Руханият

Үмітті ақтаған үздіктер анықталды

Ұлт қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневті Қарағанды жұртындай ұлықтап жүрген ешкім жоқ шығар… Міне, осымен 16 жыл қатарынан еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға Жұмабек Тәшенев атындағы сыйлық табысталып келеді. Оннан астам жас ақынның тұңғыш кітабы осы сыйлық аясында жарық көрді. Жыл соңында халық игілігі үшін еңбек еткендердің еңбегі еленеді, «Жыл үздіктері» анықталады. Бұның басы-қасында айтыс­кер ақын, жұрт бұл күнде «қайраткер» деп құрметтеп жүрген Айтбай Жұмағұлов пен Арқаның Атымтай жомарты Сапар Ипкеев тұр. Айтулы сыйлық биыл да өз иелерін тапты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сыйлықты табыстаудағы мақ­сат айқын – Қазақстанның сол­түстігіндегі 5 облысты жат жұрттың қанжығасына байлап жібергелі тұрған Кеңес үкіметіне қарсы шыққан Жұмабек Тәшеневтің ерлігін дәріптеу, Алаш ерлерінің аманатын сақтай білген қаһарман тұлғаның рухына осылайша құрмет көрсету.

Жыл үздіктерін анықтайтын кеште облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановқа сөз берілді. Ол атаулы сыйлықтың маңызы хақында айтты.

– Жұмабек Ахметұлының қазақ тарихында алар орны айрықша. Ол – жас ұрпақ үлгі алатын, бойын тіктейтін, бір ғасырда бір туатын қайраткер һәм батыр тұлға. Оның ерлігін ұлықтау – бәріміздің парызымыз. Егемен елдің жас буыны өнеге алуы тиіс. Бүгінгі шараның да көтерер жүгі салмақты. Сыйлық алған азаматтар әрі қарай да ел игілігі үшін қызметін жалғастырса деген тілек бар. Жұмабек атамыздың ұлтым деп соққан жүрегін берсін! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, Егемендігіміз баянды болғай! – деді Нұркен Кобжанов.

Жұмабек Ахметұлы – ұлт руханиятының жанашыры болған тұлға. Қазақтың бұлбұлдары мен дүлдүлдерінің Мемлекеттік сыйлық алуына зор еңбек сіңіргенін көпшілік біле бермейді.

Жұмабек Тәшенев жүлдесімен жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие мен азаматтық мінез қалыптастырудағы көп жылғы еңбегі мен өңірім руханиятының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Дариға Рақымқызы мен Рымбала Смаилова және Махмұд Садықанов, Темірхан Абылаев марапатталды. Марапатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов табыстады. Сонымен қатар, «Еңбек адамы» аталымында Кенже Қожабаев та марапат иелерінің қатарында. Бәріне шипажайға жолдама берілді.

«Жылдың үздік қайраткері» – қоғамдық істерге белсене араласып, қажыр-қайратын танытып жүрген Нұрсұлтан Шаменов, «Жылдың үздік айтыскер ақыны» – айтыс­кер ақын, жырау Тілеген Әділов, «Жылдың үздік айтыскер ақыны» – талантты жас Жандос Бақытұлы. Биыл екі айтыскер жүлдеге лайық деп танылды. Жандос Бақытұлына құнды домбыра табысталды. «Жылдың үздік ақыны» – «Ыстыбұлақ», «Ар-Рух» кітаптарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай. «Жылдың үздік қаламгері» – белгілі журналист, ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым деп танылды. «Ғылым мен білімге және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» аталымы Шапағат Жалмаханов пен филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғаповқа, «Оқу-ағарту және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» аталымы Ләззат Темірханова мен Жадыра Баймолдинаға, «Жылдың үздік мәдениет және өнер қайраткері» Қалкен Қанапияұлына, «Жылдың үздік тілшісі» Аяжан Ералықызына, «Жылдың Атымтай-Жомарты» меценат Асқар Оразбековке, «Жылдың үздік белсендісі» номинациясы «Saryarqа Aqparat» медиахолдингі директорының кеңесшісі Айсұлтан Жақыпқа табысталды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлық берілді.

Кеш Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Құрмаш Маханның әнімен түйінделді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button