Мемлекет басшысы Ерлан Қошановты қабылдады
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫ қабылдады, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен дамудың алдағы перспективалары туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының маңызы зор екенін атап өтіп, газбен қамту мәселесіне, сондай-ақ, Теміртау қаласының экологиялық ахуалына айрықша тоқталды.
Облыс әкімі Елбасыға Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
– Сіздің еңбекақы мөлшерін көтеру жөніндегі бастамаңызды облыстағы барлық ұйымдар қолдады. Бұл бастама биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 220 мыңнан астам жұмысшының еңбекақысын 14 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, негізгі коммуналдық қызметтердің тарифтері 5-11 пайызға дейін төмендейтін болады, – деді Е.Қошанов.
Кездесу соңында Елбасы кенді аймақты одан әрі өркендету, оның ішінде Қарағанды қаласының құрылысына қатысты мәселелер жөнінде бірқатар тапсырма берді.