Жаңалықтар

Мемлекет қолдауы – қомақты

Өткен жұма күні облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Шамиль ОСИН бастаған жұмыс тобы Қарағанды және Теміртау қалаларындағы бірнеше нысанға ат басын бұрды. Мұндағы мақсат – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асу барысын зерделеу.

Сондай-ақ, жұмыс тобы құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары, тұрақты комиссия мүшелері Төреқожа Тілемісов, Евгений Апеисов, Игорь Ахмеев, Еркін Ахметов, сонымен қатар, Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Владимир Быков, облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

  • «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Аталған бағдарлама бойынша өңірімізде 1,5 мың жоба қолдау тапты. Яғни, бұл жобалар негізінде облыс экономикасына 172 млрд. теңге құйылды. Өз кезегінде, бағдарламаға қатысушылар осы мерзім аралығында ел қазынасын еселеп, 20 млрд. теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламаның әлеуметтік әсерін де айта кету қажет. Өңірімізде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 70 мыңнан астамы сақталды. 1,5 мың жобаның барлығы бірдей гүлденіп кетпесі белгілі. Сондай 8-9 жоба бар. Бұны көп деуге келмес. Алайда, несиені қайтара алмаған әр жоба иесімен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Әркімнің жағдайы әрқалай. Оны да ескеру қажет, – деді Татьяна Аблаева.

Қош. Сөйтіп, халық қалаулылары алдымен Теміртаудағы машина жасау және металл өңдеумен айналысатын «Инкар-І» ЖШС-іне табан тіреді. Қосалқы бөлшектермен қатар, мұнда өндіріс кешендеріне қажет әзірленуі аса күрделі тетіктер де жасалады.

  • 2012 жылдан бері мемлекеттік қолдауға ие болып келеміз. 2012- 2014 жылдар аралығында 45 млн. теңге несие алдық. Бұл қаражатқа жаңа жабдық сатып алумен қатар, өндіріс алаңын тұрғызып, әкімшіліктұрмыстық кешен мәселесін шештік. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 70 млн. теңге көлемінде несие алып, цех қабырғасын тұрғыздық. Өткен жылы аталған цех іске қосылып, ірі де қиын тетіктерді жасау мәселесі шешімін тапты. Яғни, мемлекеттік бағдарламаның кәсіпкерлерге берері мол дегім келеді, – деді «Инкар-І» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Дмитрий Торғаев.

Бұдан әрі комиссия мүшелері Пришахтинскідегі «Одарешка» және «Ақжарқын» балабақшаларын аралап көрді. 360 орынға негізделген «Одарешкада» бос орын жоқ.

  • Мемлекеттік қолдауға балабақшаны қалпына келтіру кезінде ие болдық. Бұл жұмыстарға қажетті бес жыл көлемінде бөліп төлеуге болатын 100 млн. теңге сомасында несие алғанымызбен, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» тарапынан субсидиялау да ескерілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша алғашқы қолдау – осы. Сондай-ақ, қазір балабақща толықтай мемлекеттік тапсырысты орындайды. Яғни, ата-аналар мемлекеттік балабақшадағыдай бала тамағына ғана 11000 теңге төлейді. Қалған 26000 теңгені субсидия ретінде мемлекет төлеуде. Осы күні балабақша қаламыздағы үздік 10 балабақшаның қатарында, – деді қос балабақшаның құрылтайшысы Гүлнара Смайылова.

Сондай-ақ, комиссия мүшелері облыс орталығындағы полипропиленнен – қос қабатты гофрланған құбырлар, полиэтиленнен – ыдыстар, майтұтқы, жол блоктары мен конустар, балалар ойын кешендерін жасаумен айналысатын «КазПласт» ЖШС-ында да болды. Бұдан әрі «Глазолик» офтальмология орталығының қызметімен танысты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button