Мемлекет ұстанымын айқындайтын құжат
30 тамыз – еліміздің елеулі саяси күндерінің бірі, 1995 жылы дәл осы күні бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның саяси тұрақтылығын, қоғамдық келісімді, экономикалық дамуды қамтамасыз ететін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға кепілдік беретін Негізгі Заң – Конституция қабылданған.
Конституцияның негізіне келісім идеясы салынған, ол адам мен қоғам және мемлекеттің арасындағы адамзат құндылықтарына негізделген келісім болып табылады деп айтуға болады.
Негізгі Заң қабылданған күн – халқымыз бен мемлекетіміз үшін ерекше күн, себебі, ол тарихи жаңа оқиғаларды бекітті. Оның негізінде республика түбегейлі өзгерістердің қиын кезеңінен оңай өте алды. Ата Заңымыз адамзаттың тарихи және жаңа тәжірибесін пайдалана отырып, тек ең маңызды қоғамдық қатынастарды реттеп қана қоймайды, сонымен бірге, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіреді және еліміз бен көпұлтты халқымыздың дамуының негізгі жолдарын айқындайды.
Конституция – мемлекеттің ұстанымын, халықтың құндылығын айқындайтын құжат. Олай болса, Ата Заңды кие ретінде аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгісі.
Бұл ретте мемлекетіміздің дамуына және Негізгі Заң нормаларының сақталуына үлес қосқан Әділет министрлігінің ролін атап өту қажет. Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі қабылдап жатқан нормативтік-құқықтық актілердің барлығы Әділет министрлігінің заң сараптамасынан өтеді.
Ағымдағы жылы біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз, ал осы мемлекеттің және қоғамның өмірінде ерекше орын алатын және тәуелсіздіктің құқықтық тұғырын қалаған, келешектегі еркін және гүлденген еліміздің негізін айқындаушы – Ата Заңымыз.
Өткен ширек ғасыр ішінде ел тәуелсіздігінің шырқын бұзатын қоғамдық қақтығыстар мен саяси дағдарыстарға жол бермей, тыныш өмір кешудеміз.
Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституцияны қатаң ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті мен парызы.
Мұрат ӘБІЛОВ,
«Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,
Қарағанды облысы Әділет департаментінің басшысы.