Жаңалықтар

Машина жасау зауыты – маманға зәру

               Бұл туралы кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан ӘБДІРОВ пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар БИЖАНОВА жұмыс сапарымен Қарағанды құю-машина жасау зауыты (ҚҚМЖЗ) – «Maker» ЖШС-де болған кездесу барысында айтты.

«Maker» ЖШС басшылығының айтуынша, зауыттың тиімді түрде жаңартылуының нәтижесінде 100-ге жауық жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар жетіспеуде. Бұл мәселені шешу мақсатында зауыт басшылығы ҚарМТУ және Алматы технологиялық университетімен меморандум жасасқан. Мұндағы мақсат – білікті кадрларды даярлап шығару. Себебі, күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын цифрланған заманауи технологияны кез келген жоғары оқу орны түлегі алып кете алмайды. Өткен жылы қос білім ордасының «Машина жасау» факультетінде тәлім алатын 102 студент аталған зауытта тәжірибеден өтіпті. Бұдан бөлек, зауыт басшылары шетелден жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алатын жас мамандарды да даярлауда. Бұл ретте, білім беруге рұқсат ететін лицензия, шет мемлекеттерден келген оқытушылар, оқыту барысында керекті компьютерлер тағы бар. Басшылардың айтуынша, 1 маманды даярлап шығаруға кем дегенде 5 мың еуро жұмсалатын көрінеді.

Өңірімізге 10 күнін арнаған халық қалаулылары осы уақыт аралығында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысып, түрлі ұйым қызметкерлерімен кездеспек ойда. Бұл кездесулердің басты мақсаты – Конституциямызда белгіленген заңдардың шынайы өмірде жүзеге асу аясын зерделеп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру сондай-ақ, үкімет сағатына  ұсыныстар әзірлеу.

Кездесуге қатысушылар қатарында аталған зауыт басшылығы мен «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, БАҚ өкілдері болды. Алдымен, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарына «Maker» ЖШС мамандары әзірлеген арнайы слайд таныстырылды. Үлкен экраннан көрсетілген слайд – зауыттың даму барысы мен жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары туралы мәліметтерді қамтыды. Айта кету керек, бұл зауыт – өңіріміздегі машина жасау саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі – тау-кен шахта құрал-жабдықтарын жасау мен жөндеу, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарын қосалқы бөлшектермен және машина жасауға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.

«Өнімділік – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Қарағанды құю-машина жасау зауыты (ҚҚМЖЗ) – «Maker» ЖШС жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ бағдарламасының операторы қолдап, құны 7,9 млн. теңгені құраған кешенді жоспар әзірлеу шығынын өтеді. 2015 жылы қолға алынған жоба 2018 жылға дейін жүзеге асырылады. Құны – 13,7 млрд. теңгені (оның ішінде меншікті қаражат – 4,2 млрд. теңге болса, қарыз – 9,5 млрд. теңге) құрайды. Жоба – кәсіпорынның станок паркінде өндірілетін өнім сапасы мен санын арттыруды көздейді. Бұл ретте, зауыттың неғұрлым заманауи роботтық құрал-жабдықпен жаңартылуы мәселесінде «БРК-Лизинг» АҚ қолұшын созып, қаржыландырған.

Бүгінгі күні 11,5 млрд. теңге сомасына 287 бірлік негізгі, қосымша және өлшеуіш құрал-жабдық орнатылып, пайдалануға берілді. Нәтижесі де көп күттірмеді. Егер 2015 жылы зауытта 3495,7 мың тонна өнім өндірілсе, өткен жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында бұл көрсеткіш – 6266 мың тоннаға дейін жетті.

Зауыт қызметімен таныстыру жұмыстарынан кейін, депутаттар қосалқы бөлшектер әзірленетін цехты аралап, жаңа құрал-жабдықтарды көріп-білді. Зауыттың даму барысына қатысты өз ойларымен бөлісіп, дайын өнімдерді экспорттау мәселесін де тілге тиек етті.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button