Мамандар тұрақсыздығы байқалады

2019 жылғы қаңтаржелтоқсанда облыстағы ірі және орта кәсіпорындарға 69,6 мың адам жұмысқа қабылданса, одан әрбір екінші қызметкер өнеркәсіп кәсіпорындарына орналасқан.

Осы кезеңде түрлі себептермен 69,9 мың адам жұмыстан босатылған. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жұмыстан шыққандар арасында өз еркімен кеткендердің үлесі – 73,6%. Ал, еңбек тәртібін бұзған, лауазымына сай емес немесе біліктілігінің жеткіліксіздігі нәтижесінде, жұмысына сәйкессіздігіне байланысты– 2,4%, персонал санының қысқартылуына және кәсіпорынның таратылуына орай жұмыстан кеткендер – 2,1%-ды құраған. Басқа себептер бойынша, тараптардың еркінен тыс жағдайларға, келісім-шарт мерзімінің аяқталуына, ауысу және тағы да басқа себеппен жұмыстан кеткендер – 21,8% шамасында.

Қарағанды облысының ірі және орта кәсіпорындарында желтоқсан айының соңында бос жұмыс орындар саны 3037 бірлікті көрсеткен. Бос орындар санының ең жоғары үлес салмағы өнеркәсіп кәсіпорындарына (31,7%) және әкімшілікбасқару, шаруашылық және өзге де қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметті (20,3%) қамтиды.

Өз тілшімізден