Спорт

Марафон мәреге жетті

Ел егемендігінің 30 жылдығына арналған «Қарлы қыс – 2021» XXXI облыстық қысқы ауыл спартакиадасы және облыс қалалары арасында «Ақ қыс-2021» ХVIII қысқы онлайн спартакиадасы мәресіне жетті. Бір қызығы, спортшылар бақтарын онлайн сынап, қашықтан сайысты.

Спортшылар бес күн бойы спорттың үш түрінен, яғни Қысқы Президенттік көпсайыстан, шаңғы жарысынан (эстафета), конькимен жылдамдыққа жүгіруден жарысты.

Спартакиаданың бас төрешісі Гүлнәра Әліқұлованың айтуынша, жарыс онлайн болса да, тартысты өткен. Жарысқа қатысушылардың қарқыны қуантыпты.

Әлемге жайылған індетке байланысты биыл жарыс өзгеше түрде өтсе де, қызықты болды. Әр қала, аудан, ауыл белсенді қатысты. Қысқы спартакиада облыстың бас сайысы ғой. Не десек те, Қарағанды спорты осындай сайыстар арқылы қанат жайып келеді, – деді бас төреші.

Онлайн бәсеке қорытындысына келсек, «Қарлы қыс – 2021» бәсекесінде Абай ауданы тағы жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейік, Абай ауданы 2012 жылдан бері осы спартакиада да қара үзіп келеді. Тек, 2019 жылы ғана II орын иеленіп қалған. Сонымен, II орынды Бұқар жырау ауданы, III орынды Ақтоғай ауданы иеленді.

Ал, «Ақ қыс – 2021» сайысында Қарағанды қаласы биіктен тағы да көрінді. II орынға Саран қаласының спортшылары, III орынға теміртаулықтар жайғасты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапатты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев пен жарыстың бас төрешісі Гүлнәра Әліқұлова табыстады.

Спорт қоғам алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Соның ішінде маңыздысы – дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа қолайлы мүмкіндіктер туғызу. Осы арқылы барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, сөйтіп, өмірлерін ұзартуына жағдай жасау. Бұл – осы мақсаттарды көздеген облысымыздағы бәсі биік спорт сайысы. Барлық жүлдегерлерді жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, осы шараға атсалысқан спорт бөлімінің басшыларына алғыс білдіремін, – деді жарысты түйіндеген Темірхан Абылаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button