79 жылдан кейін бұйырған топырақ

Соғыстың зардабын жылдар бойы тартасың. Оған Отан алдындағы борышын өтеуге, қанқұйлы фашистердің көзін жоюға аттанған азаматтардың хабарсыз кетуі куә. Ел аманатын арқалап, майдан даласында із-түссіз жоғалған Рапық ШӘМІШЕВТІҢ сүйегі араға 79 жыл салып, туған жері – Бақты ауылына жерленді.

Бүгінде Ресей даласында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін іздестіру, қажетті мәліметтерді анықтау қарқынды түрде жүргізілуде. «Атамның аманаты» атты үкіметтік емес ұйым мен «Ресейдің іздестірушілер қозғалысы» атты жасағы бірлесе жүргізген іздестіру шаралары нәтижесінде 1941 жылы майданға аттанып, хабарсыз кеткен жауынгердің сүйегімен қатар деректері де анықталады. Табылған сүйектің Рапық Шамішевтікі екенін жауынгердің медальонындағы мәліметтер айғақтады.

Рапық Шәмішев 1912 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, атқыштар батальонына түседі. 1942 жылғы 3 тамызда қаза табады. Орлов облысының Мценский ауданы, Зеленый Холм деревнясында жерленген. Жауынгер жайында нақты деректер анықталғаннан кейін ҚР Қорғаныс істері министрлігінің көмегімен жауынгердің сүйегін Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы арнайы барып, салтанатты түрде қабылдап алды.

Рапық Шәмішевтің сүйегін туған жеріне жерлеу рәсіміне қызы Еркеш апа мен немерелері және ауданның бір топ азаматтары қатысты.

– Отан үшін, туған жер үшін, келер ұрпақтың бақытты өмірі үшін қасық қаны қалғанша жаумен айқасып, небары 30 жасында ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің есімі халқының есінде мәңгі сақталады. Қарт жауынгердің сүйегін аманаттауда үлкен еңбек жатыр. Рапық Шәмішевтің мүрдесі Мәскеу қаласына, Қазақстан Республикасының елшілігіне салтанатты түрде табыс етілді. Қазақстан Республикасы елшілігінің өкілі, полковник Қайыр Тезекбаев батыр әкеміздің денесін қабылдап тұрып, Ресей азаматтарына алғысын білдірді. Өз кезегінде Ресей мемлекетінің Орлов өңірі бойынша іздестіру қозғалысының төрағасы Сергей Щербатый Қазақ халқына осындай ұлдар тәрбиелеп, ұлы Отанымызды қорғауда қосқан өлшеусіз үлестеріне зор алғысын білдірді. Міне, арада 79 жыл өтіп, батыр әкеміздің денесі кіндік қаны тамған туған жер қойнына беріледі. Бүгінгі жерлеу рәсіміне батыр әкеміздің артында қалған қызы, 83 жастағы кейуана Еркеш апамыз бала-шағасымен және баласы, марқұм Әрмия әкеміздің ұрым-бұтағы қатысып отыр. Батырдың туған елі ол кісінің ерлігімен мақтанады. Ол кісінің есімі ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жерлестерге орнатылған ескерткіште қашалып жазылған, ұрпақтар есінде мәңгі сақталады, – деді аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы.

Ұзақ жылдар әкелері туралы мәлімет іздеп, хабар күтуімен жүрген ұрпақтары үшін бұл қуанышты оқиға болды.

– Атамыздан Еркеш пен Әрмия деген балалары қалды. Атам соғысқа кетерде қызы – 4 жаста, ұлы – 2 жаста болған. Үлкен қызы Еркештің әкесін соғысқа шығарып салғаны еміс-еміс есінде қалған екен. Атам аяғынан жарақат алып, госпитальға түседі. Жазылғаннан кейін ұрысқа кіріп, 1942 жылы қаза табады. Қара қағаз келеді. Бірақ, жоғалып қалғандықтан нақты жатқан жерін анықтау мүмкін болмады. Кейіннен Facebook-тен мәліметтерді тауып алып, қай жерде жатқанын анықтауға көштік. Атам жеке зиратта №9 болып жерленген. Бұл да бізге үлкен көмегін тигізді. Әрі атаммен бірге жерленген медальонда жазылған ақпараттардың ішінде оның туған жері «Жөңшілік» деген жазу да бар екен. Көкем Еркештің ұзақ жылғы арманы орындалды. Әкем де үкіметке еңбегі сіңген адам болды. Өмірден ерте озды. Атамның жақсы атын жария етер немерелері бар. Сіңлілерім Назгүл мен Құралай да отбасылы адамдар.

Атамыздың табылып, ұрпағы аңсаған ізгі армандары орындалған сәтке сенер-сенбесімізді білмедік. Дегенмен, бәрі айқын дүние еді. Қуаныштан көз жасымызға ерік бере отырып, атамыздың сүйегін қабылдап, туған жеріне тапсырдық. Бұл біздің ата алдындағы, әке алдындағы перзенттік борышымыз еді. Атамызды ардақтап, оның Отан үшін от кешіп, майдан даласында мерт болған еңбегін бағалаған барлық ел азаматтарына алғысымызды білдіреміз, – дейді үлкен немересі Бақытгүл Армияқызы.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.