Жаңалықтар

Өмірімнің қайнары сіз, АНА

…«Адамдықтың негізі – әйел» депті әлемнің Әуезові өткен ғасырдың басында. Рас сөз. Менің кеш те болса, кірген ақылым Ұлы Мұқаңның осы дуалы сөзіне де, сосын… «Адамзаттың бастауы – ана» дегенге табынады…
… Біреуге ақыл айтып, пәлсапа соғудан қашықпыз. Өз ақылымыз өзімізге жетпей жататын тұста жөн сілтеп, жол көрсете қоятындай басы артық ақыл жоқ. Тек, ой түбінде жатқан сөздің толқығанда шығатыны рас екен….
…Жалпы, осы 8 наурызды қыз-келіншектер күні дегеннен гөрі, менің санам неге екенін қайдам, Аналар мерекесі деп қабылдайды… Адамзаттың бастауында тұрған – Ана болған соң шығар. Қазақта сөз бар «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген. Бірақ, онда да біліп жарытпайсыз ба деймін. Ата-ананың қадірін олардың қарттыққа бет алғанында бір-ақ ұғатын сияқтымыз. Не өмірден озып кеткенде. Маңдайыңыздан иіскеп, бауырына басатын адам табылмағанда… Өз басым соны ұқтым. Амал не, біреу ұғады. Біреу ұқпайды. Біреу – ерте, біреу – кеш…
…Мына өмірдегі пенденің басынан өтетін әр түрлі, қилы-қилы жағдай, оқиға, бәрі-бәрі Алланың сүйікті құлына берген сынағы десек, күн сайын Жасаған иеміз бізді мың сынайды. Мұны кейде бағамдаймыз, кейде жоқ. Пендеуи пиғыл мен тіршіліктің тырбаңымен мән бермейміз. Ал, оның салдары сосын сан соқтыратынын сол сәт сезінбейміз… Жалғанның әттеген-айы сонда. Сондықтан…
… Бүгін Сіз әуелі анаңызды құттықтаңыз. Көзі тірі болса. Тіршілігінде қадірін біліңіз. Жоқ болса, есіңізге алып, бір құран бағыштап та жіберіңіз. Өйткені, сіздің осынау бақуатты ғұмырыңыздың басында Ана тұр… Анаңа жақсылық жасай алмай отырып, өзгеге мырзасынып көрсеткен сый-сияпаттың құны – бес тиын…
…Алла бүгін сізді тағы сынамақ. «Анаңызға қызмет қыласыз ба, қылмайсыз ба?!.» деп. Алтын-жақұтқа малындыру – шарт емес. Небары – шын жүрегіңізден анаңызды сіз үшін аса қымбат, ешбір баға жетпейтін – Асыл екеніне иландырыңыз. Болды. Бары сол ғана. Анаға деген мейірім. Махаббат. Риясыз ықылас. Шынайы, кіршіксіз, пәк көңіл… Бұл шашылып-төгіліп шығындалатын материалдық құндылық емес қой. «Ақшам шығып кетеді» дейтін. Анаңыз онсыз да сізге бермесе, сізден алмайды… Мынау бес күндік жалғанда сізді дүниеге әкелгенде жүрегі жарыла қуанған анаңыздың үміт оты ешқашан сөнбесін. Сөндірмеңіз.
… Ананың қадірін білейік, ағайын. Тіршілігінде керек қылмай, өлгенде өтірік жылағанда кімді алдайсыз?! Өзіңізді ме, әлде өзгені ме?!
…Мерекеңізбен, анашым! Өмірімнің бастауы – Сіз! Аман жүріңіздерші, аналар! Жүз жасаңыздар! Перзенттік парызын ешқашан ұмытпайтын ұл-қыз берсін Жасаған. …Аналар мерекесі құтты болсын!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button