Мейірім мейрамы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қасиетті құрбан айт күні алғашқылардың бірі болып, qurban2021.kz сайты арқылы құрбандық шалды. Аймағымызда да мерекенің алғашқы күні Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА бастаған бір топ дін қызметкерлері құрбандық малына бата жасады.
Өмірзақ қажы Бекқожа діни рәсімнен бұрын қауымды ұлық мейраммен құттықтап, Құрбан айт мерекесінің берекеті мен қайырымы жайлы сөз қозғады.
– Жағдайы бар адамға Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен, хикметтері бар. Дегенмен, негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет», – деп құрбан шалудың Құрандағы қасиетімен бөлісті бас имам.
Құттықтаудан соң бас имам ел мен жердің амандығы үшін дұға жасады. Індеттен көз жұмған марқұмдарға құран бағыштап, Жаратушыдан ауырып жатқан жандардың айығуын тіледі. Төбемізден төніп тұрған індеттің іргесі сөгіліп, мамыражай күнімізге аман жетуімізді сұрады.
Облыстық «Әнет баба» мешітінің ұйымдастыру мен үйлестіру жұмыстары жоғары деңгейде екенін атап өту керек. Дін қызметкерлері жұмыла жұмыс істеп, мерекенің алғашқы күні атап айтарлық еңбек сіңірді. Бастысы, жұмыс барысында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланды.
Кешегі есеп бойынша арнайы жұмыс тобы қала бойынша 1687 мұқтаж отбасыға құрбандық етін жеткізді. Яғни, шаһар бойынша 12 560 келі ет теңдей үлестіріліп берілді. Шалынған құрбандық тиісті тапсырыс иелеріне есеп ретінде фото, видео арқылы жолданып отырды. Мамандардың айтуынша, qurban2021.kz сайты арқылы қашықтан құрбан шалуға әлі де тапсырыс берушілер көп. Ал, қасапшылардың жүйелі жұмысына риза болған құрбан шалушылар телефонмен ризашылықтарын жеткізіп, тілектерін жолдауда.
Сонымен қатар, Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай белгілі меценат Ерлан Зайроллаұлы облыстағы мешіттерге 2500 дана құран кітап қоятын тақтайшаны сыйға тартты. Мешіт күмбездерінің жаңаруына көмектесті. Бұған дейінде атымтай азаматтың демеушілігімен Түркиядан мешіт ішіне төселетін кілемше алынып, қаладағы бірнеше Алла үйіне үлестірілген болатын. Міне, Құрбан айт тек, құрбан шалудың ғана емес, ізгілік пен мейірім мейрамы екенін осыдан көреміз. Алла үйіне үлкен сый жасаған жомарт жүректі азаматтың Алла ниетін қабыл етсін!
Қасымхан ҒАЛЫМ.