Жаңалықтар

Кемелдікке жетелейтін кеңістік

Адам баласын кемелдікке жетелейтін құндылықтың бірі – кітап. Ал, қоғамның кемелденуі сол кітаптан нәр алған, оқығанын ой елегінен өткізіп, түйгенін көпшілік игілігіне жарата білген азаматтарға байланысты. Кейінгі жылдары кітап оқуды жеке адамның әдетінен көпшілікке ортақ мәдениетке айналдыруға ұмтылған оқырман клубтарының қатары көбейіп келеді. Өндірісті өлкеде сондай рухани ортаның бірі де бірегейі – Qasymkitap баспасының жанынан құрылған «Ұлағат» оқырман клубы. Күні кеше клубтың төрт жылдығына орай «Оқырман клубы – қоғамды өзгертетін күш» атты аймақаралық форум ұйымдастырылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Достық үйінде өткен тағылымды басқосуға Астана, Қарағанды қалаларынан, Қарқаралы мен Жаңаарқа аудандарынан келген кітапқұмар қауым жиналды. Олардың қатарында «Алқа», «Оқырман», «Оқылық», «Шырақ», «Қаламгерлер», «Kitaplife», «Үкілі үміт», «Ұшқан ұя», «Күретамыр», «Тұмар», «Book Lovers», «Magic Hour», «Зерде» сынды оқырман ұйымдарының өкілдері болды.

Форум үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде оқырман ұйымдары өздерінің құрылу тарихына, мақсат-міндеттеріне және атқарып жүрген жұмыстарына қысқаша тоқталды. Бір клуб көркем әдебиетті талқылауға басымдық берсе, енді бірі кітап арқылы жастардың тұлғалық дамуына, қоғамдық белсенділігіне ықпал етуді көздейді.

– Алғаш кітап талқысын ұйымдастырғанымызда келетін адамдар саусақпен санарлықтай ғана еді. Бүгінде, міне, тамшыдан теңіз құралғандай, қатарымыз көбейіп, ауқымымыз кеңейді. Осы төрт жылда бір ортаға ұйысқан адамдардың кітапқа деген ықыласын ғана емес, өзара қарым-қатынасын, дүниетанымын да байыта алдық деп ойлаймын. Форумды өткізудегі негізгі мақсатымыз да – өзіміз құралпы оқырман ұйымдарымен тәжірибе алмасып, байланысты нығайту, бір-біріміздің жақсы бастамаларымыздан үйрену, – деді «Ұлағат» оқырман клубының жетекшісі, Qasymkitap баспасының редакторы Гүлдана Қуатқызы.

Басқосудың келесі бөлімі форумның негізгі тақырыбына арналды. Астаналық «Алқа» ұйымы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетіндегі «Kitaplife» клубы, елордалық «Оқырман» және «Ұшқан ұя» клубтарының өкілдері төрт бағыт бойынша ой өрбітті.

– Біздің бәріміздің діттегеніміз – кітап оқуды насихаттау. Әйтсе де, мәселе көп кітап оқуда ғана емес, оқығаныңды қаншалықты терең түсініп, көңілге тоқи білуде. Әсіресе, пәлсапалық салмағы басым, астарлы ойға құрылған шығармаларды бірнеше мәрте оқығанда ғана бұрын аңғармаған қырларын байқай бастайсың. Көркем әдебиеттегі символизм, архаизм секілді ұғымдардың өзін екінің бірі бірден түсіне бермейді. Ол үшін ізденіс, зерделеу, пікір алмасу қажет. Осы орайда хакім Абайдың «Қара сөздерінде» айтылатын мұлахаза мен мұхафаза ұғымдарына назар аударған жөн. Мұлахаза – білгеніңді ой елегінен өткізіп, пайымдау, ал, мұхафаза – көңілге түйгеніңді ұмытпай, жадыңда сақтау. Білімді игерудің осы екі қуаты бірін-бірі толықтырып тұрады. Оқырман клубтарының артықшылығы да осында деп білемін. Бір адамның аңғармағанын екіншісі байқайды, бірінің ойы екіншісінің танымын толықтырады. Ортақ талқы арқылы шығарманың астарына үңіліп, автордың айтпағын тереңірек түсінуге мүмкіндік туады. Біздің «Алқа» ұйымы да Астанада осындай рухани орта қалыптастырып, кітапты жай оқитын емес, оқығанын саралап, өз көзқарасын қалыптастыратын оқырмандардың басын біріктіріп келеді. Өйткені, саналы оқырман тәрбиелеу – кемел қоғам қалыптастырудың алғашқы баспалдағы, – деді «Алқа» ұйымының мүшесі Еңлікгүл Дәулетқызы.

Форумның үшінші бөлімі «Ой қақтығысы» деп аталды. Мұнда қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, қоғамдық мәселелер төңірегінде пікірталас жүргізді. Әр топқа арнайы жағдаяттық тапсырмалар ұсынылып, оларды шешудің жолдарын қарастыру міндеттелді. Мәселен, «Адамдар көп нәрсені біледі, бірақ, қоғамдық мәселелерге белсенді араласа бермейді» деген тұжырым ортаға тасталды. Қатысушылар мәселенің себептерін саралап, оны шешудің ықтимал тетіктерін плакаттарға түсіріп, өз ұсыныстарын дәлелдеуге тырысты.

Өз кезегінде форумның өтуіне ұйытқы болған «Ұлағат» клубы төрт жылда атқарған жұмыстарын таныстырды. Бүгінде клуб мүшелерінің арасында студенттер мен оқушылар ғана емес, дәрігерлер, техникалық мамандар, банк қызметкерлері және өзге де кәсіп иелері бар. Түрлі салада еңбек етіп жүрген адамдарды бір ортаға біріктірген ортақ қызығушылық – кітап.

– Біздің ортамызда әртүрлі буын өкілдері бар. Қарағандыда іргелі жоғары оқу орындары орналасқандықтан, жастардың, әсіресе, студенттердің белсенділігі жоғары. Олар өзіне жақын орта тауып, тұлғалық дамуына қажетті алғашқы қадамдарын бізбен бірге жасап келеді.Биыл клубымыздың үшінші толқыны қалыптасты. Екі апта сайын тұрақты кітап талқысын, ай сайын мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Кейбіреулер әдебиетті тек филологтер мен қаламгерлер ғана талқылайды деп ойлайды. Шын мәнінде, бізде мүлде басқа саланың мамандары да бар. Бәрімізді біріктіретін құндылық – кітап, – дейді Гүлдана Қуатқызы.

Төрт жыл ішінде «Ұлағаттың» тынысы да кеңейген. Әуелде кітап оқып, шығарма талқылауды мақсат еткен орта бүгінде бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Мәселен, «Ұлағат үні» атты күй ансамблі ұлттық өнерді дәріптесе, «Ұлағат Speaking» бағытының мүшелері ағылшын тілін меңгеруге ден қояды. Ал, «Ұлағат медиа» шығармашылық ізденіске, бейнемонтаж бен мобилографияға қызығатын жастардың басын қосады. «Ұлағат Running» жүгіруді, саламатты өмір салтын насихаттайтын бастама ретінде қалыптасқан.

Клуб мүшелері қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен кездесуді де дәстүрге айналдырған. Тұрсын Жұртбай, Төлен Әбдік сынды қабырғалы қаламгерлермен өткен кездесулер жас оқырмандардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, «Күй – тарихи жад», «Махаббат бекеті», «Туған жерім – мақтанышым» тәрізді мәдени-танымдық басқосулар, поэзия кештері мен Абай, Мағжан оқулары да клуб жұмысының мазмұнын байыта түсері хақ.

Кітапқа құмар бір адамның айналасына екінші, үшінші оқырманның жиналуы – шағын көрінгенімен, қоғам үшін мәні зор құбылыс. Өйткені, орта қалыптасқан жерде пікір туады, пікір туған жерде ізденіс басталады. Ал, ізденісі үзілмеген ортаның ертеңге ұсынар игілігі де аз болмасы анық. Төрт жылдық белесін аймақаралық форуммен атап өткен «Ұлағат» алдағы уақытта да жаңа бастамаларын жалғастырмақ. Соның бірі – 21 қарашаға жоспарланған «Жапырақтағы жазу» атты поэзия кеші.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button