Мергендер бәсекесі
Қарағандылық жеткіншектер мергендіктерін сынады. «Локомотив» спорт кешенінде балалар-жасөспірімдер клубтарының ХVI Спартакиадасы бағдарламасы бойынша пневматикалық мылтықпен нысананы көздеді. Бәсеке қорғаныс-бұқаралық және әскери-патриоттық айлық шеңберінде ұйымдастырылды.
Алдымен, командалар өзара іріктеу турнирін өткізді. Бұл жарыстар екі күнге созылды.
Үшінші күні өткен ақтық сынға «Туған жер», «Қуаныш», «Спорт», «Восток», «Арман», «Локомотив» шықты.
Финалда Пришахтинскте орналасқан «Қуаныш» клубының жеткіншектері мергендіктерін дәлелдеді. Ұпай санымен І орынды қанжығаға байлады. ІІ орынды «Восток» клубы еншілесе, ІІІ орынды «Арман» иеленді. Екеуі де Майқұдықта орын тепкен клубтар.
Жарысқа Қарағанды қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Шахтер» КМҚК ұйытқы болды.