ЖезқазғанКоронавирус

Мейрамхана шеберханаға айналды

Бірнеше мейрамханасы бар жезқазғандық бизнесмен Ернар Ахметов ерледі. Ол карантин кезінде барлық қызметкерінің орташа жалақысын сақтап қана қоймай, тағы бір азаматтық танытты.

Коронавирустың кесапатынан тойхана біткеннің жұмысы тоқтатылғанда қалада бетперденің тапшылығынан хабардар ол игі істі қолға алды. Бес тігін машинкасын сатып алып, мейрамханада жұмыс істейтін жиырма шақты қыз-келіншекті бетперде тігуге отырғызды. Жұмыс таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі сағат тоғызға дейін толастамайды.

Алғашқы күні тігілген 150 дана бетпердені еріктілер тобы, қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жұртшылыққа тегін таратты. Келесі кезекте қалалық полиция қызметкерлерін толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Келешекте бетпердені қала тұрғындарына тегін тарату одан әрі жалғасады.

Тек шикізат жағы қолбайлау болатын түрі бар. Дәке тапшы, ал, бөздің бағасы екі есеге қымбаттап кеткен. Сондықтан, Ернар Ахметов Түркістан жағындағы әріптестеріне тапсырыс беріпті.

Орайы келгенде айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында ол тұрмысы төмен бес отбасыға азық-түлік жағынан жәрдемдесті. Карантин мерзімі ұзаратындай жағдай болса, сондай 2-3 отбасын толық қамқорлығына алуды көздеп отыр.

Әлібек ӘБДІРАШ,

“Орталық Қазақстан”.

 

Басқа материалдар

Back to top button