Жаңалықтар

Өмірге өзек болар бес бастама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға жылда жолдайтын дәстүрлі Жолдаулары – көпшіліктің көңілін көтеріп, жігерін жанып, сенімін орнықтыратын, егемен еліміздің бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құжаттар екендігін барша жұрт айтып та, жазып та жүр.

Биылғы Жаңа жылдағы кезекті Жолдаудың тақырыбы – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталған. Осы ізгілікті істің жалғасы ретінде наурыз айының басында Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі жарияланды. Үндеуді оқып, үндемей қалу мүмкін емес. Халыққа керегі әлеуметтік жағдай. Өмірдің өзегі, тіршіліктің тіреу-тірегі болатын да – осы. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» делініпті. Халық даналығында «Өз үйің – өлең төсегің», «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. Баспана – басты тақырып. Әр кезеңде де толық шешілмей жататын түйінді мәселе. Үндеу айтады: «2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет». Мұның жауабы ретінде «7–20–25» бағдарламасын ұсынған. Үш цифрдың айтарлықтай жеңілдіктері бар екен. Бұрынғыдай несие өсімі 14-16 емес, енді жылына 7 пайыздан аспайды. Банктегі бастапқы жарна баспана құнының 30-50 пайызы емес, 20 пайызы. Несие ұзақтығы бұрынғы 10-15 жыл емес, енді 25 жылға дейін. Бірінші бастама – үйсіз, күйсіз жүрген талай адамның бағын ашып, тұрмысын жеңілдетейін деп тұр. «Қолжетімді баспана» деген қолайлы ұғым осы болса керек. Бұл – аспандағы арман жерге қонар сәт.

Ал, екінші, үшінші, төртінші, бесінші бастамалар осы үкілі үмітті толықтыратын игі қадамдар. Бүгінгі алмағайып, ауыр заманда, жаһандану үрдісінде ұлттық кодымызды сақтап қалу үшін де мұндай маңызды бастамалар қажет-ақ. Бұл бастамалар – бәрімізге жасалған жақсылық, көрсетілер көмек, ортақ қуаныш. Ендеше, Елбасымыздың нұрлы Наурызда ырым қылып бастаған осынау игі бастамалары – ұлтымызға, әр қазақстандыққа зор сенім, соны серпін сыйлап, жағдайларын жақсарта түсері сөзсіз. Жалпы алғанда, әлеуметтік жағдайдың жақсарғаны – адамзат үшін бақ пен бақыт.

Әлімжан ЖАҚАН,

Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button