Мемлекеттік грант – таптырмас мүмкіндік
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша мемлекеттік гранттар конкурсына қатысып, жеңіске жеткен Нұра ауданы, Қарой ауылының тұрғыны Талғат Жүкенов көбік блоктарын өндіретін цех ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.
48 жастағы кәсіп иесінің мамандығы – құрылысшы. Ол өткен жылы “Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, осы саладағы білімін шыңдағынын айтады.
– Бизнес-жоспар жазып, оны сәтті қорғап шықтым. Сөйтіп мемлекеттен 1 миллион 600 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен нысандар алдым. Жақында үйімнің жанында цех ашып, жұмысымды бастап кеттім. Өндірілетін көбік блоктарының көлемі тапсырыстарға байланысты.Қайтарымсыз гранттар өз бизнесін бастағысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтқым келеді, – дейді Талғат Жүкенов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz