Бас тақырып

Мейірімділік мекені

Отбасы болған соң шыны-аяқ шылдырамай тұрмайды. Бірақ соның бәрін ақылға салып, шаң-шұң мен ұрыс-керіске ұластырмай, сабамыз­ға түсіп, тоқтала қалсақ, қане… Осыдан келіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алатыны да жасырын емес. Оның себептері де сан түрлі. Бір өкініштісі, осы әрекеттердің көбісі ерлер тарапынан әйелдеріне қарсы бағытталып, бала-шағасының берекесі кетеді.

Суретті түсірген автор

Міне, осындай жағдайға ұшыраған жандарға қол ұшын созып, дер кезінде қамқорлық көрсетіп, дәрмен беру бүгінде өзекті мәселе болып отыр­ғанын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап айтып, осы 15 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» рес­публикалық акциясы өтуде.

Дәл осы акция аясында Теміртаудың ескі қала бөлігінде облысымызда бірінші рет дағдарыс орталығының ашылуын қала тұрғындары қуана құптап, қарсы алды. Оның 30 қарашада өткен ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков бұл дағдарыс орталығы келешекте қоғамдық ортада мұндай келеңсіз көріністерге жол берілмей, оның алдын алуға септігін тигізуі мүмкін екенін атады. Сол үшін қалалық әкімдік қолдан келгенше қолдау танытып, орталық жергілікті бюджеттен қаржыландырылатынын жеткізді.

Осыдан кейін Ораз Тәуірбеков пен оның орынбасары Самат Зияшев аталған 2 қабатты орталықты бас­тан-аяқ аралап көрді. Аумағы 1 мың шаршы метр болатын бұрынғы наркологиялық диспансердің ғимараты бюджет қаражаты есебінен жөнделіп, ондағы 16 жатын бөлмесі, тынығу және ойын бөлмелері керек-жарақтың бәрімен жабдықталыпты. Ол қазірде отбасылық өмірінде зәбір, жапа көрген 50 әйел мен баланы 1 жылға дейін осында уақытша тұруға қабылдай алатын көрінеді. Оларға, осы дағдарыс орталығының директоры Әсел Нәбиеваның айтуынша, психологиялық, медициналық, заңгерлік көмек көрсетіліп, күніне 4 мезгіл тамақ беріледі. Орталықтың 30 адамнан жасақталған ұжымы сол күні қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жолдамасымен келген 4 әйел мен 6 баланы қабылдап, бөлмелеріне орналастырып жатты. Теміртау қаласының Ақсақалдар мен аналар алқасының өкілдері Қоңыр Мақатова мен Балқия Нәбиева осы көгенкөз бүлдіршіндерге ойыншықтар мен тәтті-дәмді тарту етіп, олардың жабырқау көңілдерін бір жадыратып тастады. Мұнда болған уақытында бұлардың құжаттары реттеліп, жұмысқа тұруы мен балаларының балабақша мен мектепке орналасуына тиісті жәрдем жасалып, егер ол шешіле қоймаса, тағы да жарты жыл тұра тұруына рұқсат етіледі екен.

Жаңадан ашылған дағдарыс орталығының жұмысымен танысып, аралап шыққаннан кейін қала әкімі Ораз Тәуірбеков бұл жерде тұратын балалардың мектепке қатынап оқуы үшін көлік бөлу жағын қарастыруға уәде беріп кетті.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button