Бас тақырыпСпорт

Месси & к мықтылығын дәлелдеді

Жылдар бойы асыға күткен доп додасы да мәреге жетті. Бұл чемпионат футболсүйер қауымға небір эмоция сыйлады. Әртүрлі күтпеген оқиғаның да куәсі болдық. Енді міне, доп додасына көз тіккен бір ай тарих қойнауына еніп барады.

Әлем чемпионатының ақтық кезеңінде Аргентина құрамасы Франция құрамасын жеңіп, кубокті төбесіне көтерді. Қос команда 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында кездескен. Сол жылы аргентиналықтарды жолда қалдырып, өздері чемпион атанған еді. Бұл жолы аргентиналықтар француздардың аяғынан шалды. Осылайша аргентиналықтар 1986 жылдан кейін араға 36 жыл салып, үшінші мәрте әлем чемпионы атанып отыр.

Аргентина құрамасы бірінші болып өздері гол салып үлгеруге тырысады. Содан кейін қорғаныста ойнап, қарсылас шабуылына қарсы тұрады. Бұл – команданың басты айласы. Осы айлаға салып, алғашқы таймда екі голды қарсылас қақпасына тоғытты.

Алғашқы гол – пенальтиден соғылды. Шабуылшы Анхель Ди Мария француздардың қорғанысынан өтіп, айып алаңына енген шағында Усман Дембеле оған қарсы тәртіп бұзады.

Ал, бұл есепте алға шығуға үлкен мүмкіндік. Сондықтан, мүмкіндікті мүлт жібермеу қажет. Команда капитаны Лионель Месси 11 метрлік айып добын орындамақ. Шешуші сәт. Оған артылған жауапкершілік жүгі де ауыр. Бір сөзбен айтқанда, қателесуге мүлдем болмайды. Бұған дейін Лео чемпионат барысында бес мәрте айып добын орындаған. Оның төртеуін соқса, біреуін Польша қақпашысы Войцех Щенсный қайтарған. Ал, шабуылшы бұл жолы жанкүйерлерін жерге қаратпады. Франциялық қақпашы Уго Льористен айласын асырып, командасын алға шығарды.

Араға 10 минут салып, аргентиналықтар екінші голын соқты. Ди Мария әріптесі Алексис Макаллистердің пасын шеберлікпен қабылдап, қарсылас қақпашысын қапыда қалдырды. Бұл таймда аргентиналықтар допқа иелік етуде алдына жан салмады. Пас беру көрсеткіші жағынан да басым болды. Есеп – 2:0.

Ал, француздарға не көрінді? Олар аргентиналықтар секілді бұған дейінгі ойындарды тең аяқтап, пенальти сериясына дейін созған жоқ. Барлық кездесуді негізгі минутта аяқтаған командалардың бірі. Тек, бұл жолы өздерін қолға ала алмаған сыңайлы. Алғашқы таймда ойында жүйе болмады. Жүйе болмаған соң соққы да қақпаға дарымай, берген пасы да бағыттаған жерге тура жетпеді. Француздар 80-ші минутқа дейін өз-өздеріне келе алмай, сене де алмай жүрді. Тек, 79-шы минутта аргентиналық Николас Отаменди айып алаңына енген Рандаль Коло-Муаниға қарсы ереже бұзды. Осы сәтте француздарға ес кіріп, қайта жігерленгендей. Шабуылшы Килиан Мбаппе айып добын сәтті орындап, есеп алшақтығын қысқартты

Француздар құдды осы сәтті күткендей. Араға бір минут салып Мбаппе қос голдың авторы атанды. Маркус Тюрамның әуелете берген пасын жерге түсірмей, қақпаға бағыттаған шабуылшы таразы басын теңестірді. Ойын – енді қыза түскендей.

Негізгі тайм тең аяқталып, соңы қосымша минутқа ұласты. Десе де Лионель Месси 108-ші минутта есепті 3:2-ге жеткізді. Міне, нағыз эмоцияға толы ойын! Ойынның бітуіне шамалы ғана уақыт қалды. Жанкүйерлер көз жасына ерік беріп, осы есептің өзгермеуін іштей тіледі. Алайда, француздардың шабуылы барысында доп айып алаңының ішінде тұрған қорғаушының қолына тиіп, оған қарсы ереже бұзылды. Осылайша, оларға тағы бір пенальти жазылды. Өкінішке қарай, аргентиналық қақпашы айып добын орындаған Мбаппенің соққысын қайтара алмады. Есеп – 3:3. Ойынның соңы пенальти сериясына созылып, онда аргентиналықтар жеңіске жетті. Осылайша, олар екі жылдың ішінде үш кубок иеленіп, жанкүйерлерін қуантты.

Чемпионаттың күміс жүлдесі үшін болған ойында Хорватия құрамасы Марокконы 2:1 есебімен жеңді. Биыл да хорватиялықтар құр қол қайтпады. Ал, биылғы чемпионаттың басты сенсациясы – Марокко құрамасы. Керемет ойын көрсетіп, соңына дейін күресті.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша 21 жастағы аргентиналық Энцо Фернандес «Үздік жас ойыншы» атағын жеңіп алды. Ал, 30 жастағы қақпашы Эмилиано Мартинес «Үздік қақпашы» атанды. Командасын алға сүйреп, шешуші сәттерде шеберлік таныта білген қақпашының еңбегі ақталды. Ал, франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе чемпионаттың «Үздік сұрмергені» атанды. Лионель Месси – чемпионаттың «Үздік ойыншысы». Ол осыдан сегіз жыл бұрын дәл осы атақты жеңіп алып еді. Бұл жолы чемпионат кубогін қоса көтеріп кетті.

Жыры да, жөні де бөлек доп додасы осымен тәмам! Жылдар бойы күткен дода бір айда өте шығып, тарих болып қала берді. Енді 2026 жылы әлем чемпионаты АҚШ-та өтпек. Ол чемпионат биылғыдай емес, басқа форматта болады. Ал, біз асыға күтеміз!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button