар осылай өз дәуірінің өшпес ерлігін кәрі тарихтың ақ парақтарына жаза бастады.

Ақыр соңында Берлиннің жүрегі Рейхстагқа да ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев болды. Өлімнен ұят күшті деп білетін, обалсауаппен өмірін екшейтін, тағдырын күліп қарсы алатын түркінің қайсар ұлдарының бұл ерлігін біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Тарихтың да өз ережесі, сүзгісі бар. Мың жерден бұрмаланса да, Рақымжан, Бауыржандай ерлердің ерлігі сүт бетіне шыққан қаймақтай қайта оралуда. Отаны үшін із-түзсіз кеткен боздақтардың сүйегі туған жер топырағына қайтуда. Мұны ерлікке жасалған бүгінгі ұрпақтың тағзымы деп білеміз.

Көз жұмар алдында немістің бірнеше техникасын отқа орап кеткен қайран, Нұркен Әбдіров!

Ал, Отанын сатқандар опасыздыққа барарда қандай күйде болды екен?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button