Жаңалықтар

Меморандум – мерейлі істер бастауы

Қаражалда қала әкімдігі мен қала жүйесін құрушы кәсіпорындар – «Өркен» ЖШС, «Karazhal – opereiting» ЖШС және «Orda group» ЖШС аралығында өзара әлеуметтік әріптестік қарым-қатынастың тамырын тереңдете түсуді, сол арқылы тұрғындардың қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуді меже тұтқан мақсаты мейлінше ізгі меморандумға қол қойылды.

Осы орайда аталған мәселе тараптар өкілдерінің қатысуымен алдын ала егжей-тегжейлі талқыланып, ортақ мәмілеге оңтайлы қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде заманауи үлгідегі қондырғы сатып алып орнату тәсілімен қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің сапасы бұрынғыдан анағұрлым арттырыла түспекші. Бұдан тысқары, білім беру саласы да игі жетістіктерге қол жеткізеді. Нақтылай түссек, қалаға іргелес орналасқан Ақтай ауылындағы №6 орта мектепке интернет игілігін пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғы орнатылып, осы білім ошағы мен №1 қазақ орта мектебі аумағында абаттандыру шаралары атқарылады. Сонымен қатар, №5 орта мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төңірегін талапқа сай ретке келтіру жұмыстары қолға алынатын болады. Меморандум талаптарында бұларға қосымша республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтамасыз етілген отбасылары балаларына әлеуметтік көмек көрсету шарттылықтары да қарастырылған. Маңызды құжатта сондай-ақ, «Кентөбе» кен орнынан «Қаражал-Қылыш» жол қиылысына дейінгі автокөлік жолын сапалы деңгейде ұстау мен Ақтай ауылын қардан тазалау секілді жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды жұмыстар ауқымы да назардан тыс қалмаған.

Елдің көкейіндегі тілектерін дөп басқан меморандумға қол қою рәсіміне қала әкімі Тілектес Досаевпен бірге «Өркен» ЖШС бас директоры Виктор Гафиулов, «Karazhal Opereating» ЖШС атқарушы директоры Жандос Әбдібеков, «Orda Group» ЖШС бас директоры Константин Шипилов қатысты.

Қалалық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қаланың Құрметті азаматтары мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысқан жиында қала әкімі Тілектес Досаев өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. Ол мерейлі істердің бастауы саналатын меморандумға қол қою рәсімі қала тұрғындары үшін көңіл тоғайтар шырайлы шаруа болғандығын айрықша атап өтті. Жергілікті атқарушы билік пен істерін ілгері бастырып отырған іргелі кәсіпорындардың өзара ынтамақтастыққа негізделген тиімді әрекеттері алдағы уақытта белең ала түсеріне сенім білдірді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button