Мерейлі жылдағы жемісті белестер

Өткен жылдың 14 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ біздің аймаққа арнайы жұмыс сапарымен келген болатын. Облыс активімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады. Облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімінің қызметіне Ерлан ҚОШАНОВТЫ тағайындады. Міне, кеше Ерлан ЖАҚАНҰЛЫНЫҢ аймақ тізгінін ұстағанына 1 жыл толды.

Өңір басшысы осы уақыт аралығында 110 рет жұмыс сапарымен жолға шығып, облыстағы 9 аудан, 9 қаланың тыныс-тіршілігімен танысты. 12 мың шақырымдай жолды артта қалдырып, қала, ауыл халқымен бірнеше рет бетпе-бет жүздесті. Жер-жердегі өзекті мәселелерді көзбен көріп, көпшіліктің ұсыныс-пікіріне құлақ түрді.
Ерлан Қошановтың басшылығымен облыста халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өткен шаралардың қарасы қалың болғанын да халық жақсы біледі. Мәселен, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдық мерейтойының дүркіреп өтуі – сөзімізге бір ғана мысал. «Той атымен тон тігіліп», мерейтойға орай игі істер атқарылды. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі аясында да облыс бойынша жасыл энергетика саласындағы 7 жобаның тұсауы кесілді. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және дәстүрлі Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асыру жолында қыруар істер атқарылды.
Әсіресе, былтыр облыста автокөлік жолдарын жөндеуге жіті көңіл бөлінді. 33,5 млрд.теңгеге жалпы қолданыстағы 863 шақырым автокөлік жолдарына жөндеу жүргізілді. Екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арқылы Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолақтарын күрделі жөндеу туралы шешім қабылданғанын ерекше айтуға болады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге бөлінді. Күрделі жөндеуден кейін әуежайда 1 класты үлкен жүк ұшақтарын қабылдау қамтамасыз етіледі, бұл жүйелі рейстерді ашуға және туризмнің дамуына қосымша мүмкіндік бермек. Проблемасы қордаланған Жезқазған өңірін кешенді дамыту бағдарламасы қолға алынды. Облыс әкімі шалғайдағы Саяқ кентіне де арнайы барып, бастысы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болды.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп, аймақта 5 әлеуметтік нысан бой көтерді.
«Қазақстанның қасиетті жерлері» жобасына – облыстың 21 тарихи-мәдени нысаны, өңірлік деңгейдегі тізімге 43 нысан енді. Көне металлургия және қола дәуірінің 5 ескерткішіне – археологиялық-ғылыми зерттеулер, 11 архитектуралық ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бегазы-Дәндібай дәуірінің 2016 жылы табылған пирамида үлгісіндегі мавзолейі қалпына келтірілді. Облыста Мәңгілік елдің мұрасын насихаттау, жаңғырту жұмыстарының ауқымды екендігін осыдан кейін-ақ бағамдай беріңіз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Ерлан Қошановты бүгінгі қызметіне тағайындаған сәтінде: «Қарағанды – еліміздің экономикалық дамуының басты қозғалтқышы», – деген болатын. Мұның астарында асқан жауапкершілік пен зор сенімнің жатқаны мәлім. Осы жүкті арқалаған Ерлан Жақанұлы, негізінен, әр ісін жарнамалаудан жанын аулақ ұстайды. Елге, Елбасына берген антына адалдығының белгісі болар. Бұл – бұқараның пікірі.
Көпке мәлім, облыс әкімінің ақпан айында өткен халықпен есептік кездесуі де ашық диалог алаңына айналды. Басқосуда ешкімнің «аузына қақпақ» қойылған жоқ. Аймақ басшысы төрт сағаттан астам уақыт бойы тік тұрып, ешбір ұсыныс-пікірді елеусіз қалдырған жоқ. Бастысы, бір жылдың ішінде бұқараның игілігіне бағытталған жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады. Халықтың келер күннен де күтер олжасы көп. Облыс әкімінің сөзімен айтсақ, «Биылғы жыл да біздің алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Біз Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуымыз қажет.
Қарағанды облысы – әрқашан мемлекеттің экономикалық және саяси тірегі болып қала береді. Біздің облыс тұрғындары барлық міндеттерді сәтті жүзеге асырып, аймағымызды дамудың жаңа сатысына алып шығарына сенімдімін».

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.
Сурет облыс әкімінің баспасөз қызметінен алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.