Жаңалықтар

Мен – елімнің патриотымын

Мен елімнің патриотымын. Жалған ұран, я болмаса көпшілікке ерген лепес сөзім емес, бүкпесіз шындығым. Патриот екенімді қалай дәлелдесем екен сіздерге?..

Менің елім – ұлан-ғайыр жері бар, дербес ел деген атқа көнеден ие болған, қарға тамырлы қазақтың елі. Тәуелсіз елдің баласымын деп кеудемді кере дем аламын. Маған патриоттық сезім қайдан берілді деген сауалды бір сәт өзіме қойып, ой жүгірткенде, бір нәрсеге көзім анық жетті. Еліңді сүю үшін алдымен оның өткенін танып, келешегіне сену керек екен. Анам бесік жырымен әлдилеп, әжем ертегі айтып, шүйгінді ана тілімде еркін сөйлеп өстім. «Отан – отбасынан басталады» деген осы болар, бәлкім. Мектеп қабырғасында тарихпен таныса бастадым. Жай ғана танысып қойған жоқпын, талай қанды жорықты басынан өткерген бабаларымның еркіндік жолындағы ерліктеріне қайран қалып, ержүректілігін мойындадым. Ұлттық ою-өрнектеріміз, киімдерімізді, қару-жарақтарымызды шеберлігіне, өмір тәжірибесінен жинақталған нақыл сөздерді естіп, көрегенділігіне, тыңдаған жанның бойын елітер әндері мен күйлеріне қаныққан сайын өнеріне тәнті болдым. Бала күннен осыны сезінгеннен бе, ешқашан батысқа еліктеп, не өзге елдің мәдениетін өзімізден артық көрген сәт болған емес. Болмақ та емес.

Сындарлы сәттердің бәрінен мойымай, құс қанаты талар байтақ жерді аманаттап кеткен аталарымыз бізге үлкен жауапкершілік артып кеткен-ді. Бұл жауапкершілік еліңді, жеріңді сақтау, дамыту, көшбасшы болуға ұмтылуды міндеттейді. Иә, өткенді дәріптеп, барды қанағат тұту ел партиоты болуға аздық етеді. Біз алдымен, ішкі рухани байлығы бар, үш тілді, нағыз маман болуымыз керек. Бәсекеге қарсы тұрып, елге қызмет ете білсек, бәлкім, патриоттықтың жемісі сол болар. Елбасымыздың сарабдал саясаты да осыған саяды.

2014 жылдан бері елімізде Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясының шеңберінде «Серпін- 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жобасы жұмыс жасап келеді.

Мен үшін биылғы жыл табыс жылы болды. Осы жоба негізінде мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің электроника, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің студенті атандым. Ақпарат тасқындаған нарық заманында елімізге қажет техникалық интеллигенция қалыптастыруға үлес қоссам деп, техникалық бағытты таңдауымның да мәні елжандылығыммен үндесіп жатыр.

Қазақ жерінде, оның үстіне қазақ болып туғанымды мақтан етемін.

 

Ұлдана ТЕМІРБЕК,

ҚарМТУ-дың  І курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button