Бас тақырып

Мың жүрекке – бір тіл керек

Тілді дамытуға үлес қосқан тұлғаларды қолдау мақсатында облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай тапсырылып келеді. Сыйлық ұлт ұстазы А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ туған күніне орай ұйымдастырылды. Биыл барлығы 38 үміткерден өтінім түсіп, 8 номинация бойынша лауреаттар анықталды. Әріптесіміз, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Жәлел ШАЛҚАР байқаудың «Тіл жаршысы» номинациясын қанжығалап қайтты. Ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында қаламын батыл тербеп, құлашын кеңге сермеген дарынды журналист әрі талантты ақын ретінде танымал, оқырман қауымға.

Бұл байқау өңірде дәстүрге айналды десек артық емес. Биыл осымен 10-шы мәрте өтті. Шара мақсаты мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Биылғы байқаудың ерекшелігі – Теміртау шаһарындағы “қысқы бақ” кешенінде карантин талаптарын сақтай отыра өткендігі. Арқаның күміс көмей әншілері тамылжыта ән салып, көпшіліктің карантиннен күпті болған көңілін бір серпілтті. шара барысында сөзін Руза Алдашева жазып, әнін Арайлым Жүкенова шығарған “Туған тілім” әнінің тұсауы кесіліп, тыңдарманның таңдайын қақтырды.

Байқаудың бас жүлдесі “Тіл майталманы” номинациясы “Қарағанды облысының топономикалық картасы” зерттеу жобасының ғылыми жетекшісі, және де осы тақырыптағы көптеген еңбектердің авторы Темірғали Аршабековке табысталды. Танымал тарихшы-өлкетанушыны Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзі марапаттады.

– Әр ұлттың өз мәдениетінен сусындап, өз ана тілінде білім алатынына құрметпен қарайтын халықпыз қашаннан. Мемлкеттік тіл біздің бірегейлігімізді қалыптастыратын және жалпы Қазақстан халқын біріктіретін басты фактор. Мемлекеттік тілді білім беру қызметі облыста әлдеқайда ілгеріледі. Осы тұста тіл үйренушілер саны артты. Сондай-ақ, карантиннің тигізген пайдасы онлайн курстардың көбеюі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Полиция департаментінің қызметкері Бақытжан Құдияров “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” номинациясын иеленсе, “Үздік хабар” марапаты  Saryarqa телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаевқа бұйырды. Ал, “Оқжетпес-Т” ЖШС қызметкері, Екатерина Пономаренко “Мемлекеттік тілде қызмет ете аламын!” онлайн-байқауының жеңімпазы атанып, “Тіл білгірі” номинациясын еншіледі. Саран қаласының Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы, “USTAZ BIG PROJECT” бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде мұғалімдер оқытқан Әйгерім Түркенова “Жас полиглот” номинациясы бойынша марапатталды.

“Мемлекеттік тіл бизнесте” сыйлығы “Arda Media Group” орталығының директоры Асхат Тілеуқұловқа бұйырды. Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Хамзинаға “Үздік оқытушы” сыйы тарту етілді.

Тіл деп тебіренген қаламгерлерді алған сыйлықтарымен құттықтаймыз! “Ел үшін еткен еңбек еш кетпейді ешқашан”.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button