Мемлекеттік қызметшілер АК-159/5 мекемесіне экскурсияға барды

Қарағандылық мемлекеттік қызметшілер Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесіне қарасты АК-159/5 мекемесіне барып, қамаудағы азаматтардың тұрмысымен танысып қайтты. Экскурсияны облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті ұйымдастырған. Мақсат – мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлықтың салдарын көрсете отырып, оларды адалдыққа және заң нормаларын қатаң сақтауға шақыру.

 

АК-159/5 мекемесінде ауыр қылмыс жасаған жеті жүзге тарта адам жазасын өтеуде. Сотталушылар түрме базасында ашылған кәсіпорындарында еңбек етіп, жұмыстан бос уақытта түрлі мәдени шараларға, үйірмелерге қатыса алады.

– Біздің мекемеде жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу жұмыстары жолға қойылған. Олар арнайы мамандықтар алып, мекеме базасында ашылған кәсіпорындарда еңбек етеді. Кейін бостандыққа шыққан кезде сол мамандығы бойынша жұмысқа тұруына болады, – дейді АК159/5 мекемесінің басшысы, әділет полковнигі Игорь Бендерский.

Қазіргі таңда АК-159/5 мекемесінде 24 кәсіпорын бар. Оларда ұн, нан өнімдері, сабын, темір қоршаулар, тас төсеніштер, жиһаздар және басқа да бұйымдар өндіріледі. Сондай-ақ, көліктерді бояу қызметі де ұсынылады екен. Мәселен, облысымыздағы сары түсті жедел жәрдем көліктерінің барлығын осы мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар бояп шыққан. Бұл кәсіпорындар жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Олар арнайы келісім бойынша мекеме аумағынан өндіріс ошағын ашуға рұқсат алған. Осы арқылы өз кәсіптерін дөңгелетіп, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отыр.

Жазасын өтеушілердің әр қимылы, ішкі жан-дүниесі – психологтардың жіті бақылауында.

− Сотталғандардың қандай көңіл-күйде жүргенін үнемі бақылауға тырысамыз. Ол үшін жеке әңгіме жүргізіп, түрлі тест аламыз. Мәселен, қамаудағы адамдардың салған суреттеріне қарап-ақ, көп нәрсені аңғаруға болады. Бостандықтағы адам күйзеліске түскен кезде таныстарына, достарына мұң шағып, жеңілдей алады. Ал, қамаудағы азаматтарда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, олар психолог көмегіне мұқтаж. Біз әр адаммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, қажет болған жағдайда емдік шаралар қолданамыз, – дейді мекеменің инспектор-психологы Сәуле Араонова.

Экскурсияға облыстық басқармаларда жауапты қызметте отырған азаматтар қатысты. Мекеме мамандары мемлекеттік қызметшілерге тергеу кабинеттерін, жатын орындарды, асхананы, серуендеу алаңдарын және кездесу бөлмелерін көрсетті. Әрине, кинодағы түрме мен шынайы түрменің арасы – жер мен көктей. Мекемеде жазасын өтеушілер үшін барынша жағдай жасалған. Десек те, ұдайы бақылауда болу, темір қоршаулар мен тар дәліз адамның еңсесін басады. Қамаудағылардың көзінде мұң, жүзінде еркін өмірге деген сағыныш бар. Оны көргенде бостандықтың қадірін түсінесің.

Мемлекеттік қызметшілер түрмені аралап, жазасын өтеушілермен кездесу арқылы заң бұзып, жаза басса қандай өмірге тап боларын көрді. Үрейленді. Акцияның мақсаты да осы еді.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мамандары бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табатынын және оған аймақтағы барлық мемлекеттік қызметкерлер қатыстырылатынын жеткізді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ