Марафон мәресінің күні жақын

«ЭКСПО» көрмесі қарсаңында, 3 маусым күні Қарағанды қаласында алғаш рет марафон ұйымдастырылады.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова, олимпиада ойындарының қола жүлдегері, жеңіл атлетикадан ОРМБЖСМ директоры Дмитрий Карпов, Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының директоры Ерден Балтабайұлы марафон жөнінде кеңінен тоқталды.

«Арманға жол» марафонын ұйымдастырудың маңызы жоғары. Шараға кез келген адам қатыса алады. Қатысушылар қалауы бойынша өзіне ыңғайлы қашықтықты таңдайды. Ең ұзын дистанция – «Арманға жол» 21 шақырымға белгіленді. «Спутник» маршрутының қашықтығы 10 шақырым болса, «Дружба» дистанциясы 5 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, марафонда балаларға арналған бір шақырымдық «Балапан» дистанциясы болады. Сайыстың жүлде қоры да қомақты. Жалпы жүлдеге бюджеттен 1 905 000 теңге қарастырылды. Қолдау білдіріп отырған мекемелер мен кәсіпкерлер де бар. Қаржылай сыйлықтармен әр санаттар бойынша мәреге алғашқы болып келген он адам марапатталады. Ең көп сыйақы мөлшері 300 000 теңгені құрайды. Бұл сома «Арманға жол» марафондық дистанциясы бойынша жеңіске жеткен желаяққа беріледі.150 000 теңге 10 шақырымдық қашықтықта үздік көрсеткішке қол жеткізген марафоншыға табысталады. Бес және бір шақырымдық дистанцияларда алғашқы болып келгендерді 50 000 және 10 000 теңгеден қаржылай сыйлық күтіп тұр. Барлық қатысушыларға арнайы сертификат бар, – деді Наталья Сухорукова.

«Арманға жол» марафонына көрші елдер Ресей мен Қырғызстан да қатысады деп күтілуде. Қазірдің өзінде 425 адам шараға қатысуға ниет білдірген.

Нұрдос КӘРІМ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.