Жаңалықтар

«Заң мен тәртіп» күнделікті өмірден басталады

Мемлекет пен қоғамның өркендеуі ең алдымен заң үстемдігіне, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың жауапкершілігіне байланысты. Өйткені, заңға құрмет тек құқық қорғау органдарының қызметімен немесе жазалау шараларымен шектелмейді. Ол әр адамның күнделікті іс-әрекетінен, қоғамдық ортадағы мәдениетінен, өзгелердің құқығы мен қауіпсіздігіне деген құрметінен көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның құқықтық санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды ұстанымға айналып отыр.

Сурет ЖИ

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының басым бағыттарымен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы ұсынған бұл қағидаттың түпкі мәні – заң талаптарын сақтау қалыпты өмір салтына айналып, әр азамат өз әрекетінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Демек, тәртіпті сақтау тек міндет емес, ортақ қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін азаматтық мәдениеттің көрінісі.

Бұл ұстанымның маңызы, әсіресе, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында айқын байқалады. Қарағанды облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға құқығы жоқ азаматтарды анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Облыстың Полиция департаментінің мәліметінше, медициналық ұйымдармен бірлескен ведомствоаралық тексерулер нәтижесінде психиатр мен наркологтың диспансерлік есебінде тұрған 603 азаматтың жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылған.

Мұндай шаралар жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ұйымдастырылған. Өйткені, көлік басқару –  үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, заңда көзделген шектеулерді сақтау – жеке адамның ғана емес, айналасындағы барша жұрттың қауіпсіздігіне деген құрмет. Бұл ретте полиция өкілдері азаматтарды медициналық тексерулерден уақытылы өтіп, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыру жұмыстары балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етумен де тығыз байланысты. Себебі, заңды құрметтеу мен қауіп-қатерді дұрыс бағалай білу дағдылары адам бойына бала кезден сіңуі қажет. Бүгінде балалардың қауіпсіздігі тек көшеде немесе мектепте ғана емес, үйде және цифрлық кеңістікте де өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты Қарағанды облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы «Қауіпсіз балалық шақ» бағдарламасы аясында «Балалық шақ қауіпсіздігі мектебі» жобасы қолға алынған. Жоба аясында «Қауіпсіз драйв» ісшарасы өтіп, балаларға велосипед, самокат және өзге де жеңіл көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану мәдениетін үйретуге бағытталды. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының әдіскері Қайрат Әшімханов мұндай ісшараның басты мақсаты балалардың қауіпсіз қозғалыс дағдыларын қалыптастырып, жолдағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыру екендігін баса айтты. Әсіресе, велосипед пен самокат мінетін балалардың қорғаныс құралдарын пайдалануына, жол қозғалысы ережелерін сақтауына басымдық беріледі. Сонымен қатар, веложолақтарда велосипедшілермен бірге жаяу жүргіншілер мен балалар арбасын итерген ата-аналар да жүретіндіктен, өзара сыйластықтың маңызы зор. Жобаны алдағы уақытта мектептерде өткізу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Ал, тұрғындардың қоғамдық бастамаларға қатысуы «Заң мен тәртіп» қағидатының ортақ құндылыққа айналып келе жатқанын аңғартады. Мәселен, Қарағандыда салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» жаппай жүгіру шарасына түрлі жастағы қала тұрғындары қатысты. Спорттық басқосуға әр салада еңбек ететін азаматтардың жиналуы қоғамдағы ұйымшылдық пен белсенділіктің көрінісіне айналды. Ісшараның ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Сәкенұлы марафонның қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заңға құрмет пен тәртіпті сақтау әр азаматтың өзінен басталады.

Шын мәнінде, «Заң мен тәртіп» қағидатының өміршеңдігі қабылданған шешімдермен ғана емес, оның әр адамның күнделікті дағдысына айналуымен өлшенеді. Қоғамдық орында тазалық сақтау, жол ережесін бұзбау, өзгелердің құқығына қол сұқпау, балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамау – мұның бәрі бір қарағанда қарапайым әрекеттер болғанымен, қоғамдық мәдениеттің негізін құрайды. Ал, құқық бұзушылықтың алдын алуға әр тұрғынның саналы түрде атсалысуы қажет.

Заңға құрмет бар жерде сенім қалыптасады. Тәртіп орныққан ортада қауіпсіздік нығаяды. Сондықтан, «Заң мен тәртіп» – ұран немесе науқандық бастама ғана емес, қоғамның күнделікті өмір сүру қағидасы болуы тиіс. Ал, оның бастауы әр азаматтың өзінен, отбасынан және айналасына деген жауапкершілігінен басталады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button