Құмырсқа (метафоралық әңгіме)

Құдайдың бар екеніне сенесің бе?

Бәрі сұрақтан басталады. Күнде осы. Құмырсқа жанында қатарласа жүріп келе жатқан жолдасымен пікірлескісі келеді. Әлде өз пайымын оның аузынан естігі келеді. Екеуінің біреуі.

Жоқ, сенбеймін.

Кідіріп қалып еді, дәндерін көтеріп алып әрі қарай жөнелді. Тыпырлары илеуге жеткізеді.

Әлден уақытта сөз бастаушы құмырсқа қаздиып тұра қалды. Дәнеңе жоғалтқан жоқ сияқты еді. Басының жарты көлемін алған көзі айналасын түгел шолып, ақыры көк аспанда шақырайған Күнге, таба нан Күннің бір үзіміндейін қымтаған ақ мәрлі бұлтқа тоқтады.

Ал найзағай ше?!.. Қалай жасын ойнайды сеніңше?!

Екінші құмырсқа лезде жымиып та, езуін жиып та үлгере қойған.

Оң зарядты бұлт пен теріс зарядты бұлттың соқтығысуынан болатын физикалық құбылыс қой! – деді ол дауысын нығарлай, қабағын қатқылдата.

Әңгімені қозғаушы тосылып қалды да, екеуі тыпырлай жөнелді. Тыпырларын тек жақын маңдағы құрттар ғана сезеді. Бірақ құрттар бұлардың өздерін ғаламдағы ең ұлы жаратылыспыз деп ойлайтындарынан бейхабар.

Базбір уақта бірінші құмырсқа қос қолы көтерген және төрт аяғына салмағы түскен жүкті ауырсынды ма, жерге дүңк еткізіп тірей салды. Серігін бақса, ол да осыны күткендей апара жатқан дәніне сүйеніп тұра қалыпты.

Алғашқының езуінде — қуаныш! Көзінде — түпсіз мұң. Немесе керісінше…

Анау аңдап, «Не ол?» дегендей ишара жасаған.

Түнеугүнгі… екі жүз елу төртінші құмырсқа… біздің илеудегі ше…

Иә. ???

Өмірді сүйді ме, білмеймін, бірақ опат болды… Көзінен жас парлап… дәнін құшақтап жатып… жолда жантәсілім етті ғой байғұс… Тәні қимылсыз қалды… Не ол?! – дейді қолқасы қобалжи.

Үзірлі үнсіздік орнады. Сөзге сараң, бірақ құмырсқауи ғылымға жетік құмырсқа көптен бері алғаш рет осы тақырыптағы таласта іркіліп қалды. Сол бір оқиғаға өзі де куә болған-тын… Табан екі жүз елу төртіншіні жерге жапсыра, қоясын шығара жаншып өткен. Сол бір көріністі көрер-көрместен төбесіндегі жұп антенна түршігіп, бұл көзін жұма қойған. Жанарынан тамшы ытқып кеткен еді… Анықтап қараса, марқұм бұның өзінен аумайды екен!!

Дәу Табанның мүсіні қақ ортадан орын алған көрші илеулік ғибадатханаға барып қайту керек деп түйіндеді. Және жанындағы досы — сол илеуден.

Сен өзің сенесің бе?

Бәрі осы сұрақтан басталады. Осы сұрақпен аяқталады…

Кісіге тіс жарып айтуға сескенетін, өзі жиі ойлайтын кеңістіктер мен өлшемдерді санамен шарлап отырып нүктесін қойды. Құмырсқа.

Бекзат АЛТЫНБЕК,

«БОТА» жастар интеллектуалды орталығының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.