Мерейлі отбасы – мемлекет мақтанышы
Приозерск қаласында тағы бір тағылымды шара өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Мерейлі отбасы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.
Шараның мақсаты – отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту. Бір шаңырақ астындағы берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру. Еліміз үшін мұндай шараның мәні зор. Биылғы қалалық байқауға қатысқандар іріктеліп, барлығы 5 отбасы бағын сынады. Жеңімпаз атанған отбасыларды шаһар басшысы Мансұр Ахметов қабылдап, сыйлықтарын табыс етті.
– Елімізде отбасы ұғымын дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы». Аталмыш байқау арқылы халқымыздың талай өнегелі де мерейлі отбасылары марапатталып, мәртебе биігінен көрініп келеді. Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған бұл игі қадам. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше, әрбір отбасының мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық, – деді Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде I орын алған Абсаматовтар отбасы мен II орынды еншілеген Уразметовтар отбасы облысқа жолдама алды. III орынға Ғалымжановтар отбасы ие болды. Сонымен қатар, белсене қатысқаны үшін Абдирамановтар және Үмбетқұловтар отбасылары марапатталды.
Марапаттау соңында байқауға қатысқан отбасылар атынан Приозерск гарнизонының әскери қызметшісі аға сержант Ертай Махматұлы сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz