АймақРесми

Мерейтойдағы марапат

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан мәслихаттары құрылуының 30 жылдық мерейтойы аталып өтіп, аудандық мәслихаттың осы мерзім ішіндегі 8 шақырылымының көптеген депутаттары өздерінің белсенді саяси қызметі үшін марапатқа ие болды.

Суретті түсірген Александр Марченко

Өткенге оралсақ, еліміз егемендік алғаннан кейін осыдан 30 жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» 1993 жылғы 10 наурыздағы Заңымен өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттігі бөлінді. Халық кеңестерінің депутаттары мәслихаттар депутаттар жиналысы болып құрылып, 1994 жылдан бастап мәслихаттар өз жұмысына кіріскен еді. Міне, дәл сол кезден егемен Қазақстанның өкілді билік органдарының қызметі есептеліп келеді.

Аудандық Мәдениет үйіне келген ел әуелі осында фойеде қойылған көрмемен танысты. Онда «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл», «Мәслихат – ел қамқоры», «Халыққа қызмет ету – өмірлік ұстаным» тақырыптарындағы стенділерден жергілікті өкілді органның жүріп өткен жолы мен оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен сайлаушылардың аманатын орындаудағы депутаттардың іс-қимылдарын көруге болады.

Сахна төрінен Әнұранымыз орындалып, салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов:

– Мәслихаттар халық пен билік арасындағы алтын көпір болып саналады. Олардың құрамына халық тікелей дауыс беру жолымен сайлаған депутаттар алғашқы сессияларынан бастап атқарушы органдармен бірлесіп, небір күрделі мәселелерді шешумен келеді, – дей келе, аудандық мәслихаттың әр шақырылымындағы бірнеше депутатқа облыстың Құрмет грамоталары мен облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарын, мерейтойға арнап шығарылған медальдарды тапсырды.

Ал Бұқар жырау ауданы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, тиісті медальдарын бір топ депутатқа табыстаған аталған аудан әкімі Ерлан Құсайын сонау тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтарды еске алып, сол сын сағатта да аудандық мәслихат депутаттарының халықпен бірге болып, олардың проблемаларын шешуде табандылық танытқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол қазірде аудан әкімі қабылдаған кез келген шешім бірінші кезекте депутаттардың талқысына түсіп, аудандық мәслихат арқылы өтетінін де ашық айтты.

Келесі кезекте аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли аудандық мәслихат депутаттарының осы 30 жылда атқарған жұмысы мен жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталып: – Бүгінде мемлекетіміздегі барлық деңгейдегі депутаттар корпусы нығайып, өз аймақтары бойынша барлық мәселелерге араласады. Мәселен, біздің депутаттар облыстық мәслихаттың 5 тұрақты комиссиясының отырыстарына да қатысып, облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларына аудан дамуына қатысты сұрақтарын қойып, ел Парламентінің қос палатасымен де тығыз байланыс орнатқан, – деп қуана хабарлап, тағы да депутаттар тобына тиесілі марапаттарын ұсынды.

Бұл салтанат үстінде Асхат Сағадиұлының идеясы бойынша Қаршыға Игеннің режиссерлігімен түсірілген деректі фильм көрсетіліп, ол өңір мен аудандық мәслихаттың даму тарихынан сыр шертіп, жиналғандар оны қызыға тамашалады.

Мерейтой салтанатында жергілікті өнерпаздар Қазбек Талашев, Азамат Амантайұлы, Гүлдана Макшонова, Сая Халидолда, Еркебұлан Қалиев әуелете ән шырқап, «Шұғыла» би тобы мың бұрала билеп, қалың көпшіліктің көңілін бір серпілтті.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button