Қарқаралы

Мерекеге тарту

Ару Астананың туған күніне орай, Қарқаралы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан – Бүркітті ауылында отбасылық дәрігерлік амбулатория мен Қарқаралы қаласы басындағы 12 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

00

Атап айтқанда, Бүркітті ауылындағы отбасылық дәрігерлік амбулатория енді халық игілігіне қызмет жасамақ. Аталмыш шараның салтанатты ашылуына аудан әкімі Халел Мақсұтов, тиісті мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен, аудан басшысы жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында еліміз өркендеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсарып келе жатқандығын баса айтты. Сондай-ақ, Елбасының халыққа арналған жыл сайынғы Жолдауында айтылған нақты қадамдардың іске асып жатқандығының айқын бір көрінісі – ауылдық жерлерде отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың ашылып жатқандығы екендігін жеткізіп, компьютер сыйға тартты.

Аталмыш нысанның құрылысын жүргізген «Балқаш Жібек Жолы» өндіріс бөлімінің басшысы Елена Николаевна құрылыстың сапалы болуы үшін бар мүмкіндіктерін пайдаланғанын жеткізді. Ал, ауыл тұрғыны, ақ жаулықты ана, еңбек ардагері Орал Әділханова апай «Исі мұсылман қауымының ұлық мерекесі айт күні ашылып отырған дәрігерлік амбулатория халықтың игілігіне берілмек. Осындай мүмкіндікті туғызып отырған Елбасына, облыс әкіміне, аудан әкіміне, ауыл әкіміне, барлық ел азаматтарына аналық алғысымды білдіремін» деді.

Ауыл халқы көптен күткен ғимараттың лентасы қиылып, шашу шашылды. Ем қабылдайтын, екпе жасайтын, акушерлік, балалар дәрігерінің кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекетіміздің қымбат қазынасы – адам денсаулығының нығаюына қалтқысыз қызмет жасайтын осындай дәрігерлік амбулаториялардың әсіресе, ауылдық жерлерде ашылуы қуанышты жағдай.

Мереке күні қоғамымыздың басты қозғаушы күші, жарқын болашағымыз, кемел келешігіміздің кепілі – жас отбасыларға аудан әкімі Х.Мақсұтов пәтер кілттерін табыстады. Игі іс «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асып отыр. «Тұрғын үй жинақ банкінің» жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасының негізінде 12 отбасына төмен пайызбен ипотекалық тәртіппен пәтерлер берілді. Ел азаматтарын баспанамен қамтуға арналған ауқымды жоба – үйсіз жүрген жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Балалары баспаналы болған ата-аналар атынан Қайсар Айдарханов ағайымыз ризашылығын білдіріп, көпшілік қауымды мерекемен құттықтады.

Тұрғын үйдің лентасын қию рәсімін аудан әкімі Х.Мақсұтов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жүкібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Омаров жасап, ордалы, үлгілі отбасы болуларына тілектестіктерін жеткізді.

Суретті түсірген Т.ХАМИТОВ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button