10 пайыздық жарнамен ипотека ұсынылуы мүмкін
Қазақстанда бастапқы жарнасы 10 пайыздан басталатын жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу тетігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы 17 қарашада Үкімет кулуарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде «7-20-25» және «Наурыз» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алушылар үшін бастапқы жарна мөлшері 20 пайызды құрайды. Ал, мемлекеттік қолдаудың жекелеген тетіктері аясында бұл көрсеткіш 10 пайыздан басталады. Олардың қатарында «2-10-20» және «5-10-25» бағдарламасы бар.
– Осы бағыттағы қолданыстағы мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында қарыз қаражатын тартудың жаңа нарықтық тетігі әзірленіп жатыр. Жаңа механизм бойынша бастапқы жарна мөлшері 10 пайыз деңгейінде белгіленбек, – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Жаңа тетік «Отбасы» банкімен бірлесіп әзірленуде. Сонымен қатар, оны өзге де қаржы институттары арқылы іске асыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Атап айтқанда, бұл үдеріске Қазақстанның тұрғын үй компаниясы мен екінші деңгейлі банктерді тарту көзделген. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бар екінші деңгейлі банктердің де жаңа механизмге қатысуы жоспарланып отыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



