Қарағанды

Мерейтойға тарту

Алаш арысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген еді. Ал, егер кәсіпкер өз пайдасынан бұрын ел игілігін алға қоятын болса, ол лезде кәсіпкерден қайраткерге айналып шыға келеді де, нарықтың заманында нансыз қалуы да ықтимал. Десек те, өз пайдасымен қатар ел мүддесін де ойлайтын азаматтар жоқ емес екен.

Бұдан біраз уақыт бұрын «Атлант» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Лариса Мантель Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина қатысқан жиында облыс орталығындағы Н.Әбдіров даңғылы, 25 үй мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы тас жолдың шұрық-тесігі жамауға көмек сұраған екен. Кеше аталған ауланың алдында ауқымды жұмыс жүргізілді.

Қазыбек би ауданында ағымдағы жөндеуден өтуді қажет ететін елуге жуық аула бар. Дегенмен, оның бәрін жөндеуге бір күнде бюджет қарастырыла бермейді ғой. Менің айтайын дегенім ол емес. Әңгіме мынада. Бірде жол құрылысымен айналысатын «Ұлар МК» ЖШС компаниясының директоры Қайрат Ташмағамбетов біздің әкімдікке арнайы келіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қарағанды қаласына тарту ретінде қандай да бір қайырымдылық жасағысы келетінін мәлімдеді. Бұл азамат бұған дейін де талай жолды ақысыз салып бергені бар-тын. Мысалы, Сәтбаев көшесінің, «Сарыарқа» әуежайына алып баратын жолдың жөндеуін – осы компания өз мойнына алған. Көп ойланып жатпадық. Есімізге бірден Лариса Мантельдің өтініші түсіп, осы ауланың ажарын келтірейік деп шештік, – дейді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Вадим Гормаков.

Бұл үйде барлығы 328 пәтер бар. Шамамен, мыңнан аса тұрғынның баспанасы. Ал, биылғыдай жаңбырдың көп жауған кездерінде шұңқырлар суға толып, көліктің де, жаяу жүргіншінің де қозғалысын қиындата түседі.

Ауладағы жолды жасамас бұрын, «Қарағанды-Жарық» ЖШС жоспарына өзгерістер енгізіліп, сым тарту бойынша абаттандыру жұмыстарын осы күні жүргізуге келісіліпті. Мұнымен қатар, қала аумағында ағаштарды кесумен айналысатын «Асар кз» зағип жандар қауымдастығы ауланы кепкен бұтақтардан арылтты. Тіпті, «ӘлемГаз» ЖШС-ның өз алаңын абаттандырудағы жоспарлы жұмысының мерзімі де осы күнге ауыстырылған екен. Ал, бұл жұмыстарды жасау кезінде аулаға енген көліктер кедергі болмас үшін, полиция қызметкерлері аулаға кіретін жолды жауып, қозғалысқа шектеу қойыпты.

Әрине, қара басының қамынан Қарағанды қаласының көркеюін артық көрген кәсіпкердің бұл бастамасы талайға үлгі болары анық. Аудан әкімдігінің қызметкерлері де, разы болған тұрғындар да осыны алға тартады.

Рауан Қабидолдин

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button