Жаңалықтар

Мейір ТӨЛЕУБАЙ: «Ол күндерді ұмыту мүмкін емес»

1986 жылдың желтоқсаны. Алматыда жастар көтеріліске шыққаннан кейін қарағандылықтар да қол қусырып отыра алмады. Іштегі ыза – біреу. Мақсат – айқын. Тек, соңы не боларын ешкім білмейді. Бойды кернеген күштің жетегімен жатақханадан қашып шыққан студенттер Гагарин алаңын бетке алып келеді. Алаңға шыққандардың қатарында Мейір ТӨЛЕУБАЙ да бар еді. Артынша билік осы әрекеті үшін қара тізімге іліп, оқудан шығармақ болыпты. Сол жылдары кері қайтарып, Мейір ағамен аз-кем әңгімелескен едік. Бізге айтқанын қаз-қалпында ұсындық…

Суреттегіледің басым бөлігі митингке қатысқан. 1 қатарда оң жақтағы Қойлыбай Асанов. Сол жақтағы Жазыбек Ештанаев. 2 қатарда Боташ Дайыров. 3 қатардағы сол жақтағы Мейір Төлеубай.

19 желтоқсанда Гагарин алаңына жастар митингке шықты. Одан хабарымыз жоқ. шыққаны һәм ертең жалғасатыны құлаққа жетті. Гагарин алаңы – Ерубаев-Абай көшесінің қиылысы. Кезінде сол жерде үлкен алаң болатын. Мен сол уақытта ҚарМУ-дың І курс студенті едім. Төлеген Смайлов ұстазымыз бізге: «Балалар, ол жаққа бармаңдар. Бірдеңеге ұрынып қаласыңдар» деп ескертті. Ол кезде жалғыз қазақ тобы едік. 25 студенттің 5-еуі ұл. Сонымен, ертең алаңға 20 бала шықпақшымыз. Қатарымызда Қойлыбай Асанов, Жазыбек Ештанаев, Боташ Дайыров есімді достарым бар.

20 желтоқсан. Бәріміз сабақта отырмыз. Жетекшіміз келіп, алаңға шықпауымызды өтініп жүр. Соған қарамастан, сабақ бітісімен «Университет» аялдамасынан №25 автобусқа отырып, Гагарин алаңына тарттық. Кенет автобус ішіндегі бір жас жігіт «Гагарин алаңында емес, мына жерде болады» деп «Хлебзавод» аялдамасын көрсетіп, өзі бізбен бірге түсті. Сөйтіп, обкомды бетке алдық. Қазіргі Назарбаев даңғылы №37 үй ғимараты кезінде педучилищенің жатақханасы болатын. Сонда бәрі жиналыпты. Жедел жасақ қызметкерлері шеңбер жасап тұрып алған. Қандай жағдай болмасын – әзір. Қару-жарағы сайлаулы. Жиналғандар соларға қарсы наразылық білдіруде. Оларды жағалай тағы да әскерилер қоршап алған. Жолдың бәрін өрт сөндіргіш көлік, автобустармен жауып тастаған. Біз ортаға өтпек болып едік, «Ты куда?..» деп кеудемізден итеріп жіберді. Іркіліп қалдық. Сонда, Қойлыбай досым жолды кес-кестеп тұрғандарды итеріп, қағып, ортаға қарай жүгірді. Бір кезде әр тұстан «Пустите» деген дауыс естілді. Не ойлағандарын білмеймін, әйтеуір бәріміз қаумалай ортаға өттік. Сөйтсек, мұнда адам қаптап жүр. Санап жатқан ешкім жоқ қой. Көз мөлшермен 500-ге жуық деп топшыладық. Алаңға шыққандардың басым бөлігі – қыздар. Ол кезде Қарағанды – Алматыдан кейінгі үлкен қала. Жан-жақтан басы қосылған студенттер көп. Алматыда болған митингіні естіген соң, бұл жақтағы оқу орындарының жатақханаларына күзет қойып, жауып тастаған. Шерудің алдын алу мақсатында жасаған амалдары ғой. Сол себепті, алаңда ұл аз.

Алдыңғы қатарда тұрғандар наразылықтарын айтып, айқайлауда. Ал, оларды тыңдап тұрған ешкім жоқ. тек арасында лауазымы жоғары біреу болса керек, «Идите. Учите уроки» деген сөзден басқа ештеңе айтпайды. Шамалыдан соң, «Хватайте их…» деп біреу қолын сілтей бұйырды. Жоғарыдан бұйрық түссе керек. Жасақ құдды осы бұйрықты күтіп тұрғандай, дауыс естілген бойда жұртқа лап қойды. Алдына келгеннің бәрін қолын қайырып, автобусқа тығып жатыр.

Осы апақ-сапақта жанымдағылардан «Қарсылық танытқандарды соққыға жығып жатыр» деген сөзді естіп қалдым. Боташ екеумізді және еріп келген қыздардың бір бөлігін автобусқа тиеді. Автобуста екіге бөлініп, есікті тіреп тұрып алдық. Сондағы ойымыз ішке басқаларды кіргізбеу. Еркек кіндік Боташ екеуміз ғана. Терезеден сыртқа көз тастап ем, бір жігітке көзім түсті. Өзі дәу. Әлгілердің әлі жетпей, 5-6 жігіт әзер көтеріп барады. Әлі есімде, қара шуба киген. Малақайы домалап, әркімнің аяғының астында қалды.

Осы уақытта босаңсығанымызды пайдаланып, қаумалап тұрған әскерилер ішке лап қойды. Артқы есіктен де кірді. Боташ екеумізді өңменімізден қойып қалып, шалқамыздан құлатты. Ал, қыздарды артқа лақтырды да, «Идите» деп бұйырды. Есік тарс жабылды. Белгісіз бағытқа кете бардық.

Шамалыдан соң автобусты Михайловкадағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратына тіреп қойды. Қоршаған әскерилер тырп еткізбей үлкен акт залына әкеліп отырғызды. Сөйтті де, жеке-жеке шақырып, тергеді. Ұсталғандардың ішіндегі біреуі бізге қарап, «Митингіге біздің қатысымыз жоқ. өз жөнімізбен кетіп бара жатқанбыз» деңдер деп жымиды. Біз ойланым қалдық. «Коммунистік партия – қамқор әке» деп сеніп жүрген шағымыз ғой. Бұлай боларын кім білген?..

Намыс жібермей, митингіге шыққанымызды айттық. Сонымен, әрқайсымызды 2-3 мәрте тергеп шықты. Сөйтіп, ақ костюм-шалбар киген шенді біреу «Мальчики останутся, девочки пусть уедут» демесі бар ма? Тағы да тергеу басталды. Алған бетімізден қайтпадық. Алғашқы сөзден айнымай қалай бар, солай айттық. Ақыры сағат 17:00 шамасында қайтарды. Онымен қоймай, бізді оқу орнынан мұғалім шақыртып, ертіп жіберді. Бірден деканатқа әкелді. Ол кезде факультет деканы Болат Байтанаев. Көңіл-күйі жоқ, бізді үнсіз қарсы алды. Сонда бізді кіналап бір ауыз сөз айтпады. Бар болғаны «Әй, балалар, байқамайсыңдар ма?» деді де, әрқайсымыздан «Біздің ешқандай қатысымыз жоқ, шаруамен жүргенбіз» деп түсінік жаздырып алды. Міне, Болат Әбішұлы осындай азамат еді…

Ертесінен бастап, қарауыл саны көбейді. Жатақханадан екі елі аттап шыға алмадық. Соған қарамастан, жатақханада бірге тұрған Қайрат Жүнісұлы терезеден шығып, алаңға барып келіп жүрді. Ал, бізді күзет бақылап жүр. Онымен қоймай, қара тізімдеміз. Қайраттың жанына еріп бара алмадық. Ал, кешкісін ол әңгімесімен бөліетін. Алаңға шыққан халықтың саны алғашқыдай емес, азайған көрінеді. Өздері милиция келген уақытта қашып кетіп жүрген. 19-ында басталған оқиға 22-іне дейін созылған. Бізден бөлек, митингке жатақханадан қашып шығып, қатысып жүргендер көп.

Кейін байқасақ, ҚарМУ-дан талай студент алаңға шығыпты. Оның ішінде, «Ұлттық көзқарастағылар» деп 67 жасты ұстаған. 11-ін оқудан шығарып, физика және математика тобынан Раушан Алиеваны 1 жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, аяқ киім фабрикасынан Райса Сәрсембекованы – 2, мединституттан Жанат Досанова, Гүлден Мусина, Әлия Еркінбекованы – 1,5 жылға жапты. Мединституттан 44 студент ұсталса, 28-ін оқудан шығарыпты. Ол уақытта ҚарМУ-дың оқытушылар құрамының басым бөлігі қазақтар еді. Керісінше, бізді барынша арашалап бақты. Ал, мединститутта қазақ оқытушыларының үлесі аз болғандықтан, студенттерге жанашырлық таныта алмаса керек.

Міне, сол оқиғадан қаншама жыл өтті. Бірақ, менің санамда әлі сайрап тұр. Себебі, ол күндерді ұмыту мүмкін емес.

Жазып алған Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button