Мереке шуағын сыйлады
Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай онлайн-концерттер ұйымдастырылуда. Мәселен, бүгін Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ел назарына «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концертін телевизиялық нұсқада ұсынды.
Бірлестіктің Youtube желісіндегі ресми арнасында көрсетілген мерекелік кештің әсері мол болды. Өнерпаздар заманауи үлгіде безендірілген сахнада жанды дауыста әуелете ән шырқап, түрлі музыкалық аспаптарда жан тербер әуендер орындады.
Кешті күйшілер ансамблі Қазанғаптың «Ақ желең» және М.Әубәкіровтің «Талас» күйімен бастады. Мерекелік концертте Ержан Базарбеков, Ербол Алшынбаев, Еркежан Сәдуақасова, Қуат Дүйсенов, Төлеген Сармутдинов, Людмила Пропищан, Евгений Пропищан сынды есімі елге танымал азаматтар өнер көрсетті.
Республикалық ән байқауларының жүлдегері Медет Осатаев Дәуренбек Әркеновтің «Аңсау» әнін тамылжыта шырқаса, «Диар» дуэті түрлі елдердің музыкалық композицияларын біріктіріп, аспаптық попурри орындап берді. Ал, күміскөмей әнші Нұрбол Темірғалиев С.Байғожиннің «Отан» әні мен поляк халқының «Полская висла» әнін нақышына келтіре орындаса, Сержан Мұсайын Біржан салдың «Сырғақты», Қасым Аманжоловтың «Ақ сәуле» әнін шебер шырқады.
Көтеріңкі көңіл-күймен өткен шара көпұлтты еліміздің татулығын паш еткендей. Түрлі тілдерде әуелете шырқалған әсем әндер мен әуезді күйлер сөзімізге дәлел болары анық. Әрі, бұл концерт бірлестік өнерпаздарының жан-жақты екенін көрсетті. Мұны өнер ұжымының тыңғылықты дайындығының жемісі деп ұқтық.
Жәлел ШАЛҚАР.