«Үміті болып отанның, болашаққа бет алдың»

Таңғы 8:30-да Қарағандыдағы №6505 әскери бөліміне барғанымда подполковник Жандос ҚҰЛБАЕВ «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарайтын 4 облыстағы 8 әскери бөлімшенің самбошы сарбаздарын марапаттау салтанатында екен.

– Подполковник мырза, әскери сайыстарды жиі өткізудің маңызы қаншалықты?

 – Байқасаңыз, дәл қазір ұландар жеңістің дәмін сезініп тұр. Бәрі – республикадағы кіл мықтылар. Осындай сәтте «жеңілген – жеңгенге, жеңген – жеңілгенге» құрметпен қарауы тиіс. Сонда ғана жауынгердің ел қорғанысының мықтылығына деген сенімі артады. Соны байқап тұрмын.

– Ендеше, марапатталған сарбазға бір ауыз жылы сөз айтқаныңыз жөн шығар…

 – Жауынгердің жеңісіне тәнті болғанда, көңілде «әп, бәрекелді» тұратыны рас. Қолын алып, арқаланатын да сәт болады. Бірақ, бұл – әскер. Көңілшектікке орын жоқ.

Орнықты сұрақтар қойғаныма орай, маған жауынгерлердің әскери өмірін бақылауға мүмкіндік берілді.

6505 әскери бөлімі сарбаздарының әр күні таңғы сағат 6:00-дегі саптан кейінгі жаттығудан басталады. Таңғы асқа 20 минут ақыт беріледі. Кейін жауынгерлер қайтадан әскери жаттығуларға кіріседі екен. 2-3 сағат қатарынан жүретін әскери жаттығулар маған көп көрінді. Бірақ, «Әскери жаттығу қаншалықты көп болса, соншалықты пайдалы» дейді командир.

Жалпы, Қарағандыдағы ҚР Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әс- кери бөлімінің Жезқазған, Балқаш, Қаражал қаласы және Сангородок, Долинка кенттері мен Қарабаста орналасқан бөлімшелерінің сарбаздары түзету мекемелерін күзетеді. Ал, Теміртау мен Майқұдықтағы бөлімшелер қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Күн сайын бір ауысымда «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 2500 әскери қызметшілері жауын- герлік қызметке араласады. Олардың ішінде 1500-ден астамы түзету мекемелерін қорғау міндеттерін орындаса, басқалары қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал, бөлімшеде қалған сарбаздар қатаң әскери жаттығуға кіріседі.

Сол күні әскери бөлімде қалған сарбаздар үшін сағат 13:00-дегі түскі астан соң дәрігерлік тексеріс басталды. Сарбаз жарақат алып, денесінде ақау анықталған болса, командирдің бұйрығымен бөлімшеге тексеріс жүргізіледі. Жауынгерлер тексеріске кіргенде подполковник Қанат Досұлымен әңгімелесудің сәті түсті. Подполковник Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты әлемдік әскери қуаттылық рейтингі бойынша 55 орынға тұрақтағанын айтты.

 «Бұл рейтингті АҚШ Орталық барлау басқармасы (Global Firepower Military Ranks-2017) 133 мемлекеттен саралап шығарған. Жер көлемі, жан саны, бюджеті, туу көрсеткіші, реактивті оқтар мен зымырандарының қуаты мен саны, әуе, теңіз күштері, запастағы әскер саны – жалпы 50 параметр бойын- ша саралаған» деді подполковник. Біздің әңгімені дәрігерлік тексерістен шығып «күнделікті тексерістің керегі шамалы. Біздер бір үйдің баласындаймыз ғой» деп қалжыңдап келе жатқан сарбаздың сөзі бөлді. Сағат 17:00-де командир тарапынан қарумен жұмыс істеуге бұйрық берілді. Сарбаздар автоматты 20 секундта жинап үлгерді. Командир қарумен жұмыс сарбаздарды әскери айла-тәсілге, қағілездікке тәрбиелейтінін айтады. Оған қоса, қару-жарақтарының сай болуы – әскердің сенімі мен ерік-жігерін бекемдейді. Жаттығудан кейінгі кешкі тамақта Жаңаөзен қаласынан әскерге шақырылған Саламатпен тілдесудің сәті түсті. «Әскери өмір – жүрек қалауы. Алматыдағы әскери институтқа түсіп, бұйыртса, генерал боламын» дейді сарбаз. Көп кешікпей сарбаздарға жеке уақыт берілді. Бұл – тынығу кезеңі. Қызу әңгіме басталып кетті. «Төрт өңірлік қолбасшылыққа бөлінген еліміздің Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы санының 70 пайызға жуығы келісім-шарт, ал қалғандары шақыру бойынша әскери міндетін өтеушілер. Осындай айбын- ды армиямыз бар» деген екі сарбаз елдегі әскери өмірдің жай-күйіне ризашылық танытты. Әскердегі жағымды әңгімелер – жаттығулар секілді жауынгер жүрегінде мақтаныш сезімін оятатынын аңғарғандай болдым.

Бұл уақытта әңгімені үнсіз тыңдаған бірнешеуі ендігі әскери киімнің ақ жағасын тігіп болып қал- ған еді. Қызылорда қаласынан келген Абылайхан Томшыбай қолына гитарасын алды. Жігіттер де Абылайдың осы әдетін асыға күткен секілді.

– «Мен қазақпын, бойымдағы қан қазақ, Мен қазақпын, мен шырқайтын ән қазақ, Бір қазақтың бақыты мен бағына, Барша үнімен қуанса екен бар қазақ.

Мен қазақпын, түрім қазақ, тіл қазақ, Мен қазақпын, мен айтатын жыр қазақ, Сүйеу болсын, тіреу болсын, мың қазақ, Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ» – деген Абылай бұл әнді қазақ жастарына арнады.

Сағат 22:00-де кезекші әскери жігіттің: «Ұйқыға жат!» деген пәрмені естілген. Ертең сарбаздарды таңғы қарбалас күтіп тұр.

Аяулым СОВЕТ.